«Әр адам сөзіне жауап береді»

 

Бұдан былай зорлыққа ұшыраған балалардың суреттерін немесе бейнежазбаларды БАҚ-та ашық жариялауға тыйым салынуы мүмкін. Бұл мәселе Парламент Мәжілісіне ұсынылған «ҚР Ақпарат және коммуникация туралы» заң жобасында қарастырылып отыр. Тексерілмеген ақпаратты таратуға да нүкте қою көзделуде. Тіпті, әлеуметтік желілер де ақпарат құралдарына теңеліп жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жамбыл Ахметбеков заң аясындағы жаңалықтармен бөліседі.

Эксклюзивті сұхбат

– «ҚР Ақпарат және коммуникация туралы заң» жобасының басты жаңалықтары неде?

– Мәжілістің қарауындағы аталған заң жобасы бойынша екі жүзден астам түзетулер ұсынылып отыр. Ашып айту керек, бұл өзгерістердің барлығы қоғамдағы қажеттіліктерге байланысты туындады. Мәселен, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметін жетілдіру, эфирдегі жарнамаларды реттеу жөніндегі ұсыныстар назарға алуды қажет етеді. Әрине, мұның барлығы заң жобасын  талқылау барысында қаралып, мұқият зерделенеді. Және журналистердің де пікірлері ескерілетіні сөзсіз.

–  Жобада кез келген адам туралы қандай ма жеке ақпарат тарату үшін журналистерге рұқсат алу міндеттеліп отыр. Бұл процесс қалай жүзеге асады?

– Оның қалай жүзеге асатынын заң жобасы қабылданған соң тәжірибеде көрерміз. Заң жобасындағы журналистер үрке қарсы болып отырған «азаматтың жеке құпиясы», «отбасылық құпия», «медициналық құпия», «банктік құпия» ұғымдары біздің отандық заңнамамызда бұрыннан да бар нормалар. Олар журналистік қызметке кедергі кел-тіреді деп есептемеймін. Заң жобасын бізге Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсынды. Жобаны әзірлеу барысында бұл мәселелер журналистік орта назарынан тыс қалды дегенге сену қиын.

Әлеуметтік желілердегі посттар, пікірлер қалай сұрыпталады?

– Қоғамдағы қилы жағдайлар, терроризммен күрес мәселесі әлеуметтік желілердегі пікірлерді де қатаң бақылау қажеттігін көрсетіп отыр. Қазір біз гибридтік, яғни, ақпараттық соғыстың өршіген заманында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттық алаңды образды түрде ағашқа теңесек, бір сіріңкенің көмегімен тұтас орманды өртеп жіберуге болатыны ақиқат. Оның үстіне, желі біткендегі деректерді сұрыптау күнде болмаса да, арагідік айтылып жүрген сыңаржақ пікірлердің біржола тоқтауына әкелуі мүмкін. Әйтпесе, «ақпарат кеңістігі өсек-аяң алаңына айналып кетті» деген пікірлердің қаптауына көп жағдайда, журналистердің әлеуметтік желілердегі тексерілмеген мәліметтерді пайдалану дерегі ықпал етуде. Демек, дәстүрлі медиа кеңістігімен, жеделдігімен бәсекеге түсіп келе жатқан әлеуметтік желілерде де әр парақша иесі өз сөзіне, таратып отырған қандай ма бір мәліметіне жауап беруі қажет.

Эксклюзивті сұхбат2

– Заң жобасын «антижурналистік» деп бағалап жатқан сарапшылар да бар…

– Өз басым мұндай бағалаумен келіспеймін. Заң жобасын Парламент қоржынына әкелер алдында бұл мәселелердің қай-қайсысы да тәжірибелі журналистердің, сарапшылардың   талқылауынан өтті. Парламенттің талқысына енді ғана түскен заң жобасын жетілдіру үшін депутаттар да өз үлестерін қосатын болады.

Қазақстандағы ақпарат кеңістігінің 84 пайызы жазба БАҚ-қа тиесілі. Ал, 8,8 пайызын электронды БАҚ, 7,2 пайызын ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар құрайды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*