ПРОРВА – ТЕҢІЗДІҢ ЕСІГІ

Бүгінде ашылғанына тура жарты ғасыр толып отырған Прорва кен орнынан «қара алтын» алуға дайындық соған дейін-ақ басталған-ды. Жігіт жасы жиырма бестен жаңа асқан Хамза да сол дүбірдің бел ортасынан табылды. Құладүзде жортқан аң тұяғы болмаса, адам аяғы баспаған маң дала. Жөні түзу жол да, қанып ішер су да жоқ. Күй таңдап, жағдай жасауға уақыт та қысқа. Тезірек учаскелерді құрып, бастапқы ұйымдастыру жұмыстарын жөнге салу керек.
Прорва жаққа көбірек алаңдаудың да өзіндік себебі бар. Соған дейін Сарықамыс елді мекенінен жеті-сегіз шақырым жердегі Оңтүстік Сарықамыс алаңында бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Хамза жетекшілік ететін бригада осында қос ұңғыманы қазғанымен, екеуінен де мұнай табылмады. Рас, содан соң бұрғыланған Тәжіғали алаңы оң нәтиже берді. Қаратон кеніші де ашылды.
Ал, 1958 жылы Х.Қуантыров Құлсары бұрғылау кеңсесінде өндірістік-техникалық бөлімді басқарып жүргенінде Прорва кен орнын игеруге кең көлемді дайындық жұмыстары басталды. Алдымен, іргедегі Каспий теңізінің мол суынан қорғану шараларын алу қажет болды. Осы жай ескерілді, қорғаныш дамбылары салынды. Ен далада жол төсеу, бұрғышыларға үй салу – бәрі аса қиындықпен жүріп жатты.
Ал, Прорвадағы №1 ұңғымадан алынған мұнай бұрқағы Хамза Қуантыровтың әлі жадында. Оны жүзеге асырған Төлеш Құлгелдиев жетекшілік ететін бригада болатын. Қазылған үңғыманың барлық мәліметі «Казнефтегазразведка» мекемесінің бастығы Нәрен Имашевқа жеткізілді. Ол үлкен жауапкершілікті мойнына алып, мұнай белгісі білінген қабатты аттыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, осы шара жүзеге асырылып, мұнай бұрқағы атылады. Оған куә болғандардың ішінде Хамза Қуантыров, бас геолог Айтбай Әлжанов бар еді.
Кейін осы маңдағы өзге ұңғымалар да оң нәтижесін беріп жатты. Дала төсі дүбірге бөленді. Табылған жерасты қазынасының молдығы дәлелденді. Осы орайда Х. Қуантыров бұрғышылар арасында болған бір әзілді еске түсіреді.
Бөлімше бастығы Әшім Уәлиевтен бұрғышы шебер Аққали деген жігіт:
– Осы алаң қанша жыл өнім берер екен? – деп сұрапты.
Сонда бөлімше бастығы:
– Прорваның мұнайы сенің өзіңді, балаларың мен немерелеріңді зейнетке шығарады, – деген екен.
Қандай тура айтылған сөз! Ауызекі әңгімеде тілге тиек болғанымен, келешек керемет болжанған. Өйткені, содан бергі елу жылда Прорва әлі өнім беріп келеді.
Ал, 1963 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы Жолдасқали Досмұқамбетов Прорва бұрғылау кеңсесін құру жөнінде бұйрық шығарады. «Прорвамұнай» басқармасы осылай өмірге келеді. Кеңсені Мүтиғолла Маташев, ал басқарманы Сағидолла Нұржанов басқарады. Міне, сол дүбірлі сәттер де Хамза Қуантыровтың жадында.
Ардагермен әңгімелесіп отырып, оның сексен жылдық торқалы тойына орай жергілікті журналист Болат Дәулетов жазған «Тұғыры биік тарлан бұрғышы» атты кітабымен танысқанбыз. Соны парақтап отырып, қазақ мұнайының небір майталмандарымен іштей сырласқандай болдық.
Ал, Хамзекеңнің өзі сөз арасында «Прорва – Теңіздің есігі» деп қалды. Елең еттік. Қай теңіз? Кен орнының ар жағында толқыны жағаны соғып жатқан Каспий ме, әлде бүгінде аты әлемге әйгілі Теңіз кеніші ме? Сөйтсек, соңғысы екен. Сайып келгенде, іргелес жатқан Прорва кенішінің жан-жақты зерттеліп, мол мағлұмат алынуы көршілес Теңіз кен орнының өмірге келуіне септігін тигізген. Ендеше, отандық бұрғышылар еңбегі елеулі емес пе?
Хамзекең әңгіме арасында қазақстандық кадрлардың әлемдік технологияларды жете меңгеріп, шетелдіктермен терезесі тең дәрежеде еңбек етіп жүргендеріне разылық танытады.
Хамза Қуантыров бұрғылау саласында жарты ғасырдан аса уақыт еңбек етті. Қатардағы қызметкерден бастап басшылық лауазымды да атқарды. Талай марапатқа да ие болды. «КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздігі» белгісін өңіріне тақты. «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жер қойнауын барлаушы» атағына ие болды.
…Бүгінде Хамзекең сексеннің сеңгірінен асқан абыройлы ақсақал. Өмірден ерте өткен зайыбы Айша екеуі төрт ұл мен үш қыз сүйді. Қазір солардан тараған жиырмадан аса немере-шөберенің ортасында қадірменді қарт шалқып отыр. Болат, Бекболат пен Тыныштық қалаған мамандықтарын меңгерді. Ал, Сәкен, Гүлшат, Дәметкен мен Нұрлан әке соқпағына түсті. Бұрғышы бақыты осы емес пе!?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*