ОТБАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ БАСТЫ ТҰҒЫРЫ

Шараны ұйымдастырған Кіші өнер академиясы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында» деген сөзін негізге алып, білім мен өнерді қатар меңгертетін, жас ұрпақтың қоғамның қалыпты азаматы ретінде өсуіне ықпал ететін және түрлі жаңашыл тәрбиелік шаралар өткізіп, мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының нығаюына үлкен жол салып отырған білім ұяларының бірі де бірегейі.
Академия директоры Долорес Тасқарина «Отбасы және мектеп – ұрпақ тәрбиелеудің негізгі факторы» тақырыбында баяндама жасап, академияның педагогикалық ұжымы мен ата-аналар арасындағы байланыстың маңыздылығы туралы баса айтып өтті.
– Баласының талантын танып, талабын құптаған ата-ана алғаш өзінің ұлы мен қызын өнер ұясына әкелген күннен бастап мектеп пен ата-ана арасында мызғымас берік қарым-қатынас орнайды. Ортақ мақсатқа жұмылдырылған күш әрқашан өз нәтижесін беріп келеді. Бізде ата-аналар жиналысының өзі тренинг түрінде өткізіледі. Әдеттегідей белсенді балаларды ғана емес, ата-аналарды да «Алғыс хаттармен» марапаттап отырамыз. Ал дарынды балалардың ата-аналарымен жеке-жеке жұмыс жасаймыз, – деді Долорес Сүндетқызы.
Осы орайда бес бірдей баласын осы мектепте оқытып отырған Исатай ауданы, Жанбай селосының тұрғыны Исағалиева Мәншүк туралы айтпай кетуге болмайды. Ұрпағының көзі қарақты азамат болып, өмірден өз жолын табуына бірден-бір септескен, үлкен өмірге жол сілтеген Кіші өнер академиясына айтар алғысы мол Мәншүк апайдың үлкен қызы Лаура қазіргі таңда осы білім шаңырағында ұстаздық қызметте. Тағы екеуі мамандықтарын жалғастырып, жұмыс жасап жатса, екі баласы әлі де осы Кіші өнер академиясының қабырғасында біліммен сусындауда.
Форум аясында академия психологы Жанар Күншығарова «Ата-ананың балаға беретін тәрбиесін педагогикалық тұрғыдан бағамдау» атты ата-аналармен тренинг өткізіп, жиналғандарға үлкен ой тастады.
Ал, қоғамдағы жастардың мәселесі бойынша әңгіме өрбіткен облыстық прокуратураның өкілі Әсел Мырзағалиева қазіргі таңда құқық қорғау органдарының көкейтесті мәселелерінің бірі – кәмелетке толмағандардың суицид немесе суицидке оқталу фактілері туралы ой қозғады.
– ҚР Бас Прокуратурасы осындай оқиғалардың орын алуына байланысты білім беру ұйымының әкімшілігі мен психологтардың жұмыстарының ұйымдастырылуына үнемі бақылау жүргізуде. Атырау облысы бойынша кәмелетке толмағандармен төрт суицид және 14 суицидке оқталу фактісі тіркелген. Қазіргі таңда мектеппен, құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыстар жүргізілуде.
Құқық қорғау органдары, ата-ана және мектеп – бәріміз бірлесіп, балалардың балалық шағын, өмірін, болашағын бірге, бірлесе қорғайық,- деді ол.
Форум мектептің өнерпаз ұл-қыздары дайындаған концертке ұласты.
Салтанат АҚТӘЖИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*