ПЕДАГОГ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ – сапалы білім беру кепілі

Аталған конференция секция-секцияға бөлініп, үш жерде – «Өрлеу» АҚ Атырау облысы филиалы базасында, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында және Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың көрермендер залында өтті. Жалпы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға 176 баяндама түсіп, олардың бәрі жинаққа енген.
Конференция «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ақпараттандыру академиясының академигі Маржан Ғалымжанованың алғы сөзімен ашылды.
Баяндамашылардың қай-қайсысы да өзі көтерген тақырыпты барынша ашып, оны тереңірек талдады. Конференцияға қатысушылар, әсіресе, Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованың, «Өрлеу» БА ҰО» АҚ Астана қаласы бойынша ПҚБА институты, мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Әкімжан Сайлыбаевтың, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрзила Сәрсенованың баяндамаларын тұшынып тыңдады. Конференцияға педагогтар еліміздің әр өңірінен – Астана, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан келді. Біз реті келгенде қонақтардың бірнешеуімен жүздесіп, әңгімелестік.
Әкімжан САЙЛЫБАЕВ (Астана қаласы), педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Бұрын, естеріңізде болса, мұғалімдер білімін жетілдіру институттары әр облыста өз алдына «тірлік» еткен болатын. Қазір осылардың бәрі бір орталық – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-на біріктірілген. Мақтанғанымыз емес, «Өрлеуге» келгелі олардың бәрінің жағдайы жақсарды. Алдымен базалары нығайтылды, онда қаншама заманауи құрал-жабдық шоғырланған десеңізші. Жаңа үлгідегі жаңа технология, электрондық жүйе – бәрі мұғалімдер білімін жетілдіруге бағытталған.
Қазір сапасыз оқулықтар да, ҰБТ сұрақтарының оқушы түгілі, ұстаздардың өздеріне түсініксіз жерлері де бар. Негізінен ҰБТ – оқушы білімін сарапқа салатын бірден-бір дұрыс жол. Әңгіме – оның әділ өтуінде. Жасырып қайтеміз, бәріміз оның түрлі қитұрқы әрекеттермен өтіп жүргенін білеміз. Ал, сапасыз оқулықтар жайына келсек, өкінішке орай, ондай бізде жоқ емес, бар. «Мектеп мұғалімдері қай баспаның оқулығымен оқытатынын өздері таңдайды» дегеннен кейін осындай ала-құлалық орын алып шыға келді. Әр автор әртүрлі оқулық ұсынады, одан білім алған оқушылардың таным-түсінігі де түрліше келеді. Қарап отырсақ, көрші Ресейде Ұлттық Білім Академиясы жанынан оқулық жасайтын институт жұмыс жасайды. Оларда бұл мәселе осылайша шешімін тапқан. Мүмкін, осындай іргелі білім ордасын бізде де ашу қажет болар. Бәлкім, бұл мәселеге сонда барып нүкте қойылар.
Мені де, жалпы көпшілікті де толғантып жүрген тағы бір мәселе бар, ол – жастардың педагог болуды армандамайтыны. Неге? Қазір айтайын: біріншіден, институтты жаңа бітіріп барған жас мұғалімге бар болғаны отыз мың теңгенің көлемінде жалақы беріледі. Екіншіден, олардың жұмыс үстелінде интернетке қосылған жеке компьютері, қажетті кітаптары, әдебиеттері атымен жоқ. Үшіншіден, қайсыбір мектептерде сабағына дайындалып алатын «мұғалімдер бөлмесі» атымен болмайды. Айтыңызшы, осындай тірлікке қай жас маман қызығады?
Осыдан алты-жеті жылдай бұрын Америкаға іссапармен бардым. Олардың қатардағы мұғалімдерінің жылдық кірісі 30 мың долларды құрайды екен. Сонда бір айға олар 2500 доллар жалақы алады деген сөз. Енді қараңыз: осы ақша олардың пәтер жалдауына, көлік алуына, басқа да шығындарын өтеуге толық жететін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, шетелде мұғалімдер мен дәрігерлер – бай адамдар санатында.
Конференция соңында ұсыныстар қабылданып, оның қатысушыларына «Өрлеу» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының арнайы сертификаттары табысталды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*