Парасат биігінде

Алғашқы күні үрпиіңкіреп қарсы алдық. Қадікен Лезов (қазір Атырау қаласында тұрады) оқу озаты, мен «ударникпін» деп мақтанатынмын. Класымызға сары бала келгелі мысымыз басылайын деді. Сол кездің өзінде сабырлы, үзілістерде алысу-жұлқысумен шаруасы жоқ, өзінің оқу құралдарын жинақтаумен айналысып отыратын. Ал, әкесі оның оқу-құралдарын әбден түгендеп берген. Түрлі бояу қарандаштар, суға езетін түрлі түсті бояу, іші шұңқыр сия-сауыт, тағы басқа да құралдарын көргенде, оған қызыға қарайтынбыз.
Әкесі Ризуан өз шаруасына ұқыпты, жақсы, үлкен киіз үйде тұрды. Түйе, бие сауатын. Әрдайым үйінен қымыз, шұбат үзілмейді. Басқа жұртқа қарағанда бақуатты өмір сүрді. Ризуан ағамызбен Ләтифа апайдың отбасында Қалима, Мағрупа, Маху атты үш қыз, Қатимолла, Хисметолла атты екі ұл өсіп-өнді. Тағдырдың жазуы солай болған шығар Қатимолладан басқасы қазіргі күнде бақилық. Олардан өрбіген ұрпақтар Атырау өңірінде өркен жайып жатыр.
Құм өресіндегі мектептердегі 7-класынан кейін Қатимолланы Ризуан ағамыз аудан орталығындағы Амангелді атындағы орта мектепке берді. 1955 жылы мектеп бітіру емтиханында оқушылардың білім сапасын анықтауға педагогикалық құрамы жеткіліксіз саналып, біздер аудан орталығындағы мектепке емтихан тапсыруға келгенімізде Қатимолламен қайта табыстық. Ол кезде бойы да, ойы да өскен осындағы мектеп бітірушілердің арасында беделді озат оқушы екен. Аудан бойынша медальға ұсынылған екі оқушының бірі. Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бұрын мұғалімдер даярлайтын екі жылдық институт сол жылы педагогикалық (бес жылдық) болып алғаш шаңырақ көтерген екен.
Қатимолла институтты 1960 жылы ойдағыдай аяқтап, Бақсай (кәзіргі Махамбет) ауданының Таңдай ауылындағы орта мектепке жолдама алды.
Қабілетті, жан-жақты жас маман алғашқы оқу жылын толық аяқтамастан, қазіргі дарынды балалар оқитын лицей-мектептің қызметін атқаратын Махамбет мектеп-интернатына жұмысқа шақырылды. Ол кезде жоғарғы партия органдары бастауыш комсомол, кәсіподақ партия органдарының жетекшілерін түгелдей өздері саралап, іріктеп отыратын-ды. Мектеп-интернатқа барғаннан кейін көп кешікпей бастауыш комсомол ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында комсомолдар ауданның белгілеген резервін бұзып, хатшылығына жаңадан келсе де Қатимолланы сайлап жібереді. Қатысқан аудандық комсомол комитетінің өкілі қанша күш салса да ұсынысын өткізе алмаған. Жиналысты қайталап өткізіп, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы да ұсынысын өткізе алмай, бәрібір Қатимолла комсомол ұйымының жетекшісі болып қала береді.
Қабілет-қарымы жоғары, білікті, мәдениетті жас жігіт КПСС мүшелігіне кандидат болып қабылданады да, көп кешікпей іріленген Бақсай аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі және штаттан тыс хатшысы болып сайланады. (Алдында ғана Есбол ауданы да Бақсайға қосылған). Ол кезде комсомол ұйымдарының беделі жоғары.
Сол кездегі облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы З.Камалиденов қатысып, Қатимолланың қабілетін бағалап, облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушілігіне алады. Міне, осыдан бастап оның мансап баспалдақтары жоғарылай, биіктей береді.
Қатимолла жоғары партия басшыларының назарына ілігіп, Алматының жоғарғы партия мектебіне оқуға барады. Мұны үздік дипломмен аяқтады.
Оған облыстық партия комитетінің хатшысы М.Тәжин «Ғылыми жұмысқа баруыңа да болады, бірақ партиялық жұмысқа да керексің» дейді. Екі жыл оқып келген соң жанұялық бюджет жағдайы оны жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Облыстық партия комитетінің бюросы партиялық-ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы және Шевченко қалалық, Теңіз, Индер аудандық комитеттерінің кураторы болады.
