Әрбір іске жүйе керек

Өңірде іссапармен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында жұртшылықпен кездесті. Жиынды облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев ашты.

Халық қалаулысы Бейбіт Мамраевтың айтуынша, бүгінде мектептерде мұғалім тапшы. Дене тәрбиесін орыс тілі пәнінің оқытушысы оқытқан жәйттер де кездескен екен. «Ұстаздық мамандықты таңдаған талапкерлер бірыңғай ұлттық тестілеуде 80 ұпайдан жоғары жинауы керек. Осы мәселеге назар аударыңыздар» деді ол.

Өткен жылы VІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісі 81 заң жобасын қабылдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман айтып өтті. «Осы іссапар барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездестік. Елдің жағдайының жоғарылығын орташа жалақының 19 пайызға өскендігінен көруге болады. Атырау облысы барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда келеді. Мұнайлы мекеннің мемлекеттік тілге көзқарасы  жақсы әсер қалдырды, облыс орталығы көшелеріне ілінген жарнамалық, өзге де ақпараттық билбордтар түгел мемлекеттік тілде жазыл-ған екен. Солтүстік аймақтың тумасы болғандықтан ба, мен бұл таңданысымды жасыра алмадым» деп жалғады ол сөзін.

Мәртебелі меймандардан кейін кезек сұрақтар мен ұсыныстарға берілді. Облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева порталдың «жыры», таныс-тамырсыз ауруханаға жатып ем алудың машақаты, жедел жәрдем қызметіне қатысты проблемалық мәселелердің түйінін тарқатты. «Алдымен, педиатр мамандығын жойдық, енді қайтадан қолға алып жатырмыз. Мұндай эксперименттерді  медицина саласына тықпалаудың қажеті жоқ» деген Әлия Байжанқызы инсульт, кардио, онкоаурулардың да көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді.

«Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Сейітқалиев қабылданған заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарының ақсап тұрғанын айтты. «Жас отбасыларға арзан бағамен берілетін баспана мәселесі қаралса» деген ұсынысын да жеткізді. Замандасының ойын қолдаған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи да қандай да бір бағдарламаларды қабылдамас бұрын қоғамды алдын ала дайындаудың қажеттігін және жауын-шашын салдарынан құлап тұрған немесе апатты үйлердің тұрғындарын тегін баспанамен қамту жайын қозғады.

Ал, «Медикер» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Айбек Ғабдуллин порталға қатысты шуды медициналық менеджменттің төмендігімен байланыстырып, осы мәселені қолға алуды халық қалауларына ұсынды. Депутаттар да жиында көтерілген әр пікір мен ойдың маңыздылығын айтып, тиісті министрлік назарына жеткізетіндіктеріне сендірді.

Рита Өтеуғали

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*