ӨТКЕНГЕ – ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА – ТАҒЫЛЫМ

 Атырау  мен арқаның ақжарқын  сәті

Үш күнге жалғасқан ұлан-асыр тойда көрермендер мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілердің өнеріне, қобыздың қоңыр үні мен қара домбыраның күмбіріне қанықты. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер мен ырым-жоралардың көрнекі көрсетілімдері мен эпос-кештеріне куә болды.

Атырау облысы да бұл ауқымды шараға үлкен дайындықпен келген. Мұнайлы өлкеден Ұлы Даланың мерейтойында жүз елудей өнерпаз өнер көрсетті. Оның ішінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, «Мұрагер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Махамбет» ерлер мен «Зерде» би топтары және қолөнершілер, суретшілер келіп, облыстағы екі мұражайдың да экспонаттары Арқа төрінен табылды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиевтың мәлімдеуінше, «Ұлы Дала қалалары» циклына байланысты «Сарайшық сыр шертеді» деген деректі фильм де түсірілген.

Бұдан бөлек, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері дәріс өткізіп, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Солардың қатарында Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан келген қолөнерші Гүлзира     Керімбаева өзінің шиден және отағасы Жайлау Таласовтың қыштан жасаған бұйымдарын Астана тұрғындарына паш етті.

«Негізінен өзім – суретшімін, бірақ, осыдан екі-үш жыл бұрын ши бұйымдарын жасауға қызығушылығым оянып, содан бастап қолға алып келемін. Алматыда оқып жүргенде үйренген едім. Өткен жылдары ши мүлдем құрып кеткен еді, биылғы жауын-шашынның көп болуынан адамның бойындай ұзын болып өсті», – дейді ол бізбен әңгіме-сінде.

Қолөнер шеберінің «Тәуелсіздік монументі», «Натюрморт», «ЭКСПО-2017», «Көне-нің көзі» және тағы басқа жұмыстарына көрмені тамашалаушылар тарапынан үлкен қызығушылық байқалды. Сондай-ақ, әсіресе, қолдан дайындалған емдік қасиеті бар сабын үлкен сұранысқа ие болды.

Сол сияқты, атыраулық жас қолөнерші Алтынбек Есенғазиевтің зергерлік бұйымдары да алыстан көзді тартып тұрды. Осыдан бес жыл бұрын Сержан Баширов пен Серік Рысбеков деген ұстаздарынан үйренген ол өнерлік қасиетін атасы мен әкесінен дарыған мұра деп бағалайды.

Ол өз еңбектерінде ескі кезде қолданған бұйымдарды қазіргі заманға сай өрнектеп жасайды. Ерекшелігі де осы болмақ. Бұйымдарынан көбінесе «қошқар мүйізді» байқауға болады. Өйткені, оюдың бұл түрін молшылықтың белгісі деп санайды.

– Астана да Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіледі деп естігенде, мемлекетіміздің орталығына жиырма шақты жұмысымды қуана-қуана алып келдім. Олардың ішінде, батик өнері мен майлы бояудан салынған суреттерде еліміздің тарихы мен өнері бейнеленген. Екі-үш күн бұрын ерте келіп, көрмені алдын ала жасақтап қойдық. Сол кезде ҚР вице-премьері лауазымын атқарып жүрген Бердібек Сапарбаев (қазір Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды – ред.) жібекке салынып, күнмен шағылысқан батик стиліндегі еңбектерімді алыстан байқап, арнайы жақындап келіп жоғары бағасын берді және осындай өнерді насихаттап жүргеніме алғысын білдірді. Мен үшін бұл үлкен мәртебе болды. Өнер халыққа насихатталуы тиіс. Сондықтан, бүгін көптеген өркениетті елдер таңдана да тамсана қарайтын Астананың үлкен алаңында еңбектерімізді паш етуге мүмкіндік туғызған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне ал-ғысымыз шексіз, – дейді суретші Камила Жапалова.

Қылқалам шебері Қазақ хандығының мерейтойына арнап үлкен тарту дайындап қойған екен. Ол – ел тарихынан сыр шертетін жеті сериялы жұмыс. Суреттер майлы бояумен салынған. Әбілхайыр ханның жорыққа шығар алдында түсінде көрген түлкі осы еңбектерде келтіріліп, Сарайшықта жеті ханның жатқан жері жеті найзамен бейнеленген.

