Балық шаруашылығының болашағы қандай болады?

ZHurnalistik zerdeleu Жаңалықтар

Қытайға іссапармен барған жерлестеріміздің аузын ашып, көзін жұмып келгені бар. Өйткені, шығыстағы көрші ел бекірені жасанды тоғанда өсіріп, шаруасын дөңгелентіп отыр екен. Табысы көл-көсір кәдімгі бизнес. Ал, суында «балығы тайдай тулаған» байыр-ғы өңірде істі осылайша өрістетуге не кедергі? Балық шаруашылығының болашағы қандай болады?

Журналистик зерделеу

Теңізге тамған тамшыдай

Бүгінде бекіре балығының бағасы алтынға татиды. Атырауда оны жасанды түрде екі зауыт өсіріп отыр. Олар жыл сайын теңізге 7 млн. шабақ жібереді. Салыстыра көрсетсек, бұл айдынға тамған тамшы секілді. Мәселен, Ресей – 56 млн., Иран – 22 млн. және Әзербайжан 15 млн. майшабақты суға жіберуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы (балық өнеркәсібі басқармасы өз алдына бөлек отау тігуде) өкілдерінің айтуынша, Дамбы, Еркінқала елді мекендеріндегі бекіре балығын өсіретін екі зауыт Үкімет қаражатымен жұмыс жасауда. Жіберілген шабақтың көлемі аздау. Келешекте аталған кәсіпорындарға қосымша «Caspian Royal Fish» бекіре балығын өсіру фермасының базасында тағы бір өндіріс ашылмақ. Оның шабақтары да тоғандарда өсірілетін болады. Айта кетейік, қазіргі күні бекіре тұқымдас балық өсіретін екі зауытты қайта жарақтандыруға қам жасалуда. Жобаның экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.

Экотуризмді дамыту, аталған зауыттардың жұмысын тамашалаушылардың қатарын өсіру де аталған мәселемен байланысты. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген адамдардың табысын арттыруға, қосымша қор жинақтауына мүмкіндік береді.

Ауланған балық азайды

Былтыр елімізде 45 мың тонна су маржаны ауланыпты. Бұл кеңес кезіндегі тартым ең аз болған жылдағыдан екі есе төмен. Ал, облыста соңғы бес жылда шаруашылықтар аулаған балықтың көлемі 14,2 мың тонна­дан 12,8 мың тоннаға дейін кеміген. Мамандар мұның басты себебін табиғаттың ырыздығына тағылық көзқараспен байланыстырады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәселеге орай өз ойын ашық айтуына осы жағдай себепші болса керек.

Жақын күндері балықты тек заңды әдіспен аулауға қол жеткізетін боламыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерлеріміз оны қайта өңдеуді енгізу бағытында жұмыстануда. Бізде балық аулаумен және қайта өңдеумен айналысатын 19 табиғат пайдаланушы болса, соның біреуінің ғана еурокоды бар. Бұл – «Амангелді» өндірістік кооперативі. Тағы бір серіктестік жақында еурокод алғалы отыр. Кешенді жұмыстарды тікелей кәсіпорындардың өзінде жүргізуге маңыз берілуде. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді, экспортталатын өнім санын ұлғайтуды басты мәселе санаймыз. «Атырауда жасалған» деген маркасы бар дайын өнімді шетелдік нарыққа экспорттауға осылайша жол ашылмақ, – деді аймақ жетекшісі Нұрлан Асқарұлы.

Ежелгі кәсіптің ертеңі

Балық шаруашылығының проблемалары үлкен мінбелерде айтылып жүр. «Атырау» газетіне арнайы сұхбат берген Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов мәселені жүйелі түрде шешу қажет деп санайды. Оның пікірінше, қалыптасқан ахуалға түрлі жағдай себепші болып отыр.

Проблеманың алғашқысы – балық ресурстарын мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесінің жоқтығында. Тәуелсіздік жылдары салалық мемлекеттік мекеме бірнеше рет құрылымдық өзгеріске түсті. Түрлі министрліктің құрамында болды. Қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті болғанмен, оның атауында «балық» деген сөз жоқ. Осының өзі ежелгі кәсіп саналған салаға жеңіл көзқарасты байқатқандай.

Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі ғылыми негізделген бағдарламаның немесе нақты іс-шаралар жоспарының болмауы да сенаторды алаңдатады екен.

Ел егемендігін алған кезден бері ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған 9 бағдарламалық құжат әзірленді. Соның өзінде қордаланған мәселелер толықтай шешімін таппауда. Ал, балық шаруашылығына қатысты бір бағдарлама дайындалып, оның кейбір талаптары толық орындалмай қалды. Агроөнер-кәсіптік кешенді дамытудың 2017-2018 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 129 беттен тұратын ауқымды құжат. Мұнда балық шаруашылығының жай-күйі үш-ақ абзацтан тұратын акваөсіру мәселесімен шектелген, – дейді сенатор.

Мемлекеттің қолдауы қажет

Еуропа елдерінде, Жапония мен Норвегияда балық шаруашылығының дамуына ерекше маңыз беріледі. Мұнда бюджеттік, бюджеттен тыс, салааралық, тағы басқа көмек қаржының түрі бар. Ал, бізде осы жағынан олқылық аңғарылады. Сәрсенбай Құрманұлы бекіре балығын өсіретін Атыраудағы «Caspian Royal Fish» ЖШС-не сенаторлармен бірге барған сапары туралы баяндады. Мұнда жалпы құны 1,164 млн. теңгені құрайтын жоба қолға алынып жатыр. Оның жарты ақшасын құрылым өз есебінен шығарған. Қалғаны мемлекеттің қолдау қаржысы екен. Компания уылдырық жасап, шетелге жөнелте бастапты. Бірақ, бекіре тұқымдас балықтың аналығын Жайық өзенінен аулауға рұқсаты жоқ, қажеттіні Ресей, Польша асып, табуға тура келеді. Мұның себебі біздегі заңдылықтың бұған мүмкіндік бермейтіндігімен байланысты екені даусыз.

Былтыр елімізде барлығы 2700 тонна тауарлы балық өсірілді. Егер бұл салаға дұрыс көңіл бөлініп, қолдау жасалмаса, 2021 жылға дейін тауарлы балық өсіруді 5 мың тоннаға жеткізу туралы болжамның іске аспауы әбден мүмкін, – дейді Сәрсенбай Еңсегенов.

Балық қорын қорғау, лимит бөлу, салалық кәсіпорындарға берілетін мемлекеттік қолдау түрін жетілдіру – бүгінгі күннің мәселесі. Оны мезгілінде шешу, қажетті шаралар алу балық шаруашылығының болашағын айқындайды. Бастысы, іргелі істі игеруге ұмтылыс бар.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз