Озық технология өрісі аймақ экономикасын өркендетуге бастайды

Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған атыраулық кәсіпкерлер Германияға барып, заманауи инновациялық және жоғары технологиялық кәсіпорындарды аралап, германдық тәжірибемен танысқан болатын. Осы жолы германдық «BT іnnovation» компаниясы басшыларының Атырауға келуі сол серіктестіктің жалғасы болды. 

– Атыраулықтардың Германияға сапары бүгінгі күні облыстың дамуына үлкен септігін тигізуде. Германия технологиясы жөнінен әлемде алда келе жатқан мемлекеттердің бірі. Сол себепті, бұл сапар кезінде германдық өнеркәсіп орындарын аралап, олардың тәжірибесінен үлгі алдық, – деді Ғұмар Ислямұлы.
Ол, сондай-ақ, Атырауда жұмыс жасап жатқан германдық «Кнауф» компаниясы бүкіл Қазақстан аймағымен қоса, Ресейдің кейбір өңірлерін гипсокартонмен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. «Облыста пайдалы қазбаға толы кен орындары баршылық. Сонымен қатар, облыста қызылтас, силикат, нысандардың сыртын қаптайтын, кірпіш шығаратын бірде-бір зауыт жоқ. Осы жобаларды өз техникасымен, құрылғыларымен жүзеге асыруға ниет білдіріп, осы аймақта аталған саланы дамытуға ынта таныт-қан компанияларға облыс әкімдігі барлық жағдай жасауға дайын», – деген ол германдықтарды серіктестікке шақырды.
«BT іnnovation» компаниясы әлемнің бірнеше елінде жұмыс істейді, сонымен қатар, қосымша жоғары сапалы инновациялық өнімдерді өндіріп, сатумен айналысады. Бұл мәселелерді құп көрген неміс компаниясының басшысы Феликс фон Лимбург Атырауда аталған жобаларды іске асыруға өздері де қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді.
– Біздің бағытымыз өзге компаниялар секілді технология мен жаңа өнімдерімізді экспортқа шығару болып табылады. Қазақстанның мұнайлы өлкесі саналатын Атырауға келудегі басты мақсат – облыста темір-бетон өндіретін зауыт салу және консалтингтік қызмет көрсету. Біздер зауыттың жобалау жұмыстарын жасап, құрылыс аяқталған соң мамандардың білімдерін өз елімізде жетілдіруге мүмкіндігіміз бар, – дейді ол.
Сондай-ақ, аталған компанияның консалтингтік бағытының басшысы Клаус Шнайдерс компания жөнінде толық мағлұмат беріп, екі арадағы серіктестіктің тиімді тұстарына тоқталды. Дүниежүзінің елу елінде тұтынушылары және 22 мемлекетте серіктестіктері бар бұл компания қазіргі таңда қарқынды дамып, тың жоспарларымен ерекшеленеді.
Темір-бетон қондырғылары үшін консалтингтік қызмет көрсетудің халықаралық бағыттарымен жұмыс жасайтын неміс компаниясының өкілдері облыстағы өндіріс орындарын аралап, бірқатар жобаларды бастауға мүмкіндік бар екендігін айтып, өз тараптарынан да серіктестікке келуге ниет білдірді.
Басқосу соңында қос тарап Қазақстан мен Германия арасында іскерлік қатынасты дамытуға келісімге келді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 
Суретті түсірген

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*