Партия жұмысында ысылған Қати-молланы облыстық партия комитеті 1978 жылдың бас кезінде Индер аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынады. Он жылдан астам Индер ауданындағы еңбек жолы аудан тұрғындары арасында әлі күнге ілтипатпен айтылып жүр. Кейін облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, партиялық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болады. Бұл жұмыстарды біліктілікпен атқарған Қатимолла Кеңес үкіметі ыдырап, ел басқарудың, әкімдік институты іске қосылған кезде облыстық кеңес төрағасының міндетін атқарушы, төраға орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. Зейнет жасына жақындағанда облыстық әкімдіктің Ұлт саясаты жөніндегі басқарма бастығы, кіші Ассамблея атқарушы хатшыларының меңгерушісі жұмыстарынан зейнеткерлікке шығады.
Қазақстан Компартиясы XІV және XV съездеріне делегат, облыстық кеңестің және мәслихаттың төрт мәрте, аудандық кеңестің бес мәрте депутаты болып сайланған. 1978 жылдан КПСС тарағанға дейін облыстық партия комитетінің құрамына сайланып, соңғы жылдары оның бюро құрамында болады. Көптеген ордендер мен медальдар, БЛКЖО және Қазақстан комсомолы орталық комитеттері, Қазақ ССР Министрлер кабинеті, Мәдениет министрлігі, Азаматтық және «Нұр Отан» партиялары Орталық Комитеті сияқты түрлі органдар мен ұйымдардан, Республиканың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Алғыс хаттар алған.
Осындай жоғары жұмыстарда бола жүріп жастайынан өзі сүйіп, меңгерген көркемөнерге, қазақтың қара домбырасына деген қызығушылығын бір сәтке де естен шығармады. Сахнада, дастархан басындағы отырыстарда мәнерлеп күй тарту – оның бойына сіңген қасиет. Бірде 1990 жылы тамыз айының ішінде үш рет тарап, төрт рет қайта құрылған бұрынғы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының алғашқы партия конференциясы өткізіліп, оған облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап жүрген Қатимолла қатысты. Үзілістерде шағын концерт ұйымдастырылып делегаттар концерт қойды. Делегаттар арасында Қатимолланың домбыраға жаны құмар екенін ескеріп, обкомның уәкілінен домбыра тартуды өтіндік. Қатекең бәлсінбей қолына домбырасын алып, ауданның ендігі өмірі ұзақ болсын деп, Құрманғазының «Кішкентай» деген күйін орындап, оның тарихын делегаттарға айтып бергені бар.
Қатимолла қазір зейнеткерлікке шық-са да өнер сахнасынан әлі күнге қол үзген жоқ. Өзінің азаматтық келбеті, бір кездегі жұмыстағы алғырлығы мен сауаттылығы, адамдармен қарым-қатынасындағы шеберлігі облысты басқарған азаматтардың назарына түсіп, ардагерлердің облыстық ұйымын басқаруға таңдалуы да тегін емес еді. Бұл жұмысты жүргізудің жаңа формаларын ойлап тауып, ардагерлердің тамаша концертін ұйымдастыруы, ірі ардагерлер ұйымына облыстан бірнеше адам барып жұмыстарына практикалық көмек көрсетуі, ардагерлердің тұрмыстық мұң-мұқтажына сергектікпен қарап, «Әңгіме алаңдарында» түрлі сауалдарына жауап беруі де жұртшылық арасында оң бағаланып жүр.
Қатимолла облыстағы түрлі-түрлі шаралардың басы-қасынан табылып, елді, жастарды адамгершілікке, ізгілікке, еңбек құлшынысына тәрбиелеумен үнемі айналысып отырады. Ал, мұндай адамгершілік қасиетке жанұялық жағдай жасауда зайыбы Нәсила, ұлы мен көздің ағы мен қарасындай екі қызының қосқан үлестері мол. Барлығы да жоғары білімді азаматтар болып өмірден өз орнын тапқан, ата-анасына немере-жиендер сыйлаған өнегелі жастар.
Қатимолланың бойындағы тағы бір ұнамды қасиет – өзі туып-өскен ортада, еңбектес болған адамдардың қуанышы мен реніштеріне араласып қуаныштарын бөлісуге, қайғылы шаңырақтарға жұбату сөз айтуды борышым деп санайтындығы. Оның бұл қасиеті азаматтық келбетін биіктетуде. «Биікке шықсаң-көңілің ашылар, жақсымен тілдессең-зейінің ашылар» демекші, сөйлесе қалсаң, жаныңды жадыратар жақсы қасиеттері көзге ұрып тұрады.
Міне, осындай азамат бүгінде жетпістің бесеуіне жетіп отыр. Жасы ғана болмаса, сырт келбеті мен ішкі жан дүниесі әлі сырбаз. Біз айтып өткендей, өнеге мен еңбекке толы Қатимолланың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық.

Ізбасхан ХИСИН,
зейнеткер,
Исатай ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*