ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛГЕН ӨНІМ – ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫННЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

 

– Біздің серіктестік 2009 жылы құрылып, 2011 жылдан алғашқы өнім шығара бастады. Атырау қаласындағы бұрынғы химия зауытының аумағында орналасқан бұл кәсіпорын полипропилен және полиэтилен материалдарын өңдеп, дайын өнім түрлерін шығаруға маманданған. Жылдық өндірістік қуаттылығы 123-150 мың тоннаны құрайды. Былайынша айтқанда, мұнда 2 млн. дана, соның ішінде бір мәрте пайдаланылатын (500-ден 2500 келіге дейінгі жүкті көтеретін) 45 мың дана түрлі өлшемдегі қаптар дайындалады. Еліміздің «Индустрияландыру картасына» енген кәсіпорындардың қатарынан орын алғандықтан жыл санап өз өрісімізді  кеңейтіп, мүмкіндіктерімізді ұлғайтуға бағытталып келеміз. Өнімдерімізге деген сұраныс пен тұтыну көлемі де  көбейе түсті. 2013 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 400 млн. теңге сомасында несие алуға қол жеткіздік. Енді сол мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен еншілеген қарызымызды сапалы да сұранысқа сай өнім шығару жолымен қайтарып, пайда табуға тырысудамыз. Әзірге қадамдарымыз сәтті, ісіміз нәтижелі болып келе жатқан тәрізді,–деді серіктестік директоры.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, мұнда шикізат ретінде жергілікті материалдар қолданылса, өндірістік процестер Австрия елінен әкелініп, орнатылған заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталып, жарақтандырылған. Бүгінгі таңда зауытта жұмыс жасайтын адамдардың саны 215-ті құраса, 2016 жылы жоспарланып отырған жаңа кешен іске қосылып, толық қуатына көшкен кезде шығарылатын өнім көлемі көбеюмен бірге жұмысшы-қызметкерлердің қатары 400-ге жеткізіліп, екі еседей өсірілмек. Осында әзірленген қаптар күнделікті тұтынылымдағы бидай ұны (астық), құмшекер, күріш, макарон өнімдерінен бастап, әртүрлі құрғақ құрылыс қоспаларын салуға пайдаланылады. Ал, өндіріс алаңы кеңейтіліп, жаңа кешен игілікке берілген уақытта қазіргіден өзге, жіпсіз тігілетін клапанмен бекітілетін, жүк көтергіштік қабілеті де бұған дейінгілерден артық, сапасы мен сенімділігі жоғары қаптарды дайындап шығару көзделген.

Білгеніміздей, бүгіндері «Касхим» ЖШС-нің базасында дайындалған тауарлардың тұтынушылар аясы ұлғайтылып, отандық кәсіпорынның өнімдері Ресей Федерациясы, Түркия, Әзербайжан және Беларусь Республикаларына шығарылады. Осылайша, бірінші кезекте ішкі нарықтың қажеттілігін өтеуді қамтамасыз еткен серіктестік таразы басын тең ұстап, сырттан тасымалданатын және шетке шығарылатын тауарлардың үлес салмағын 50/50 пайыз деңгейіне жеткізген. Оған қоса, Қазақстанның бірыңғай кедендік одаққа, экономикалық кеңістікке, одан қалды бірыңғай экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіруі осы секілді отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілік дәрежесін арттырып, бизнес әлеміндегі мүмкіндіктерін молайтатындығына сенімдері кәміл.

Ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын, өз ісінің білікті де шебер, майталман мамандары еңбек ететін көп ұлтты ұжымның мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне де сергек қарайтындығын аңғардық. Соның куәсіндей, жыл сайын ұйымдастырылатын «Алтын сапа» және «Парыз» республикалық байқауларына қатысып, Мемлекет басшысының тарапынан лайықты мақтау-марапаттарға ие болып жүрсе, биылғы тамыз айының аяғында Атырауда өткен «Қазақстанның үздік тауары» атты көрме-конкурсының өңірлік кезеңінде де жақсы жағынан көрінді. Соңғы бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан, ондаған бизнес субъектісі қатысып, бағын сынаған  дәстүрлі додада серіктестіктің аты оза шауып, «Үздік өндірістік тауар» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды еншіледі. Одан қалды, отандық кәсіпорын басшылығы қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарын қолдап, мұқтаждарға қолұшын созуға, кейбір әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына атсалысуға да әрдайым әзір.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*