«Парасыз болашаққа.Бірге!» республикалық акциясы Атырауда да басталды

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтарды жедел қабылдауды жүргізу мақсатында Атырау қаласында мобильдік топ құрылды.

парасыз

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Парасыз болашаққа. Бірге!» республикалық акциясы аясында облыс орталығында жасақталған мобильді топ  арнайы автобуспен қала көшелерімен жүріп өтіп, халық көп шоғырланатын орындарда тұрғындармен кездесті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов қоғамдық қабылдау өткізді. Үгіт-насихат жұмыстары Сәтбаев даңғылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан басталып, кейін «Көктем» базарында жалғасты.

– Іс-шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13 – қадамын орындау, яғни, халық арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды түсіндіру, соның ішінде, қызмет көрсету барысында туындайтын әкімшілік барьерлерді барынша азайту, азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру. Аудандарда, ауылдық округтерде де осындай қабылдаулар өтті. Мобильдік топ бұл жұмысты жыл бойына жүргізетін болады, – дейді департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Мобильді топ құрамына мемлекеттік қызметшілер, «Нұр Отан» партиясының, ардагерлер кеңесінің мүшелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары енген.

Қоғамдық қабылдауға ең алғашқы болып жазылған Саламат Ұлданов Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына оң бағасын берді.

– Бұрын қажетті құжаттарымызды бір апта бойы жүріп, реттеуші едік. Енді қызмет жедел түрде көрсетіледі. Бұған жуырда «Премиум стандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, барлық рәсімдеу құжаттарын екі күн ішінде қолға алғанымыз дәлел бола алады, – деп, ризашылығын жеткізді.

Ал, жеке кәсіп ашу жөнінде көмек сұраған Алмагүл Берлібекова 2011 жылдан бастап жер кезегіне тұрғанын айтты. Тіпті бір кездері «жер алып беремін» деп уәде беріп, алдап кеткен алаяқтың есімін де атады. Оған қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Серік Нысанбаев жер тек кезекпен берілетінін түсіндірді.

парасыз2

– Қазіргі таңда қала бойынша 80 мың адам жер кезегіне тіркеулі тұр. Бүгінгі күні 2003-2004 жылдары кезекке тұрған адамдардың арыздары қанағаттандырылуда. Сондықтан кезегіңізді күтуге тура келеді. Алайда, жеке кәсіп ашуға учаске сұрап отырғаныңызды ескеріп, аукцион арқылы сауда-саттыққа шыққан жерлерді алуға мүмкіндігіңіз бар, – деген бөлім басшысы «ақшаға жер алып беремін» деушілерге сеніп, сан соғып қалмауға кеңес берді.

Сондай-ақ, Тайжан Оспанова, Жансәуле Қайдарова, Балабай Рахымберлиевтер жеке мәселелерін ортаға салып, жауапты мамандардан кеңес алды. Ал, Балауса мөлтекауданының 25-ші көшесіне тас жол төсеуді сұраған Руслан Тәженовке қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев жауап берді.

– Келер жылы Балауса елді мекені бойынша 30 көшені асфальттауға жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, 2019 жылы түгел қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді бөлім басшысы Серікбай Қажымұратұлы.

Ал, балаларын балабақшаға орналастыруға көмек сұраған көп балалы ана Бақыт Дербісәлиеваға қалалық білім бөлімінің басшысы Света Аманшиева 10 мамырдан кейін жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс негізінде орналастыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сол сияқты, Оксана Мұстафаева өткен жылдың желтоқсан айында Нұрсая ықшамауданының №14 «а» үйінен бір бөлмелі пәтер алғанын айтып, қазіргі таңда бұл баспанада тұра алмайтынын жеткізді.

– Мен – жалғызбасты анамын. Жеті жылдан астам уақыт бойы пәтер кезегіне тұрып, өткен жылы қолыма жеке баспанамның кілтін алған едім. Бірақ, қуанышым су сепкендей басылды. Есіктері дұрыс жабылмайды, қабырғалары шытынап тұр. Бір сөзбен айтқанда, үй сапасыз салынған. Сол себепті, мен әлі осы пәтерге кіре алмай отырмын. Бұл мәселе бойынша бірнеше жерге хабарластым, бірақ, «қажетті жерлерді өздеріңіз жөндеп аласыздар» деген жауап алдым, – деп уәжін айтты. Мобильді топ мүшелері оған қала әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың атына арыз жазуға кеңес беріп, бұл мәселе  қадағалауға алынатынын жеткізді.

Айгүл Ертілеу

Суреттерді түсірген: Максим СТАДНИЧЕНКО.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*