– Бұл еңбектерімнің тұсаукесерін Атырауда өткізгім келеді. Сол себепті, Астанаға алып келмедім. Бұл идея ақын Гүлзада Ниетқалиевамен бірге өлең кітаптарында келтірілген тарихи деректерді жинау арқылы туындады, – деп, алдағы жоспарымен бөлісті К.Жапалова. 

«Алтын  адам» елең  еткізді

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы он екі қанатты киіз үйдің ішіне мұражай қорындағы барлық жәдігерді қойып, этнографиялық көрмесін ұйымдастырды. Соның ішінде көшпелі көрмеге алғаш рет шыққан «Алтын адам» Астана жұртын елең еткізді.

– Бүгін тарихи оқиға болып отыр. Ағымдағы жылдың 26-ыншы шілдесі мен қыркүйек айының 26-сына дейін екі айға Ұлттық мұражайға көшпелі көрмені әкелген едік. Сол көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «алдағы уақытта Астана төріне «Алтын адамды» алып келіп, халыққа таныстырамыз» деп уәде берген болатын. Міне, бүгін сол миссия орындалып отыр, – дейді облыстық мұражай қызметкері Дулат Хамзин.

– Қазақ хандығының мерейтойы елімізде айрықша тойланып жатыр. Осы айтулы мерекені тойлауға үлкен белсенділікпен кіріскен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше еңбегін атап өткеніміз жөн. Бұған дейін Қазақ хандығына мұндай көңіл бөлініп, кең түрде аталып өткен жоқ. Жәнібек пен Керей өзінің хандығын құрғанда Қазақ елінің іргесін бекітіп, қазақ халқының шаңырағын көтерді. Кеудеміз күмбірлеп, үш күн бойына тойлап жатырмыз. Атырау облысы бұл тойды ерекше құрметпен қарсы алып, Астанаға өз өкілдерін жіберген. Ауылдың иісі шығып, көңілім бір марқайып қалды,-дейді Атыраудың этноауылын тамашалаған жазушы Марат Мәжитов. 

Астана  аспанында күй  қалықтады

Атырау облысының концерттік бағдарламасы елдің жауһарларын құшағына сыйдырып, алты құрлыққа тарту еткен Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі орындауындағы Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйімен басталды. Бұдан соң, Е.Үсеновтің «Атырау – ата мекенім», Түркештің «Көңіл ашар», Құрманғазының «Қызылқайың серпер», А. Жайымовтың «Шаттық елі» күйлерін бірінен соң бірін төгілтті.

Сонымен қатар, Ғарібжан Мұқанғалиев Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан «Махамбет ұранын» орындаса, этномузыкатанушы, күйші-композитор Ақнәр Шәріпбаева Қорқыттың күйін тарту етті. Ал, Қ.Ахмедияровтың «Жер ана» әнін орындаған республикалық әншілер байқауының лауреаты Аманжан Басығариев көптің қошеметіне ие болып, ҚР «Мәдениет қайраткері» Маржан Төреханова Ж.Тұрсынбаевтың «Бекет ата – пір баба» әнін нақышына келтіріп орындады.

«Зерде» мен «Махамбет» би ұжымдары кештің сәнін қыздыра түсірсе, әншілер Жаннат Ермағанбетова, Қайрат Кәкімов пен Венера Машқалиеваның өнерлеріне жұртшылық ерекше тәнті болды. ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариева дирижерлік еткен оркестр Құрманғазының «Серпер» күйімен кешті қорытындылады.

– Бүгін елде үлкен той. Біздің әке-шешеміз 1936 жылдары Қытайға қоныс аударып кеткен екен. Өздері, негізінен, Талдықорғанның жерінде туып-өскен. Бүгінгі той үлкен игілікті іс деп білемін. Өйткені, қазақ халқын көп елдер таниды, біледі. Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанғанына жиырма бес жылға жуық уақыт өтсе де, осынау аз уақытта халқының еңсесі көтеріліп үлгерді. Қытайда мекен ететін бір миллион бес жүз мың қазақ ұлты Қазақстанның өркендеп келе жатқанын көріп, марқайып қалады, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Бүгін қазақтың күйін естіп, кеудемде бір жылылық пайда болды. Атыраулық оркестрдің күйді орындау шеберлігіне тәнті болып барамын, – дейді Қытайдан келген қандасымыз Рахия Әлиева.

 

Осы үлкен алаңда гала-концерт ұйымдастырылып, атыраулықтар ішінен әншілер – ҚР Мәдениет қайраткері  Гүлмайдан Сүндетова, Қайрат Кәкімов, «Мұрагер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі халық қошеметіне бөленді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Атырау – Астана – Атырау.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*