Отбасылық психолог: қазақы қоғамға қажет пе?

Screenshot 8 Қоғам

Психологтан кеңес алу. Маманның қабылдауына жазылу. Күйзеліске душар еткен жайды еш бүкпесіз жайып салып, жеңілдеу. Тығырықтан шығар жолды бірлесіп табу. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Шетелдіктердің жиі жүгінетін саласына деген сұраныс соңғы кезде қазақы қоғамға да еніп келеді. Екінің бірі бұл маманға бас сұқпаса да, көмек алушылар қатары көбеюде.

Screenshot_6

Қалалық емханалардың біріне бас сұққанымызда психолог маманның қабылдауына келіп отырғандардың бар екенін байқадық. Кәсіби қызығушылық танытып, әлгі бөлмеге кіруді жөн санадық.

Бірер сағаттан соң хиджаб киген әйел дәрігерге алғысын жаудырып, шығып бара жатты. Іле-шала ішке ендім. Жып-жинақы, көңілді тыныштандыратын түстермен безендірілген бөлме расымен де жайлылық сыйлағандай екен. Мен – психологтың қабылдауындамын.

«Қазіргі таңдағы жаһандану үрдісі, жаңа технологиялардың өмірге дендеп енуі, ақпараттар ағыны адамның рухани жан дүниесінің баюына әсер етумен бірге, адам денсаулығына кері ықпал ететіні де жасырын емес» деп бастады бізбен әңгімесін №5 қалалық емхананың психологы Венера Мүтағалиқызы. «Оған бүгінгі күнгі жұмыссыздық, баспанаға зәрулік, күйзеліс, жасөспірімдер арасындағы ата-анамен тіл табыса алмаушылықты қосыңыз».

– Сонда аталған проблемаларға душар болғандар сіздерге келеді дегіңіз келе ме?

– Расында да қазақы қоғамға психолог аса қажет емес мамандық саналып келгені жасырын емес. Алайда, жоғарыда аталғандардың әсері, әрі замана ағымының талабы болса керек, қазіргі таңда психологтардың жұмысы маңызды, әрі қажет. Дамыған Еуропа елдерінде психолог мамандар XX ғасырдың басында-ақ қалыптасты. Тіпті, ауқатты отбасылардың жеке дәрігер, заңгерлерімен қоса, психологтары да болған. Ал, қазір мектептерде бір-екі маман, әрбір қалалық емханаларда қос-қостан психологтар бар.

– Байқағанымыздай, сіздің бөлім «Алдын алу бөлімі» деп аталады.

– Иә. «Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады» деген, әуелгі жұмысымызды аяғы ауыр аналармен жүргіземіз. Өйткені, жүктілік кезінде кейде әйелдер күйзеліске түседі. Жалғызбасты аналар мен көп балалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Өзімізге бөлінген учаскелерге барып, күнкөрісі төмен, тәрбиесі «қиын» балалары бар отбасыларына психологиялық кеңес береміз. Балаларын дер кезінде емдетуге күш саламыз. Біздің емханада науқастарды қабылдауға, табысты қызмет атқаруға қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Қай істің де бастауында білімді дәрігер, білікті басшымыз Күлшара Өтеуқызы тұрады.

Шындығы сол, қазіргі замандастарымыз рухани байлыққа емес, материалдық байлыққа ұмтылады. Үй, көлік жөнінен өзара бәсекеге түседі десем артық айтқаным емес. Сондықтан олар бала тәрбиесінен гөрі байлық жинауға, лауазымға ие болуға әуес. Ата-анамен арасында алшақтық туындаған жасөспірімдер тәрбиені көшеден, түнгі клубтан, ұялы телефондар мен түрлі сайттардан алады десем жалған болмас.

Заманауи технологияны меңгерген жасөспірімдер де ата мен әженің тәрбиесін керек қылмайды. Оларды «отсталый» деп, мансап қуып, не нәпақа тауып жүрген ата-анасымен ашық сырласпайды. Сондайда, адасып, абдырап қалған сәттерінде жанашыр іздеп, психологтарға келеді.

– Демек, жұмыстарыңыздың басым бөлігі жастарға байланысты болғаны ма?

– Біз келушілерді салаға, топқа жатқызбаймыз. Балаларының, немерелерінің мінез-құлқындағы өзгерістер, психологиялық ауытқулар туралы біздерге сенім артып, отбасылық құпияларымен, қиыншылықтарымен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрайтын, емханаға арнайы келіп жағдайын айтатын тұрғындар да бар. Ал, жастармен жұмысқа келер болсам, біздің емханаға қарасты №2, №4, №11 және №31 мектептермен тығыз байланыстамыз. Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселе – жастардың суицидке жиі баруы, өз өмірлерін қиюы. Сондықтан осы кеселді болдырмас үшін мектеп оқушыларының арасында лекция оқып, кездесу-тренингтер өткіземіз.

– Дін бағытында ақыл-кеңестер де беретін секілдісіз?

– Жаңағы келушіні нұсқап тұрған боларсыз. Ол бізге «ішімдегімді ақтару үшін ғана келдім» деді. Ері – теріс ағым жетегінде. Әйеліне де түрлі талаптар қояды. Туған ата-анасымен де араластырмай қойған. Сол үшін бізбен сырласуға келді. Ақыл-кеңесімізді айттық.

– Жалпы, сіздерге қандай мәселемен жиі келеді?

– Қабылдауға келген науқастардың жағдайынан байқағаным – қазір тек қоғамда ғана емес, әрбір отбасында шешуі қиын түйткілдер, күрмеуі қиын мәселелер көп екен. Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, білмеймін, қазіргі қазақ отбасында жұбайлар арасында, әке мен бала, шеше мен қыз, ене мен келін, тіпті бірге туған бауырлар арасында кикілжіңдер көп. Солардың бәрі де психолог көмегіне мұқтаж.

Осындай бірнеше отбасы мүшелері алдыма келіп, ақыл-кеңес сұрап, артынан бірқатарының ата-анасымен табысқанын, өзара түсініскенін айтып, алғыстарын жаудырып кеткендері бар.

Тұрмыс тауқыметі, экологиялық жағдай, отбасындағы түрлі кикілжің ананы да, баланы да қиындыққа душар етеді. Ерлер болса, «қиындықтан шығудың жолы – ішкілікке салыну» деп пайымдайды. Өкініштісі сол, мұндай отбасылар азаймай тұр. Оларға көмек беретін емханадағы психологтар аздық етеді. Сондықтан еуропалық тәжірибеге сүйеніп, отбасылық психологтар болса, қоғамдағы жағымсыз жағдайлар азаяр еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз