Қоғамдық көлік: күдік пен үміт

4789 Жаңалықтар

Атыраулықтардың автобус қатынасына өкпесі әуелден жетерлік. Кеңестік кездегі автопарк тарап, бұл шаруа жекелердің қолына көшкелі жүйелі жұмыс та жоғалды. Әрі итеріп, бері тартқан үлкенді-кішілі мекемелер маршруттарды бөліп алып, білгендерін жасап-ақ жатыр. Бұл жағдай шаһар тірлігі үшін өзекті мәселеге айналды. Рас, қазір жергілікті атқарушы билік ахуалды сауықтыру бағытында нақты шаралар алуда. Тың бастамалар жоспарланған. Тек соны қалалықтар қалай қабылдар екен? Жаңалық жанға жағымды бола ма, әлде көпшіліктің көңілінен шықпай ма?

4789

ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЖЕҢІЛДІКТЕР

Қоғамдық көлікте жиі жүреміз. Талай оқиғаға куә боламыз. Жүргізушілер мен кондукторлар бір жақ, жолаушылар екінші жақ, әйтеуір жаға жыртысып жатады. Алдымен, мәселе жеңілдіктерге қатысты. Автобустарға өз еркімен жолаушы тасымалдауға рұқсат жоқ. Онымен заңсыз шұғылданғандар жазаға тартылады. Демек, тиісті орындарға тіркеліп, тендерге түсуі тиіс. Ал, оның талабы бойынша кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Демек, жүргізушілер өздерінің мекемесі арқылы осы талапқа көнді. Ендеше, неге реніш білдіреді?

Бізде қоғамдық көлікте Ұлы Отан соғысына қатысқандар тегін жүруге құқылы. Ойлап көріңізші, кешегі майдангерлер – бүгінде кем дегенде тоқсаннан асқан ақсақалдар. Бұлардың да қатары едәуір селдіреді. Мұндай жаста автобусқа өздігінен мінер қауқар бар ма? Кім көрді екен олардың қоғамдық көлікпен жүргенін? Ендеше, «біз Ұлы Отан соғысына қатысушыларды тегін тасып жүрміз?» деп еш мекеме басшысы мақтанышпен айта алмайтын шығар. Демек, бұл жеңілдік қағаз жүзінде ғана бар.

Одан әрі, зейнеткерлер жолақының жарты бағасын төлейді. Міне, осы жерде жүргізушілерді жақтайтын да тұс бар. Келісім бойынша, елу пайыздық жеңілдікке зейнет жасына нақты жеткен ардагерлер ғана ие. Ал, еңбек өтіліне байланысты зейнетке ерте шыққан құқық қорғау саласының қызметкерлері немесе осыған ұқсас өзгелері жолақысын толық төлеуі тиіс. Міне, түсінбестік осы жерден туындайды. Әйтсе де, 70-80 жастағы қарттардың автобусқа жиі мінетіндері тым аз. Яғни, бұл бағыттағы жеңілдіктің де жүгі жеңіл.

Сонымен қатар, бірінші топтағы мүгедектер, зағиптар қоғамы мүшелеріне тегін жүру құқы берілген. Шаһарда арбаға таңылған жандар үшін артқы есіктен кіруге жағдай жасалған бірен-саран автобус та бар. Әйтсе де, соны пайдаланған мүмкіндігі шектеулі адамдарды көрмедік. Қос жанары көрмейтін зағип жандардың да қоғамдық көлікті тұтынғанын байқамадық.

Ақырында, сабақ кезінде оқушылар тегін жүре алады. Біраз тартыстан соң облыстық білім басқармасының басшылығы олардың осы құқығын қорғап қалды. Бірақ, тағы да түйткіл бар. Оқушылардың қосымша сабаққа баруы, түрлі үйірмелерге қатысуы ақылы. Кондукторлар көптің көзінше «сен таңертең оқисың ба, түсқайта не істеп жүрсің?» деп әлгілердің екі аяғын бір етікке тығып жатады.
Әйтсе де, әділдік үшін, жүргізушілер жағында бірер ауыз сөз айтуға болады. Қала сыртындағы елді мекендерге, әдетте, «Газельдер» қатынайды. Небәрі он орындық шағын автобусқа үлкендерді мінгізе ме, оқушыларды отырғыза ма? Артық жолаушы алуға жол-көлік полициясы рұқсат етпейді. Міне, осы орайда қоғамдық көлік иелері екі оттың ортасында қалады. Оның үстіне, оқушыларда өздерінің шәкірт екендігін растайтын құжат болуы тиіс. Мектеп директорларының осы мәселеге назар аударғаны жөн. Әйтпесе, жоғары сынып оқушылары мен колледждердің бірінші-екінші курс студенттерін айыру мүмкін емес.

Рас, автобустарда басқа да кейбір жеңілдіктер қаралған. Дегенмен, сайып келгенде, осының бәрі пайдаланылып жатқан жоқ. Сондықтан, жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелердің соны бетке ұстап, жиі айтуы жараспайды. Сайып келгенде, жеңілдіктер қоғамның әлеуметтік әлсіз тобына жататын жандарды қорғау үшін қолданылады. Бұл – мемлекетіміздің саясаты.

ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАҒЫМДЫ МА?

Әр жаңалыққа жан-жақты үңіліп қарайтын халықпыз ғой. Сондықтан, шаһар басшыларының қолға алғалы отырған бастамасын да таразыға тартып көрелікші. Сөз жоқ, электронды төлем жүргізуші мен кондуктордың қалтасына кетіп жатқан ақшаға тосқауыл қояды. Ал, олардың күнделікті көлденең табыс тауып жүргені жасырын емес. Келісім бойынша мекемеге төлейтін төлемнің сыртындағысы өздерінде қалады. Міне, жаңа жүйе осындай оралымсыздықтың орнын толтырады.

Әйтсе де, тағы бір жайды ескерген жөн. Қосымша пайдаға қалтасын толтырып үйренген жүргізушілер мұндай мүмкіндіктен айрылған соң жаппай жұмыстан шығып кетпей ме? Әсіресе, жеке көлігі барлар қызметін тоқтатып, «темір тұлпарын» ауласына апарып қойса ше? Қаңтарылған автобустарға жүргізуші табылмаса, қоғамдық көліктер маршрутқа шыға алмайды. Биыл шілдеде Астанада жолаушы тасымалы жаңа жүйеге ауысқанда осындай жағдай қалыптасуға шақ қалды.

Бүгінде Елордада қоғамдық көлік төлемі әртүрлі. Мәселе, электронды картамен қарапайым автобусқа мінгендерге билет құны – 90 теңге. Ал, қолма-қол ақы 180 теңгеге көтерілді. Ақырында, экспресс-такси бағасы 250 теңгеге жетті. Әрине, арзан емес. Атыраулық жүргізушілердің ара-тұра жолақыны көтеруді талап етуі де сондықтан шығар.

Автобус-такси бізде де бар. Мәселен, №4 маршрут екіге бөлінген. Бірі әдеттегі маршрут саналып, «Авангард» ықшам ауданы арқылы қала ортасымен «Дина» сауда орнына жетеді. Екіншісі де «Нұрсаядан» шығып, Бейбарыс даңғылы бойымен «Авангардқа» соқпай, «Динаға» тура тартады. Алғашқысында жолақы – 80, соңғысында –100 теңге. Және мұнда ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Нендей айырмашылығы бар? Жүрер бағыты болмаса, ешқандай дерлік. Автобус-такси кеңестік кезде де болған. Ол жылдамдығымен ерекшеленетін. Яғни, екі-үш аялдамадан кейін ғана тоқтап, уақыт ұтатын. Ал, №4 маршруттағы автобус-такси шабан жүрісімен әр аялдаманы жағалайтыны өз алдына, көшеде қол көтерген кез-келген адамды да ала кетеді. Сонда ол атына заты сай ма?

Елордада өзін ақтамаған, міндетті жұмысын атқара алмаған бірнеше шағын маршрутты салалас ірі мекемеге қосып, ахуалды сауықтыруға кірісіпті. Оңды тәжірибе тәрізді. Бізде де жолаушы тасымалымен шұғылданатын бірнеше ұжым бар. Бәрінің шаруасы шалқып тұрмағаны белгілі. Өткен жылы №7 маршрут тоқтады. «Химпоселок» елді мекенінің жұрты орталыққа жаяу шұбырды. Қазір Атырау-Еркінқала аралығында қатынайтын №52 маршрутқа тұтынушылар разы емес. Мұндағы «Газельдер» сенбі-жексенбіде тіпті кездеспейді. Демалыс күндері адамдардың аздығын сылтау етеді. Ашығын айтқанда, жолаушыларды көлденең жеңіл көліктер тасымалдап жүр. Кейбір дерекке қарағанда, №14 автобусты «Авангард» ықшам ауданымен шектемей, бері қарай қарай созу сөз болыпты. Бірақ, әлі жүзеге асқан жоқ.

Аға ұрпақ жақсы біледі, кеңестік кезде қоғамдық көліктерде жол жүру билеті қолданылды. Яғни, бір айға осындай құжат сатып алынады да, автобуста тегін жүруге болады. Бұл жұмысқа немесе оқуға барып-келуге өте тиімді еді. Қазіргі электронды карта да соған ұқсас. Тек мұнда ақы төленеді. Рас, өзгелеріне қарағанда азаңдау. Әйтсе де, автобусқа анда-санда ғана мінетін зейнеткерлерге нендей жеңілдік бар? Олар электронды картаның қанша пайызын төлеу керек?

Жалпы, жаңа жүйе жолаушы тасымалында орын алып отырған осындай оралымсыздықты да жоюға бағытталған. Қоғамдық көліктердің қалай қызмет істеп жүргені қатаң бақылауға алынады. Бірін бірі қайталайтын маршруттарды реттеуге көмектеседі. Рас, жоғарыда айтқанымыздай, кейбір қалаларда бастапқыда біраз түсініспестік болған. Атыраулық басшылардың ұтатын тұсы – өзгелердің қателіктерінен сабақ алуына мүмкіндігі бары. Солардың жұмысын саралап, озығын алып, тозығын тастаған жөн.

АЯЛДАМА – АВТОБУСТАР ТҰРАҒЫ

Бұрын да айттық, қазір де қайталаймыз, аялдамалар автобустар тоқтау үшін салынады. Ендеше, мұнда таксилер не істеп тұр? Олардың қоғамдық көлікке жол бермей, топталып тұрғанын полиция қызметкерлері көріп-ақ жүр. Бірақ, олардың тоқтап, тәртіп орнатуға құлқы жоқ. Рас, ара-тұра ұйымдастырылатын рейд кезінде кейбір такси жүргізушілері жазаланады. Алайда, артынан бәрі бұрынғы күйіне түседі. Осы түйткілді мәселені реттейтін кез келді.

Қазір жергілікті атқарушы билік көшелерді кеңейтіп, аялдамаларды жаңартып жатыр. Құп делік. Әйтсе де, солар алдымен қалалықтарға қолайлы болуы тиіс. Қыста бораннан ықтасын, жазда ыстықтан көлеңке болғаны жөн. Қазақ «сұлуынан жылуы» демей ме? Әдемілік те керек шығар. Дегенмен, автобус күткен жұртқа жағдай қажет.

Бұдан бірер жыл бұрын орталық аялдамаларда қоғамдық көлік жүрісінен хабардар ететін электронды таблосы бар құралдар орнатылды. Өзгені қайдам, өз басым солардың дұрыс жұмыс жасағанын көрмедім. Желге ұшқан қыруар қаражат-ай. Енді кінәлілерді іздеп, жазаға тарту кеш те шығар. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, мердігер мекеме де ізін суытқан болар. Осы шаруа тағы қолға алынса, тағы да опық жеп қалмау жағын ойластырған абзал.

Жаңа аялдамалар жанында шағын сауда орындары салынбақшы. Мұндай тәжірибе бұрын да болған. Кейін бұл дүкендерде ішімдік сатылып, төңірегі қоқысқа толған-ды. Сондай жай қайталанбауы мүмкін бе? Ендеше, аялдама тазалығымен кім айналысады? Дүкен иелері ме, әлде қала басшылығы ма?

Қайткенде де, қалалықтар қоғамдық көлік қатынасының қалыпты болғанын қалайды. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік бастамасын қолдап отыр. Тек «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, озығы мен тозығын таразыға тартқан жөн.

P.S. Австралияның Мельбурн, Финляндияның Мариехами, Литваның Скуодас, Бельгияның Монсе қалаларында қоғамдық көлікте тегін жүреді екен. Мұндай жағдай бізде бола қоймас. Әйтсе де, барымызды бағалап, тиімді пайдалана білсек, ахуалды сауықтыруға мүмкіндік мол.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз