Арыз-шағым аяқсыз қалмасын!

Kogam Жаңалықтар

Облыс бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында 2 179 983 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жұмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған, алайда тұрғындар тарапынан қызмет сапасына қатысты арыз-шағымдар көбейген. Бұл туралы селекторлық режимде өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.

????????????????????????????????????

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Данияр  Алтыбайдың айтуынша, өткен жылы азаматтардан 25 шағым түссе, биылғы 11 айдың қорытындысымен көрсеткіш екі есе жарымға өскен. «Шағымдардың басым көпшілігі жер мәселесі, сәулет және тұрғын үй қатынастары саласына қатысты. Жыл басынан бері 39 жеке, 4 заңды тұлғаның өтініші негізінде 73 тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 21 451 заң бұзушылық фактілері анықталып, 15 қызмет алушының құқықтары қорғалды, 28 лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек рұқсат беру құжаттарының мерзімдерін бұзу фактілеріне қатысты тоғыз әкімшілік іс қозғалып, тоғыз тұлғаға айыппұл салынды» деді ол.

Облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Азамат  Айманакумов ағымдағы жылы әдеп жөніндегі уәкілдерге өтінішпен жүгінушілер санының, оның ішінде өз дәлелін тапқан өтініштер үлесінің артқанын мәлімдеді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов жиын барысында арыздарды қарау сапасы төмен екенін айтты. «Әлі де болса көптеген кемшіліктер орын алуда. Оған тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар дәлел. Алайда, осы арыздарға сапалы, толық жауап берілмейді. Тіпті, қоғамдық кеңес тарапынан жіберілетін хаттарға да мардымсыз жауаптар келеді. Мұның өзі мәселенің қайта туындауына себеп болады. Ал, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мемлекеттік қызметкердің өзіне байланысты. Сондықтан, бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға қарай да жалғасын табады» деді Мұрат Сақтайұлы.

Басқосу барысында баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Әсия Қыстаубаева Атырау қаласымен қатар, аудандық жерлерде де «Тіл туралы заң» нормаларына сәйкес келмейтін атаулардың барын айтты. «Биыл облыс бойынша 412 нысанда акциялар ұйымдастырылып, зерделенген 910 көрнекілік ақпараттың 330-на (оның 65-і түзетіліп, 265-і түзетілу үстінде) ескертулер берілді. Яғни, облысымызда көрнекі ақпарат құралдарында, өкінішке қарай, заң талаптары бұзылып, тіл нормалары сақталмайды. Оның басым көпшілігі ақпарат тек бір тілде орналасуы, мемлекеттік және орыс тілінде жазылған көрнекіліктің орналастыру тәртібі сақталмауы, мәтін мазмұнында жіберілген қателер мен түсіп қалған әріптер болып отыр. Зерттеумен  Исатай ауданының Аққыстау, Тұщықұдық, Қамысқала, Жанбай, Нарын, Забурын, Исатай ауылдық округтері, Мақат ауданы бойынша Мақат, Доссор кенттері, Бәйгетөбе ауылдық округі қамтылды. Өкінішке қарай, заң бұзушылық көптеп анықталды. Ауылдардың  «адресі», қақпасы, ауылдың айнасы болып есептелетін ауыл аншлагтары, яғни ауыл атауларын ретке, заманауи түрге келтіретін уақыт болды.

Мәлике Қуанышева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз