ӘР ҚҰЖАТТА – АДАМ ТАҒДЫРЫ

Биыл туғанына жүз жыл толғалы отырған Құрманғали Доғалақов Астана (бұрынғы Ақмола) қаласында дүниеге келген. 1941 жылы Отан қорғауға аттанып, танк бригадасының механик-жүргізушісі болады. Елге жеңіспен оралған соң Гурьев (Атырау) қаласындағы Қазақ драма театрында еңбек жолын жалғастырады. Өмірінің соңына дейін қазақ, кеңес, шетел драматургтерінің қойылымдарында басты рөлдерді сомдаған сахна шебері, әрі режиссер. Өнердегі елеулі еңбегі үшін КСРО, КСР-дің көптеген медальдары мен Құрмет грамоталарына ие болған. Оның жеке құжаттарын саралағанда, шығармашылық ғұмырын туған халқына қалтқысыз арнағанын байқаймыз.
Сондай-ақ, Жігер Карин Меңтайұлының жеке құжаттарымен танысқанда оның облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуда елеулі еңбегі барын көруге болады. 1960 жылы Луначарский атындағы Астрахан мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген ол дәрігерлік қызметін Атырауда бастайды. Облыстың алғашқы анестезиолог-реаниматологы, әлемдік, одақтық симпозиумдарға, ғылыми конференцияларға қатысқан. Қалалық, облыстық және өкпе ауруларына қарсы ауруханалардың бас дәрігері, 1985-1992 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының денсаулық ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халық депутаттары облыстық кеңесінің әлденеше рет депутаты болған. 2004 жылы өмірден өткен.
Айтпағымыз, бүгінгі және келер ұрпақ аймақтың әлеуметтік, мәдени дамуына зор үлес қосқан осындай азаматтардың өмір, еңбек деректеріне қатысты құжаттарымен мұрағат қорынан таныса алады.

Райса ТАСТЕМІРОВА,
облыстық мұрағаттың бөлім бастығы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*