КӘСІПОДАҚ: ЖҰМЫСШЫ МҮДДЕСІНІҢ ҚОРҒАЛУЫ – БАСТЫ МІНДЕТ

2011 жылғы 16-ншы наурызда ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Бас кеңесінің қаулысымен 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні болып белгіленді. Содан бері жыл сайын аталған мереке дәстүрлі түрде аталып өтілуде.
Соңғы жылдары қоғамда кәсіподақтар үлкен белсенділік танытып, зор маңызға ие болып отыр. Еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғауда кәсіподақтар мықты күшке айналып келеді. Елбасы Н.Назарбаев кәсіподақ қызметі мәселесіне, әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, еңбекшілердің құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыруға, еңбек дауларын реттеуге кәсіподақтардың қатысуына үлкен көңіл бөлу қажеттігін нақты тапсырған болатын. Бұл міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап келе жатқан Атырау облысының кәсіподақтар қозғалысы әлеуметтік әріптестік саласында оң тәжірибеге ие.

Облыс кәсіпорындарында он сала бойынша 668 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, жұмыс жүргізіп отыр. Кәсіподақ мүшелігіне ұмтылыс, әсіресе, ірі және орта кәсіпорындарда артып келеді. 
Облыстық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Тілекқабыл Қабдоловтың сөзіне сүйенсек, соңғы үш жылда облыста кәсіподақтар мүшелерінің өсу тенденциясы байқалуда.
– Бүгінгі күні Атырау облысының Кәсіподақтар федерациясы 83184 кәсіподақ мүшесін біріктіреді, өткен жылы 17 жаңа кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподаққа 5952 адам қабылданды, ірі және орта кәсіпорындар жұмыскерлерінің кәсіподақ мүшелігін қамтуы 89% құрады. Аталған цифрлар республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болса да, жұмыс істеушілердің 15%-ға жуығының кәсіподақ ұйымдарының әрекет ету аймағынан тыс қалып отырғанын айтып өткен жөн, – дейді облыстық федерация төрағасы Тілекқабыл Боранбайұлы.
ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенованың айтуынша, аталған кәсіподақ биыл өзінің 90 жылдық торқалы тойын атап өтті. Көптеген шаралар жыл бойы республика деңгейінде ұйымдастырылып өткізілді. Республикалық «Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ» байқауында облыс намысын қорғаған Атырау медицина колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымы бірінші орынды жеңіп алды. «Бұл – тек кәсіподақ белсенділерінің ғана емес, жалпы облыстық медицина саласының жеңісі», – деп атап өтті Нұртан Дүйсенбайқызы.
Бұл сала бойынша өңірде әртүрлі деңгейдегі көптеген шаралар нәтижелі өтуде.
Облыста 60 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктірген 9500 кәсіподақ мүшесі бар және жеті ауданда аудандық кеңес құрылды, – дейді Н.Сәрсенова. – Барлық мекемелерде ұжымдық шарттар қабылданып, қызметкерлердің еңбек құқықтары қорғалуда. Кәсіподақ мүшелері Көкшетаудағы «Бурабай», Батыс Қазақстан аймағындағы «Ақ Жайық» және Оңтүстік Қазақстан аймағындағы «Денсаулық» емдеу-сауықтыру орындарында өз денсаулықтарын шыңдап, 85 адам еңбек демалыстарын шипажайларда өткізді. Ең басты жаңалық – ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы Төрген шатқалында «Денсаулық» сауықтыру орталығының ашылуы. Ол 7-інші қазанда алғашқы демалушыларын қабылдады. Бұл кәсіподақ өз қаржысына салған ең алғашқы сауықтыру орталығы болғандықтан, тарихи жаңалық болып отыр.
Сауықтыру орталығына медицина саласында еңбек ететін кәсіподақ мүшелері жеңілдетілген бағамен жолдама бойынша жіберіледі. Отбасы мүшелерімен де бірге демалуға мүмкіндік қарастырылған.
Білім беру, ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің жасап жатқан игі жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Комитеттің құрамында аудандық және қалалық сегіз кәсіподақ кеңесі, 376 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 26150 мүшесі бар.
Білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитеті халықаралық білім беру ұйымымен бірлесіп, Атырауда «Нарықтық экономика жағдайындағы мұғалімдер кәсіподағының рөлі» тақырыбында көшпелі мәжіліс өткізді.
Ағымдағы жылдың жазғы демалыс кезінде 300 кәсіподақ мүшесіне шипажайларға жолдама беріліп, 110 балаға сауықтыру лагерьлеріне елу пайыз жеңілдікпен бару үшін мүмкіндік жасалды, – дейді аталған комитет төрағасы Амангелді Айбосынов. – Білім беру саласында облыстық деңгейде өтетін мәдени-көпшілік шараларды өткізуге, қаржылай марапаттауға ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 545 мың теңге жұмсалды, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы бойынша түскен арыздар қаралып, 260 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.
Белсенді салалық кәсіподақ ұйымдарының бірі – ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіподағы. Тек облыс кәсіпорындарының ғана емес, сонымен қатар, еліміздің бес облысының мұнай-газ салалық кәсіпорындарының басын біріктіретін бұл кәсіподақ жұмысының басты мақсаты – мұнайшылардың құқығын қорғау, еңбек қатынастарында және қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбегін бағалауда кемсітуге жол бермеу, шетелдік қатысы бар компаниялар мен мекемелерде кәсіподақ ұйымын жасақтау және тағы басқа жұмыстарды ұйымдастыру.
Аталған кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Елена Мұстафинаның айтуынша, ағымдағы жылы кәсіподақ мүшелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің салада еңбекақы сәйкессіздігін жою бойынша комиссия жұмысына қатысты. – Мамыр айында біздің бастамамызбен Халықаралық еңбек ұйымының қатысуымен еңбек дауларының алдын алу бойынша аймақтық семинар өтті. Осы жерде ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіподағы салалық келісімге қол қойылуына, зиянды өндіріс орындарында қызмет атқаратын жұмысшылардың салалық коэффициенттерін 1,8-ге көбейтуге республика Үкіметінің келісімін алуға бастамашы болғанын атап өту керек. Бүгінгі күні Елбасы тапсырмасына орай «Кәсіподақтар туралы» жаңа Заң қабылдануға дайындық үстінде. Өйткені, қазіргі Заң 1993 жылы қабылданғандықтан, әлеуметтік серіктестікті толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бере бермейді. Жаңа Заң біздің жұмысымызды жандандыруға үлкен септігін тигізетініне сенім мол, – дейді Е.Мұстафина.
Ал, облыстық байланыс қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы өз қызметін ұжым мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға, жұмыс берушілермен іскерлік ынтымақты қалыптастыруға бағыттайды.
ҚР байланыс қызметкерлерінің кәсіподағы мен «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп қабылданған ұжымдық шарт сол мекемелерде жұмыс жасайтын байланысшыларды барынша қорғауға бағытталған, – дейді облыстық байланыс қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Алмаш Әшенова.Ұжымдық шарттағы әлеуметтік жеңілдіктер сол мекеме еңбеккерлерінің алаңсыз жұмыс жасауына кепілдік береді. Бәсекелестік заманында облыс байланысшылары жылма-жыл берілген міндет жоспарларын орындап, биіктен көрінуде. Алайда, біздің көңілімізді алаңдатар мәселелер де бар. Соның ең бастысы – байланысшыларға төленетін еңбекақы соңғы екі-үш жылда өспегендігі.
Кәсіподақ федерациясының тағы бір белсенді бағытының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Облыстық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары кәсіподағының төрайымы Жұмазия Есімованың айтуынша, қазір көптеген шаруа қожалықтарында, өндірістік орындарда кәсіподақ ұйымы құрылып, жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, кемшілік те жоқ емес. Балық, орман шаруашылықтарында кәсіподақ ұйымдарын құруда бәсеңдік байқалады. «Осы құрылымдардың басшыларын кәсіподақ ұйымын құруға белсенділік танытуға шақырамын. «Бірлесіп пішкен тон келте болмас» деп бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын», – дейді кәсіподақ төрайымы Ж.Есімова.
Айта кетсек, Қазақстан кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында облыстық кәсіподақтар федерациясы салтанатты шара ұйымдастырып, оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қатысып, кәсіподақ қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған болатын. Аталған шарада кәсіподақтағы белсенді қоғамдық қызметі, еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге атсалысқаны үшін Алмаш Әшенова мен Жұмазия Есімова облыс басшысының Алғыс хатына ие болған еді. «Адал еңбек өлшеусіз қалмайды» деп осыны айтса керек.
Сонымен қатар, Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитеті де әлеуметтік қолдау көрсетуде атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз. Аталған комитет төрағасы Шахмұрат Қанбетовтің қолдауымен түрлі деңгейде ұжымдық келісім-шарттарды жасақтауға, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыруға, ақпарат беру, кәсіподақ белсенділерін оқыту, еңбек қорғау және заңнамалық нормалардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу, мәдениет-көпшілік және сауықтыру салаларына, кәсіподақ мүшелерінің және олардың балаларының демалуын ұйымдастыруда үлкен үлес қосуда.
Облыстық кәсіподақ комитеті бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп, кәсіподақ мүшелеріне ақысыз заңгерлік қызметтер көрсетуде. Осы аз мезгілдің ішінде облыстық кәсіподақ комитетіне елуден астам адам жеке қабылдауда болып, оларға ауызша кеңес берілді.
Өткен жыл барлық бастауыш кәсіподақтар ұйымы үшін тарихта қалған жыл болды, – дейді Ш.Қанбетов.

Республика бойынша «Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ» байқауы өтіп, қорытындысында І орынды Атырау облыстық ақыл-ойы кемшін балаларға арналған интернат үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымы (төрағасы Залжанқызы Алмагүл) жеңіп алды. Жыл сайын облыс әкімі аппаратымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаментімен бірлесіп, түрлі сайыстар өткізіліп тұрады.
Республикалық мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық бөлімшесінде қазіргі уақытта 27-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде аталған сала қызметкерлері кәсіби күндеріне орай марапаттан кенде қалып жатқан жоқ.
Бұл сала қызметкерлеріне кәсіподақ ұйымы еңбек қатынастарында болып жататын келеңсіздіктерді шешуге көмектесетіндігі түсіндіріліп, қызметкерлердің құқығын қорғайтын ұжымдық шарттардың жоқтығы анықталған кей спорт мекемелерінде аталған құжат жасақтауға септігімізді тигіздік, – дейді аталмыш сала қызметкерлерінің облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Рашида Харипова.
Өкінішке орай, жұмысшылар жұмыс берушіден қысым көргенде ғана кәсіподақтың қажеттілігін түсінеді. Осы мәселені шешу мақсатында әр сала бойынша кәсіподақ комитеттерінің мүшелері аудандарға шығып, семинар өткізіп, бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің сұрақтарына тұшымды жауап беруді дағдыға айналдырды.
Қандай да бір даулы мәселе пайда болған жағдайда, облыстық кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарына байланысты кез келген мәселені келіссөздер арқылы барлық деңгейдегі әлеуметтік-серіктестік қағидаларын ұстанып шешуге тырысады. Соңғы жылдары кәсіподақтың жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында конструктивті бірлесіп жұмыс атқару тәжірибесі қалыптасты. Бұл бағытта облыста әлеуметтік әріптестік бойынша үш жақты комиссия жұмыс жасайды, – деген облыстық федерация төрағасы Тілекқабыл Боранбайұлы кәсіподақ ұйымдарының бұл істерде рөлі де, үлесі де зор екендігін ерекше атап өтті.
Мемлекет тарихындағы оң өзгерістер көп жағдайда әлеуметтік тұрақтылыққа, реформалардың әлеуметтік бағытының нығаюына қол жеткізу, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбекақы төлеу, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Бүгінгі төл мерекелері күні кәсіподақ қызметкерлерінің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз