Ұлттық тәрбиенің маңызы неде?

54545454 Қоғам

  Atr. kz / 15 – ақпан.  Әлемде қазақ халқының ұлттық тәрбиесіне тең келетіндей мектеп жоқ. Себебі, қазақ қашан да сөзге тоқтаған халық.

54545454

Мінез үш алуан адамнан жұғады

Ықылым заманнан бері ұл-қызын «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиелеген  қазақ шаңырағының ұстанымы – ар мен ұят.

Ана құрсағынан басталған ұлттық тәрбие балабақша мен мектепте жалғасын тапса, рухы асқақ, Отанын жанындай сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей алатынымыз анық. Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан» деген.  Отбасы мен мектептен тыс «баланың досы кім, қандай ұл немесе қыз?» деген сұрақтардың төңірегінде де ойлануымыз абзал. Себебі, бала осы үшеуінің қайсысын жақсы көрсе, қайсысын қатты сыйласа, соның ықпалында кетеді. 

Бүгінгі жаһандану заманында балаға сыртқы жағдайлардың ерекше әсер ететіні даусыз. Бүгінгі бала заман ағымының  ашық теңізінде ешқандай сақтандыру шарасынсыз жүзіп бара жатқан желкенді қайық сықылды. Яғни, бұл – оның соққан дауылға өздігінен төтеп бере алатын жағдайы жоқ деген сөз.

Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның отбасына  әсері сөзсіз мол. Жаңа ғасырда халық санасында орасан зор және түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Интернет жастарға құшағын айқара ашты. Сол интернетте  бала бойындағы ар-ұят, намыс атаулыны тұншықтырып өлтіретін  шектен шыққан  бейәдеп фильмдер қаптап тұр. Оның сыртында  сонау шетелде отырып, әлеуметтік желі арқылы қазақ жастарының діни сенімін бұзушылар да баршылық.

Соның салдарынан  ата-бабамыз ұстанған ислам дінін бұрмалап, өз қазығын өзі теуіп, намаз оқымағаны үшін өмірге әкелген әке-шешесін «кәпір» деп адасқан қаншама  жастарымыз бар?! Бүгінгі заман тудырып отырған жаманды-жақсылы өзгерістердің  ұлттық болмысымызға  әкелер кері әсерімен қалай күресеміз? Бұл сұрақ кез келген ата-анадан бастап, білім, денсаулық, мәдениет салаларын толғандыруы тиіс деп санаймын.

Отбасы құндылықтарын бағалай білмеген бала ұлттық құндылықтардың да қадіріне жете алмайды. Отбасындағы жарасымды қарым-қатынас баланы өмірдің қыр-сырын ұғып өсуіне,  жалпы адами қасиеттерді бойына сіңіруге, ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік ұстануына ықпал етеді. Бұл жерде осынау асыл қасиеттерді бала бойына сіңіруде ата-ананың және жанұядағы жарасымдылықтың орны ерекше.  Бүгінгі қоғамда кездесіп отырған келеңсіз жағдайдың барлығы отбасы тәрбиесіндегі олқылықтардың салдарынан екені анық.

Ұлдың ұяты – әкеде

«Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деген сөз бар. Және «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген де бар. Бұл – ұлтымызға тән жақсы қасиеттерді, ұлттық сананы бала бойына сіңіре білу деген сөз. Ол сана-әдеп, бауырмалдық, иман, қонақжайлылық, қайырымдылық,  ала жіптен аттамау, өтірік айтпау, ұрлық жасамау, қиянаттан аулақ болу және ең бастысы – өмірге әкелген әке-шешеңнің алдынан кесіп өтпеу,  ата-бабаның рухын сыйлау болса керек.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,
Атырау облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы.

Толығырақ «Атырау» газетінің №12 санында

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз