КҚК-К ДӘРІГЕРЛЕРГЕ СЫЙ ЖАСАДЫ

Дәрігерлер мерекесі қарсаңында «Вираж Авто» мекемесінің ғимаратында «Каспий  Құбыр  Консорциумының» (КҚК-К) өкілдері жиын өткізіп, қаламыздағы денсаулық сақтау мекемелері үшін үлкен сый-сияпат жасады.

Аталмыш консорциум – Ресейдің, Қазақстанның, сондай-ақ басқа да дүние жүзіне танымал жетекші мұнай өндіруші компаниялардың (Chevron, Shell, ExxonMobil, Eni, British Gas, Роснефть, Лукойл секілді) қатысумен жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық мұнай тасымалдау компаниясы. Ол ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын магистральды тұрба құбырын пайдалануға және сонымен мұнай тасымалдауға жауапты. Және құбырдың құрылысын да өздері жүргізген. КҚК-К құбырлары бойымен негізінен Батыс Қазақстандағы аса ірі кен орындарының мұнайы мен Ресей өндірушілерінің шикізаты тасымалданады. Мұнай Ресейдің Новороссийск қаласы маңындағы Южная Озереевка селосында орналасқан терминалға дейін барады да, сол жерден танкерлерге құйылып, әлемдік нарыққа жол тартады. 

Компанияның мұнай құбырлары жүйесінің құрылысы 1999 жылдың 12 мамырында  басталған болатын. 2001 жылдың 13 қазанында Новороссийск КҚК-К-сінің теңіздегі терминалында алғашқы танкерге тиеу жұмыстары тәжірибеден өткізілген еді. Содан бастап КҚК-К құбырларына құйылған мұнай көлемі жылдан-жылға өсе түсті. Ал, 2004 жылдың орта кезінде КҚК-К  28,2 миллион тонна мұнай өткізді. Арада алты жыл өткенде,  яғни 2010 жылы жылына 35 миллион тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тасымал жүйесі кеңейтіліп, жылына 67 миллион тонна мұнай өткізуге қол жеткізудің шаралары жасалуда. 

Міне, осылайша Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа шығуына зор үлес қосып отырған компания әлеуметтік жобаларға да үнемі көңіл бөліп отырады.

Жиында сөз алған кәсіпорын бас директорының орынбасары Қанатбек Жумин өз компанияларының жер қазынасын игерумен қатар, сол қазынаның иесі саналатын ел мен халықтың мұқтаж жағдайына әр кез назар аударып отыратынын айта келіп, Атырау қаласындағы №1, №4 және №5  емханаларға, сондай-ақ балалар ауруханасына бес автокөліктің кілтін табыс етті. Көлікті болған ақ халатты абзал жандардың қуанышында шек жоқ. Айтпақшы, аталмыш компания өткен жылы да облыстың барлық ауданындағы орталық ауруханаларға бір-бірден, барлығы жеті автокөлікті тарту еткен.

– Қазақстанның байлығы тек қана мұнай мен газ емес. Біздің ең басты байлығымыз – адам. Ал, оның денсаулығынан артық байлық жоқ. «Бірінші байлық – денсаулық» деп ата-бабамыз тегін айтпаған ғой. Оның  үстіне  қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың денсаулығын нығайту мәселесіне қатты көңіл бөлуде. Бұл ретте медицина мекемелеріне көмек жасау тек қана мемлекеттің міндеті деп ұқпаған жөн. Әлеуетті мекемелер де бұған қол ұшын созуы керек. Біздің компанияның басшылығы осы мәселені әр кез назарда ұстап отырады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, бәріміз де дәрігердің қызметіне жүгінетініміз рас. Халық денсаулығы үшін күн-түн демей, тыным көрмей жұмыс жасайтын ақ халатты абзал жандарға қандай көмек жасасақ та артық етпейді. Компаниямыздың бұл әлеуметтік жобалары мұнымен шектелмейді. Ал, енді мына алған көліктеріңіз құтты болсын! Сөз соңында дәрігерлер қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық пен қызметте толағай табыстар тілеймін! – деді Қанатбек Райханұлы.

– КҚК-К компаниясы облыстың әлеуметтік және мәдени өміріне әр кез қолдау көрсетіп, көмек қолын созып отыратындығынан хабардармыз. Бұл компания басшыларының азаматтығы, адамгершілігі деп білемін. Дәрігерлік қызметте көлік деген аса қажет дүние ғой. Жаяу жүрген дәрігердің, біріншіден, ісі өнбейді, екіншіден, науқастың жағдайы оны күтіп тұрмайды. Бұл адамның өмірімен байланысты қажеттілік екені сөзсіз. Сондықтан, КҚК-К компаниясына айтар алғысымыз шексіз. Еңбектері табысты, жемісті болсын! Қазір бюджеттен де жылда қаржы бөлініп, жедел жәрдем көліктері беріліп  жатыр. Аталған қызмет сапасы  екі-үш жыл  бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды,-дейді №4 емхананың бас дәрігері Клара Сұлтанғалиева.

Иә, дәрігердің, соның ішінде жедел жәрдемнің көмегіне сүйенбейтін адам болмайды. Бірақ, бір өкініштісі, біздің елде апатқа  тап болып, ауыр жарақат алғандардың жартысынан көбі оқиға орнында көз жұмады екен. Бұған науқасқа дер кезінде дәрігерлік көмектің жетіп болмауы себеп. Ал, көмектің жедел жетпеуінің себебі – жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы. Соның ішінде көшесі тар, көлігі көп, қашанда кептелістен көз ашпайтын біздің қалада дәрігерлер санаулы көлікпен ұзақ уақыт жүруге мәжбүр болады. Қаланың іші осылай болғанда, алыс аудандар мен ауылдардың жағдайы айтпаса да түсінікті ғой. 

Міне, КҚК-К компаниясы осындай қажеттіліктің орнын біршама толтырып тастады. Компания басшылығына деген дәрігерлердің алғысында шек жоқ.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ. 
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз