Қой шаруашылығын дамытуға не кедергі?

Атырау аймағы – төрт түлікті түгел өргізуге қолайлы өңір. Бұрынғы шаруашылықтар кейінгі жылдары жекешеленіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп кетсе де, атакәсіпті жалғастырып келе жатқан малбегілері баршылық. Әйтсе де, мал басын асылдандыру, оны өз төлі есебінен көбейту, жеке иеліктерді біріктіру, ауыл жастарын тұрақтандыру, субсидия төлеу  мәселесі әлі өткір тұр.

Осы орайда газетіміз ұйымдастырған басқосуға қатысқандар аталмыш проблеманы кеңінен қозғады.

атажұрт

Тұқым азып  барады

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі өткір мәселелердің бірі – мал басын асылдандыру. Мамандар осы жағы ақсап жатқандығын жиі айтады.

Наржан ЖҰМАДІЛЛАЕВ, етті-майлы қой шаруашылығы республикалық палатасының бөлім бастығы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Бұл – бүгінгі күннің басты проблемасы. Қазір республикада барлығы 17 млн. қой бар. Ал, соның тек 2 млн. 330 мыңы ғана асыл тұқымды саналады.

Кеңестік кезде Қазақстанда 35 млн. қой бағымда болды. Бүгінгі мақсат – сол деңгейге жету ғана емес, қолдағы 17 млн. қойдың тұқымдық құндылығын, өнімі мен сапасын арттыру. Қазір 11 млн. шамасындағы қой ауыл адамдарының қолында. Жасыратыны жоқ, оларды тұрғындар тек күнделікті қажетіне жаратады. Демек, өнімділік қасиетін жақсартуға онша бас ауыртпайды.

– Ендеше, саланың тиімді-лігін арттыру үшін не істеу керек?

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Атырау облысы өзінің еділбай қойымен республикаға жақсы таныс. Аймақта оның генефоны толық жасақталды. Әйтсе де, оған қатысты әлі де атқаратын шаруа жеткілікті. Әсіресе, асылдандыру бағытында ақсап жатырмыз. Мәселен, бұдан 40-50 жыл бұрынғы еттілік пен салмақты әлі көре алмай келеміз. Еділбай қойын өсіруге ұмтылыс бар да, өнімділігі мен тұқымдық қасиетін жақсартуға көңіл бөлінбей жүр. Оған қызығушылық танытатын, өсіруге ұмтылатын алыс-жақын шетелдіктер жетерлік. Қазірдің өзінде Ресей шаруагерлері еділбай қойын отар-отарымен сатып әкетуде. Өздеріне апарып, одан әрі асылдандырған соң сапалы өнімін тұтынушыға өткізеді. Тіпті атын иеленіп кетуі де мүмкін. Сондықтан, еділбай қойына шапшаңдатып «Ұлттық қой тұқымы» мәртебесін берген жөн. Әйтпесе, одан да айырылып қаламыз.

Жастар  ауылдан неге  қашады?

– Осы орайда ауылдағы жағдай қалай екен? Атакәсіпті әрі қарай жалғастыратын жастар бар ма?

Мұрат САРМАНОВ, «Нұрлы Дала агрофирмасы» шаруа қожалығының төрағасы:

– Ауыл жастарын әлі де ауылға тұрақтата алмай жатырмыз. Сайып келгенде, қой шаруа-шылығын дамытуға кедергі келтіріп отырған жайдың ең  бастысы – маман тапшылығы. Жоғары немесе арнаулы білімді мамандарды айтпағанда, қарапайым  шопан табу үлкен         проблемаға айналды.

– Ал, оны  шешу  үшін  не  істеуіміз керек?

М.САРМАНОВ:

– Ауыл қызметкерлерін тұрғын үй және жер телімі кезегімен, демалыс орындарына жолдамамен қамтамасыз ету қажет. Рас, бүгінде қой шаруашылығы құрылымдарының дені жеке меншік. Дегенмен, олар да мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысып отыр ғой. Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту жолында тер төгіп жүр. Ендеше, оларға да бетбұрыс жасайық.

Қ.ЫРЗАҒАЛИЕВ:

– Қазір қой бағуға адам табылмайтыны рас. Сонымен қатар, ауылда тракторшылар мен көлік жүргізушілері, техника жөндеушілер жетіспейді. Әркім қиындықтан өз бетімен шығуда. Егде тартқан малшылар зейнеткерлікке қалуда. Үлкендердің орнын басуға жастардың зауқы жоқ. Әйтсе де, оларды орынсыз жазғыра берген жөн бе? Мүмкін алдымен ауылдың тұрмысын түзеген дұрыс шығар?

Мәселен, әр қыстаққа сығымдалған газ бен электр энергиясын жеткізу керек. Баламалы энергетикалық қуат көзін орнатуға да болады. Әрине, мұны жергілікті бюджеттің күшімен шешу мүмкін емес. Демек, республикалық кешенді бағдарлама қажет. Сонымен қатар, әр шаруашылық басшысы өзіне келген жас маманның алдына мал салып, көтерме сыйлық ұсынса, жарасымды болар еді. Әрине, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ, соған қосымша қамқорлық шарасы алынса, тіпті тамаша емес пе? Сондай-ақ, мал шаруашылығында 15-18 жыл үздіксіз жасаған жандарды 50-55 жастан зейнетке шығару тәртібін де енгізген жөн.

Жеңіс ӘБІЛХАЙЫРОВ, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы, Құрманғазы ауданы:

– Әріптестерім айтқан         проблемалар бізге де тән. Жасыратыны жоқ, үлкен қиындықтармен жұмыс жасап жатырмыз. Алдымен, расында да, малшы-ларға ешқандай әлеуметтік жағдай туғызылып отырған жоқ. Мәселен, бизнес нысандарына инфрақұрылым тарту жергілікті атқарушы билікке жүктелген. Оған қаралған қаражат та бар. Ал, осындай игілік неге ауыл шаруашылығы нысандарына тиіс емес? Мал басын көбейту мен асылдандыру бағытында шамамыз жеткенше еңбек етіп жатырмыз. Демек, бұл бағытта заңдылықтар қажет. Сайып келгенде, қазақ туған жерін    тастап ешқайда кетпейді.        Салынған жол, тартылған құбыр осында қалады. Келешекте ірілендірілген шаруашылықтардың кәдесіне асады.

Мал өнімдерінің өтпеуі түсер табысқа кері әсерін тигізеді. Жұмысшыларымызға жеткілікті жалақы бере алмай отырғандығымыздың бір себебі де осы. Ал, мұндай жерге маман тұрақтай ма? Демек, өнімдерімізді орталықтандырып өткізетін тетік керек. Қазір кооперация туралы көп айтылғанымен, ол әлі жетілдіруді қажет етеді.

Еңбек өтілі ескеріліп, шопандардың 50 жастан зейнетке қалуын қостаймын. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған суығында қой соңында жүру жеңіл емес. Сонымен қатар, жұмыс көрсеткіштері қаперге алынып, 20 жыл мал баққан жандарға облыс орталығынан пәтер беру мәселесі шешілсе, тіпті жақсы болар еді. Олар кешегі кеңестік кезеңде төрт түлікпен бірге жазда жайлауда, қыста қыстауда жүріп, өздеріне үй де салмайтын. Балалары интернатта оқыды. Енді оң бетбұрыс жасалса, жөн емес пе?

 Тағы да  тері  туралы

– Мал өнімдері дегенде, әдетте, оның еті мен сүті аталып, жүні мен терісі назардан тыс қалады. Осы мәселенің шешімі қандай?

Н.ЖҰМАДІЛЛАЕВ:

– Қазір қой терісін қабылдамайды. Себебі, оның сапасы нашар. Біреуі шіріген, екіншісі ойылып кеткен, үшіншісі тұздалмаған деген тәрізді. Ал, мұндай өнімге сұраныс бола ма? Отандық кәсіпкерлер осындай нәрсені кәдеге асыруға ерінеді. Қажетті техникасы да жоқ.

Рас, озық технологиясы бар шетелдіктер алып жатыр. Бірақ, соны малбегілерден жинап, әрі қарай өткізетін адам табылмай тұр ғой. Қазір, менің білуімше, сыртқа жылына он-ақ мың дана тері шығарылады екен. Әрине, тым аз. Егер бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда реттесе, экспорт көлемі артар еді. Мәселен, Пәкістан, Түркия тәрізді елдер өздерінде теріні көптеп өңдейді.

Қой жүніне қатысты да осыны айтуға болады. Тіпті, білесіз бе, бүгінде қой қырқатын шебер де жоқ. Ауылдағылар аз-мұз пұлын беріп, бұрынғы шопандарды жалдайды. Бұл – мәселенің шешімі емес. Сондықтан, қой түлігі көбірек шоғырланған өңірде оны қырқатын және тоғытатын орын болғаны жөн. Оның үстіне, қырыққан бойда ақ және қара қойлардың жүнін бөлек жинақтап, тазалап отырса, біраз мәселе шешіледі.

Мұның бәрі, сайып келгенде, қой шаруашылығы төңірегіндегі сервистік қызметті жандандыру деген сөз. Бүгінде малбегілер жыл бойы бір орыннан қозғалмай отыратындығы жөнінде жиі айтылады. Неге? Оның бір себебі жайылымға қатысты десек, екіншісі киіз үйге байланысты. Қазір ешкім оны жасамайды. Бұрынғыша шапшаң бұзып, сол сәтте қайта тіге салатын киіз үйлер жоқ. Байырғы шопандардан қалған олар әркімнің ауласында жатыр.

Қ.ЫРЗАҒАЛИЕВ:

Бұл мәселе Атырауда да бар. Өткенде бұқаралық ақпарат құралдарының бірінен білгенмін, анау Құрманғазы ауданының Азғыр аймағында тұрғындар текке жатқан теріні жолға төсеп тастапты. Енді қайтсін,  босқа шірігенше, жолдың ой-шұқырын тегістесін деген шығар. Жүн де солай. Ешкімге қажетсіз нәрседей жатыр. Турасын айт-қанда, ауыл адамдары оларды өртеп жібереді. Рас, облыста мал жүнін кәдеге асыратын кәсіпорын құрылған. Бірақ, тапсырылатын шикізат кәсіпкерлерді қанағаттандырмайды. Атыраудағы кәсіпорынның жабдығы қылшықты жүнге арналмаған. Бүгінде қойдың ақ және ақшыл түсті жүніне сұраныс артып отыр. Демек, еліміздің әлемдік бәсекеге қабілетті өнімінің бірі де сол болмақ.

Ветеринар мамандар  керек

– «Мал саулығы – жан саулығы» деп жатамыз. Осы орайда шаруашылықтарда ветеринар мамандары жеткілікті ме? Ара-тұра кездесетін дертке ауыл тұрғындары төтеп бере ала ма?

Сабыржан СҰЛТАНОВ, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Қой етін сыртқа сатуда республиканың ана тұсынан, мына жерінен бұрқ ете қалатын түрлі дерт кедергі келтіруде. Соның салдарынан экспортқа тыйым да салынады. Ендеше, жағдайды қалай түзеуге болады?

Бұл ретте басты мәселе – қолдағы малды қауіпті ауру-    ларға қарсы вакциналау. Осы жұмыс көбіне сөзбұйдаға салынып, маусымда ғана қолға алынады. Күн әбден ысығанда жасалған вакцинаның пайдасынан зияны көп. Керісінше, ол дертті одан әрі қоздыруы ықтимал.

Жалпы, ашығын айтар болсақ, бүгінде ауылда еркек малдарды пішетін адам жоқтың қасы. Тәжірибелі ветеринарлардың дені – егде жастағылар. Алды зейнетке шығып жатыр, соңы соған жақындап келеді. Сонда ертеңгі күні қайтеміз? Жастар қайда? Оларға ә дегенде тұратын үйінің, қажетті тоңазытқышының, астында көлігінің болуын талап еткен жөн бе? Мұндай жағдай мемлекет тарапынан жасалғаны дұрыс емес пе? «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша мұғалім-дер мен дәрігерлерге үй ұсынылып жатады. Әрине, бұл мамандық иелерінің еңбегін де жоққа шығармаймыз. Бірақ, осындай қамқорлық мал мамандарына да қажет.

Н.ЖҰМАДІЛЛАЕВ:

Тағы бір мәселе вакцинаны қайдан және қалай алып жат-қанымызға қатысты. Жасыратыны жоқ, көбіне оның арзанына ұмтыламыз. Құны төмендігіне қызығып, сапасына назар аудармаймыз. Ал, кейін төрт түлік ауруға шалдықса, кіммен соттасып жатамыз? Қыруар мал шығынға ұшыраса, соттасқаннан не пайда?

Өзекті проблема – қанның уақытында алынбауы. Мәселен, сырғаны өзімізде жасауға болады емес пе? Демек, осы қарапайым мәселелердің түйінін    тарқата алсақ, республикада қой шаруашылығын қазіргіден де дамытуға мүмкіндік бар.

Жалпы, менің пікірімше, фермерлердің қойды өздері баққаны жөн. Өнімін де өздері жинасын, біз тек жағдай жасайық. Бүгінде шаруашылықтарды ірілендіру жайы сөз болуда. Малбегілерін кооперативтерге күшпен енгізудің қажеті жоқ. Мұндай құрылымдардың ғұмыры үш-төрт жылдан аспайды. Одан да саулықтарын ұрықтандырып, қошқарларын әкеліп беріп, қырқымын реттеп, малын емдеп, субсидиясын төлеп, қойын асылдандырып дегендей шаруаларын тындырсақ, олар өздері-ақ істерін ілгері апарады. Кейін іріленді-рілген шаруашылықтардың жақсылығын көрсе, ешкімнің үгітінсіз келіп қосылады.

Жалпы, қойды қолдан ұрықтандырып, дистрибьютерлік орталықтардың жұмысын   жолға қойған жөн. Қазір осындай орталықтар сатып алатын асыл тұқымды қошқарлардың құнының 80 пайызын субси-  диялау жөніндегі ұсыныс қолдау табатын тәрізді. Селек- циялық бағытта әр саулыққа 1500 теңге төленіп келді. Асыл тұқымды малға да, тауарлы түлікке де сол баға бекітілген. Сондықтан,  ынталандыру мақсатында асыл тұқымды мал өсірушілерге субсидия көлемін көтеру жөніндегі ұсынысымыз министрлік тарапынан қолдау тауып, әр аналыққа 2500 теңге белгіленді. Бұл да жеңісіміз. Өйткені, малшыға қатысты проблема алдағы уақытта да туындайды. Оны шешу үшін осылай қызығушылық оятып, материалдық тұрғыдан да қолдау қажет.

Қаракөлден   көз жазып  қалдық

– Осы орайда мұнайлы мекендегі жағдайды қалай бағалар едіңіз? Өнеркәсіпті өңірдің өзіндік проблемасы бар ма?

Н.ЖҰМАДІЛЛАЕВ:

– «Сырт көз сыншы» дегендей, мен ғылыми жұмыстарымның барысында Атыраудың ахуалымен біраз таныстым. Сөз жоқ, мұндағы үлкен жетістік – күллі республиканың атын шығарып отырған, қой шаруашылығының өзіндік брендіне айнал-ған еділбай қойының өсірілуі. Оның ерекшелігі – етті-майлылығы мен тез жетілгіш қасиеті. Бұл көрсеткіш жөнінен олар  елімізде бағылатын басқа қой тұқымдарынан көш ілгері тұр. Аталықтарының тірі салмағы орта есеппен 100-110, таңдаулылары 120-140 келі тартады. Аналықтарының көрсеткіші 65-75, кейде 80-90 келіге жетеді. Еркек қозылар енесінен бөлгенде 38-42, ұрғашылары 36-40 келі болады.

Қ.ЫРЗАҒАЛИЕВ:

– Өкінішке орай, қаракөл қойынан көз жазып қалғандаймыз. Бұрын ол бізде барлық дерлік ауданда өсірілді. Шөлді-шөлейт аймаққа жақсы бейімделгіш болғандықтан мал басы да тез өсті. Терісі мен жүні жоғары сұранысқа ие болды. Тіпті шет елдерге де шығарылды. Қаракөл қойының терісінен жасалған бас киімге екінің бірінің қолы жетпейтін. Әйтсе де, соңғы кезде оған деген сұраныс күрт кеміді. Соның салдарынан, нарық заманында өзін ақтамайтын күйге жетті. Бүгінде қойдың бұл тұқымы мүлдем азайып кетті. Менің  ойымша, осы саланы жандандыра білсе, әлі де көл-көсір пайда әкелуі мүмкін. Тек кім, қашан қолға алар екен?

М.САРМАНОВ:

Аймақтағы ахуалды нашар деуге болмайды. Әсіресе, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінген соң біраз оңды нәтижеге қол жеткізілді. Әйтсе де, көп уақыт бұл саланың назардан тыс қал-ғаны рас. Жабайы жекешелендіру кезінде қолдағы малын баға алмай, шетінен қырып алғандар бар. Сапаға назар аударылмады, селекциямен ешкім шұғылданбады. Соның бәрінің орнын толтыратын кез келді. Әлі де қой шаруашылығын асылдандырудың көлемді бағдарламасын жасақтап, әлемдік сапа көрсеткіштеріне жету керек. Агронесие мен агролизинг бағытында қаржыландыруды шаруагерлердің мүмкіндігіне қарай бейімдейтін тұстары бар.

Ж.ӘБІЛХАЙЫРОВ:

Мал шаруашылығына бе-рілетін субсидияны жылдың соңына қалдырмай, әр науқандық шара аяқталған соң төлеу қажет. Шаруашылықтар, әсіресе, өнімі өтпей қалса, қатты қаржылық қиындыққа тап болады. Жұмысшыларға жалақы беру керек. Бәрінің де отбасы бар. Міне, жергілікті жерде шешуге болатын осындай проблеманың түйінін тарқатқан дұрыс. Ал, атыраулық малбегілер атакәсіпті ұмытпайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*