ЖЫЛЫ СӨЗ – ЖАНҒА ДАУА

«Үлкейгенде үйдей пәле жабысады» деп аталарымыз айтқандай, расында да, жасы ұлғайған адамның ыңқыл-сыңқылы аз болмайды. Таяуда мен де сырқаттанып, облыстық аурухананың неврология бөлімшесінде емделдім. Бөлімшеде дімкәс жан аз емес екен. Мені Нұрсәуле Қанафина деген дәрігер емдеді.

 

Көбіне жасы жеткен кісілер кінәмшіл келеді ғой. Оларға анау да ұнамайды, мынау да ұнамайды. Оның үстіне олардың жас дәрігерлерге көңілі бітпейді. Ал, Нұрсәуле біздің ойымыздан шықты. Себебі, оның өзінен де, сөзінен де, жүзінен де жылылық есіп тұрады. Жас дәрігердің ауру адамға қарата айтқан әрбір сөзі шипа десем, артық айтқандық емес. Таңдап алған мамандығына шын берілген ол өзі қарайтын ауру жандардың жанына басқа да қызметтестерін алып келіп, олардың ойымен, пікірімен бөліседі екен. Осылайша, өзінің емінің дұрыстығына көз жеткізеді. Бұл – адам жанының арашашылары үшін таптырмас қасиет.
Әрбір келгеніңде күлімсірей қараған күйі: «Жазылып шығыңыз, ата!» – деген сөзі үшін Нұрсәулеге сондай риза болып қаламыз. Осындай өнегелі, білікті қыздарымызды көргенде «Біз білетін Қалжігітов пен Шаңгереевтердің ізбасарлары бар екен ғой!» деп, кең тыныстаймыз.

Сатыбай ЫСҚАҚҰЛЫ,
ардагер,
Алмалы селосы,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз