Жолдамамен де жұмысқа алмайды

Жаңалықтар Мәселе Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 4817 адам жүгінсе, оның 2351-і жұмыспен қамтылған. Дегенмен, кейбір компаниялар орталық арқылы барған азаматтарды жұмысқа алуға құлықсыздық танытып отыр. Бұл туралы Атырау қаласы мәслихатының кезекті XXXXII сессиясында мәлім болды.

Мәселен, сессияға қатысқан қала тұрғыны Ғалым Досанов өзінің 30 жылдық тәжірибесімен жұмысқа орналаса алмай жүргеніне қынжылды.

«Мамандығым – инженертехник. Жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше мекемеге жолықтым. Жасыма қарап «кейін хабарласамыз» деп қоя береді. Мен секілді тәжірибелі мамандардың жастарға үйретері көп. Алайда, білімім мен денсаулығым бола тұра, жұмысқа орналаса алмай жүрмін» деді ол.

Сессия барысында Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының жұмысы да тыңдалды. Депутаттар жастарды әскерге шақыруды ұйымдастыру, көлікпен қамту секілді мәселелерге баса назар аударуды тапсырды.

Қалалық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова жастардың әскерге жарамдылығын тексеретін медициналық кабинеттердің талапқа мүлде сай келмейтінін, мамандардың арақашықтық сақталмаған тар бөлмеде қабылдау жүргізетінін, сондай-ақ, әскери есеп құжатының қауіпсіздігі сақталмаған ашық сөреде орналасқанын көтерді.

Биыл «Көктем-2019» мерзімді әскери қызметке 269 жасты жіберу жоспарланғанымен, 237 адам аттанып, жоспар 88 пайызға орындалған.

Сонымен қатар, сессияда қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жұмысы тыңдалды. Аталған бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуандық Қасымовтың айтуынша, қала мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жалпы ұзындығы 102,44 шақырымды құрайтын 97 көшеге (Ақсай-2, Дамбы-2, Тасқала-3, Еркінқала-2) тас жол төселіп жатыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *