ПОШТА ЖҰМЫСЫН ЖАҚСАРТУ – бүгінгі күн талабы

 

Егде жастағы адамдардың зейнетақыларын не төлемақыларын уақтылы ала алмай, сарсаңға салынып, бірнеше шақырым жердегі аудан орталығына қатынасуға мәжбүр болуы – үлкен мәселе.
Осы ретте Махамбет ауданында болып өткен алқалы жиында аталмыш тақырып кеңінен талқыланды. Жиынға қатынасқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ермек Пірімбетов және «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ержан Омаров мәселенің мән-жайына талдау жасап, күрмеулі түйіннің шешімін табу жолдарын қарастырды.
«Қазір біз нарықтық экономикаға негізделген қоғамда өмір сүрудеміз. Ал, бұл акционерлік қоғам өз алдына дербес шаруашылық қызметін жүргізеді. Оның жұмысын өзін-өзі ақтауы тиіс, жұмысшыларына жалақы төлеуі керек.
Тұрғындарының саны екі мыңға жетпейтін елді мекендердегі пошталарды жабу тәжірибесі қолға алына бастады. Бұл өз кезегінде жергілікті жерді мекендеген жұрттың наразылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Тұрғындар талабы дұрыс емес деп айта алмаймыз? Себебі, халық газет-журналға жазылып отыр, егде адамдар зейнетақыларын уақтылы алып, тиісті төлемдерін кешіктірмей төлеуі үшін пошта жоқтықтан аудан орталығына келуге мәжбүр. Ал, аралары 70-80 шақырым болатын ауылдар аудан орталығына жету үшін біраз қиналатыны белгілі. Бұл әсіресе, Қызылқоға, Құрманғазы аудандары үшін қиындық туғызуда. Сондықтан, объективті шешім қабылдауымыз керек. Себебі, бір жағында қарапайым халықтың жайы тұрса, таразының екінші басында өзін-өзі қамтамасыз етуі тиіс «Қазпошта» АҚ қаржылық мәселесі тұр» деп мәселенің ашығын айтқан Сәрсенбай Құрманұлы бұл Парламент депутаттарын да елеңдетіп отырған мәселе екендігін жеткізді. Осы сұрақ Мәжілістің Дариға Назарбаева бастаған әлеуметтік мәселелер жөніндегі Комитетінде де қаралып, депутаттық сауал жолданған. Себебі, бұл – күллі Қазақстан үшін өткір тұрған әлеуметтік проблема.
Бұл жөнінде кеңінен түсінік беріп өткен АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ермек Пірімбетовтің сөзіне сүйенсек, қатарында 22 мыңнан астам қызметкер бар мекеменің жалақы көрсеткіші өте төмен. Тұтастай желінің жұмысын сақтап қалу жолында жұмыс түрлері жүргізілуде. Оның айтуынша, Атырау облысы 2011-2012 жылы жоспарлы табыс мөлшерін сақтамақ тұрмақ, акционерлік қоғамға айтарлықтай шығын келтірген. «Тақырып төңірегінде туындайтын сұрақтар өте көп. Салаға қатысты барлық проблема маған етене таныс. Айтылған мәселелерді шешу үшін біздің мекеменің акционері «Самұрық-қазына» әл-ауқат қоры» қойып отырған талаптың бірі – оптимизация жүргізу. Қаржылық ұйым болып табылатындықтан, біз алдағы уақытта тұтастай желінің жұмысын жолға қою үшін атқарушы билік тарапынан көрсететін қызмет аясын кеңейту не субсидия бөлу түріндегі көмек сұраудамыз. Себебі, шағын елді мекендердегі пошта тораптары арқылы шығынға батып отырғанымыз шындық. Бұл жердегі бөлімшелерді жылжымалы қызмет көрсету пошта тораптарына алмастыру ісін қолға алмақшымыз» деді ол.
«Қазпошта» көрсететін қызмет түрлерінің ауқымды екендігіне қарамастан, сала ақсап тұр. Оның бірнеше себебі де бар. Мәселен, материалдық-техникалық базаның жайы да жақсы емес. Атырау облысы бойынша 62 транспорт болғанымен, бұл көрсеткіш әлі де аз. Бұл орайда, Ермек Серікұлы таяу уақытта тағы да автокөлік алу жоспарының бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ, сала қызметкерлерінің жалақысы өте төмен. Мәселен, толық бір ставкада қызмет ететін пошта тасушының айлық ақысы 25-30 мың теңге аралығында. Ал, кейбір қызметкерлер тіпті толық бір бірлікке жетпейтін жұмыс режимімен қызметке алынған. Сондықтан, пошта тасушыларға қатысты туындаған басты мәселенің шешімі де осында жатса керек. Оның үстіне, қала тұрғындарының саны артып, жеке үйлердің көбеюі, көп қабатты үйлерде арнайы жәшіктің болмауы сынды мәселелер де проблеманың молая түсуіне себепші болуда. Бұнымен қатар, кейбір елді мекендерде арнайы ғимараттың жоқтығы, қауіпсіздік қызметінің болмауы да жағдайды ушықтыра түсуде.
Жиында белгілі болғанындай, 2014 жылы Атырау облысы бойынша 17 пошта торабының жұмысын тоқтату туралы жоспар жасақталған. Алайда, бұл – шағын ауылдардағы қызмет көрсету орындары жабылып, халық байланыссыз қалады деген сөз емес.
Тұтастай Қазақстан бойынша қолданылып отырған арнайы жасақталған жылжымалы тораптар арқылы қызмет көрсету ісі жоспарда тұр. Ел көлемінде кеңінен қолданылып, өз нәтижесін көрсеткен бастаманың да біздің өңірімізде толыққанды жүзеге асарына жиналғандар сенім білдірді.
Осы ретте облыстық филиалдың директоры Ержан Омаров: «Өндірістік нысандарды оңтайландыру бағдарламасына сәйкес, осындай жұмыс түрлерін жүргізудеміз. Бұндай шешім қабылдауымызға бірнеше себеп бар. Кез келген бөлімше толыққанды жұмыс жасауы үшін экономикалық көрсеткіштер де жақсы болуы тиіс. Яғни, олардың тапқан табысы біздің шығынды ақтауы керек. Алайда, бұл талап орындалмай отыр. Біздің қызметкерлердің жұмысына халық наразы болып жатады. Бұл, әсіресе пошта тасу қызметіне қатысты» деп атап өтті.
Басқосу барысында сөз алғандар саланың осал тұстарын атап көрсетіп, мәселенің өткір тұрғандығын жеткізді. Мәселен, Махамбет аудандық мәслихатының хатшысы Асқар Құрманбаев пошта бөлімшелеріндегі қызмет сапасының төмендігін сөз қылса, Жалғансай селолық округінің әкімі Қайыржан Мәжиев пошта қызметкерлеріне арнайы көліктің керектігіне тоқталды. Жиын соңында қатынасушылар аудан орталығындағы пошта торабының қызметімен таныс болды.
Расында да, пошта қызметінің сапаға сай болуы – бұқараның әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден-бір себепші. Ал, бүгінгідей ақсап тұрған саланың аяғына нық тұруына жәрдемдесу – үкіметтік деңгейде қаралуы керек мәселе. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов осылай деп атап өтті.
Сең қозғалды. Әзірге белгілісі, 2014 жылға дейін Атырау облысы бойынша қызмет жасап тұрған 100 пошта байланыс бөлімшесінің 17-сін кезең-кезеңімен жабу жоспары уақытша тоқтатылды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*