ЖЕР ҚОРЫ ҚОРҒАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Бес тұғырлы реформаға негізделген, «100  нақты қадамнан»  тұратын Ұлт жоспарында мемлекеттің меншігіндегі жер қорының қорғалуы мен тиімді пайдаланылуына қатысты да нақты міндеттер жүктелген. Осы тұрғыда облыста атқарылуы тиісті іс-шаралар ауқымы айқындалып, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

 

Осылайша, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мамандары ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жоспардан тыс 70 тексеру жүргізіп, 30-дан астам заң бұзушылық дерегін анықтады. Атап айтқанда, осы мәселені реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, соның ішінде жер кодексі талаптарының бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғаларға қатысты оларды жою жөнінде 14 жазбаша нұсқама рәсімделіп, табысталды. Сол сияқты, ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің бірнеше бабы бойынша 17 субъектінің тарапынан 18 жерді пайдалану заңнамасының талаптарына қайшы келетін әрекеттер тіркелді.

Тексерулердің қорытындысымен 18 әкімшілік іс қозғалып, кінәлі деп танылған жауапты, лауазымды тұлғаларға 4 млн. 535 мың теңге сомасында айыппұл салынды. Сондай-ақ, өздеріне  тағылған айыппұлдың тең жартысын жеті тәулік ішінде төлегендігі ескеріліп, 13 тұлғаға қатысты қозғалған әкімшілік іс өндірістен қысқартылды. Есепті мерзімде, тұтастай алғанда 275 мың гектарға жуық жер учаскесі тиісті заңдылықтарға сәйкес тексерулермен қамтылды.

Енді жоғарыда келтірілген әкімшілік құқық бұзушылық фактілерінің бірқатарына тоқтала кетейін. Мәселен, «Сичим С.П.А. Қазақстан» компаниясының Атырау филиалы «Атырау-Доссор» тас жолының бойында орналасқан жер учаскелерінің сыртындағы, кәсіпорынға тиесілі емес қосымша жер теліміне жұмыста қолданылатын арнаулы техникаларын, ауыр құрылыс материалдарын қойып, жан-жағы қоршалған алаңшаның кіреберісіне бақылау-өткізу бекетін жайғастырған. Осыған ұқсас әрекетке «Isker консорциумы» ЖШС-нің де барғандығына, нақтысын айтқанда, бұлардың да өздеріне қарасты арнаулы техникалары мен ауыр құрылыс материалдарын орналастыру мақсатында ауданы екі гектар жер учаскесін заңсыз пайдаланғандығына көз жеткізілді. Жер кодексінің 43 бабының 10 тармағында және әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 136 бабының тиісті тармағында қарастырылғандай, аталған заңды тұлғалардың үстінен әкімшілік іс көтеріліп, 774 мың 800 теңге көлеміндегі айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Бұлардан бөлек, қала мен аудандарда уақытша өтеулі жерді пайдалану құқығымен жер учаскелерін иеленген жеке және заңды тұлғалар тарапынан, жалға алудың көрсетілген мерзімі өткеннен кейін, оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру жағдайлары да жиі орын алып отырғандығын айтуымыз керек. Осы тұста ескерер бір жайт, еліміздің жер кодексінде (37   бабы 2  тармағы) көзделгеніндей, уақытша өтеулі жерді пайдалану құқығын беретін келісім-шартта өзгеше жағдаяттар белгіленбесе, өзінің міндетін талапқа сай орындап шыққан жерді пайдаланушы (жалға алушы) құжатта көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін, қайтадан жаңа мерзімге шарт жасасу құқығына ие болады. Осындай мақсатта шартқа отыруға ниет білдірген жалға алушы (жеке немесе заңды тұлға) мұндай ниетінің барлығы туралы жалға беруші тарапты қолданыстағы шарттың мерзімі бітпестен үш ай бұрын жазбаша түрде хабардар қылуға міндетті. Ал, бұл талап орындалмаған жағдайда, оған кінәлі деп танылған адамдар жауапкершілікке шақырылып, әкімшілік жазалау шаралары алынады.

Қазіргі таңда, кезінде шаруа қожалықтарының пайдалануына берілгенімен мақсатты игерілмей, бос жатқан аумақтар мен құрылыс нысандарын салуға бөлінген учаскелерге қатысты да тұрақты бақылау жұмыстары жүргізілуде. Сайып келгенде, мұның бәрі Мемлекет басшысының өзі міндеттегендей, жердің тиімді пайдаланылуы мен қорғалуына кепілдік беретіндігі даусыз. Қай елдің болмасын, басты байлығы, тіршіліктің қайнар көзі – жер екенін ескерсек, оның ойдағыдай қорғалып , мақсатты игеріліп, қажетке жарауымен ғана құнды бола түсерін естен шығармағанымыз абзал.

Жазира ЖҰМАХАНОВА,

Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен

қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы.  

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз