«ӨЗ ҚАН ҚЫСЫМЫҢДЫ ТЕКСЕР!»

Бүкіләлемдік жүрек күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен онкүндік акция осылай аталды.

Мамандардың пайымдауынша, облыс бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларымен халықтың 38 пайызы диспансерлік есепте болса, оның үштен екісіне жуығы – қан қысымы ауруларына шалдыққандар. Мәселен, артериядағы қан қысымы өз мөлшерінен асқан кездегі жағдайды артериялды гипертонияға шалдығу немесе қан қысымының көтерілуі дейді. Қазіргі кезде қан қысымының көтерілуі де жас талғамайтын аурулар болғандықтан халықты да, дәрігерлерді де алаңдатып отыр.

Ал, онкүндік аясында дәрігерлер қала, аудандардағы сауда орындары мен базарларды, мекемелер мен кәсіпорындарды аралап, тұрғындардың қан қысымын тексеруден өткізді. Соның бір шарасы ретінде №2, 3 қалалық емханалар дәрігерлері мен орта буын мамандары «Дина», «Насиха» сауда орындарында болып, сатушылар мен тұтынушылардың қан қысымын өлшеп, қан қысымының көтерілуі және оның салдарынан болатын аурулар жайында ақпарат беріп, қан қысымының алдын алу, сақтану жөнінде дәрігерлік кеңестер  жазылған парақшалар таратты.

№2 қалалық емхананың дәрігері Гүлшат Таженованың айтуынша, адамның қалыпты қан қысымы – 140/90 мм-ден аспауы керек. Тексеруге келгендердің басым бөлігінің гипертония дертіне көп шалдықпағаны белгілі болды. Бірақ, елу жасқа қарай аяқ басқандар арасында қан қысымы жоғары адамдар көп кездесті.

Акция барысында аталмыш сауда орындарында 400-ден астам адамның қан қысымы өлшеніп, онда қан қысымы жоғары болғандармен жеке-жеке сөйлесіп, аурудың пайда болуы мен оның алдын алу туралы пайдалы кеңестер берді. Оларға емханаға барып, қан құрамын тексеру сынамасын тапсыруды, ЭКГ аппаратымен жүрек-қан тамырлары жолдарын тексеруді ұсынды.

Сурет  редакция  мұрағатынан  алынды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*