Отандық медицинаның озық тәжірибесі Атырауда өткен қан-тамыр хирургтері қауымдастығының II съезінде талқыланды

Әлем елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де денсаулық сақтаудың өзекті мәселесі ретінде жүрек-қан тамырлары ауруы «көш бастап» тұр. Біріккен денсаулық ұйымының сарапшылары мұның себебін анықтаумен айналысып та келеді. Атырауда басталған «Ангиология және тамыр хирургиясындағы өзекті мәселелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Қазақстанның қан-тамыр хирургтері қауымдастығының II съезі де осы мәселені егжей-тегжейлі талқылауға арналды.

Съездің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
– Отандық және алыс-жақын шетелдік дәрігерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына жол ашуда аталмыш конференцияның маңызы зор. Кәсіби шеберлікке жол ашылары сөзсіз. Тұрғындар саулығын сақтау бағытында елімізде түрлі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елбасының Жолдауында да халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, тапсырмалар жүктелуде. Атырауда 2006 жылдан бастап, жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын, қажет болса ота жасайтын кардиохирургиялық орталық жұмыс жасай бастады. Әлемдегі ең озық медициналық технологиямен жабдықталған Атыраудағы орталықта жүрек талмасы, қан қысымы сырқатына шалдыққан азаматтарға күрделі ота жасауға мүмкіндік туды. Мамандарымыздың біліктілігі де жоғары, – деген Әлібек Ибатоллаұлы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сәлемін жеткізе отырып, шетелдік ғалымдар мен дәрігерлерге Алғыс хат табыстады.

Айта кетейік, Қазақстанның тамыр хирургтерінің I съезі «Қазақстандық Тамыр Хирургтерінің Қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2013 жылы Елордада өтті. Ал, кезекті басқосу Ресей, Беларус, Өзбекстан, Түркиядан келген оташы дәрігерлер мен ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуына арналды.

Съезд аясында ангиологияның және тамыр хирургиясының тараулары сарапқа салынды. Атап айтқанда, мидың қан айналымындағы және перифериялық қан айналымының бұзылысын, артериалдық тамырда ұйыған қанды хирургиялық жолмен емдеу мәселелері кәсіби мамандардың талқысына түсті.

Отандық медицинаның озық тәжірибесі

* Маман пікірі

Эдиль АПСАТАРОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Жылына 5000 ота жасалуда

– Қазақстанда тамыр хирургиясы қарқынды дамып келеді. Бұл саладағы жас мамандардың да жұмыстары жоғары бағаланып жүр. Жыл сайын тамыр аурулары бойынша бес мыңдай ота жасалуда. Тамыр хирургиясын жетілдіру үшін әлі де мол қаржы керек. Өйткені, жаңа кадрларды даярлау мен заманауи қондырғылар алу – заман үрдісінен туған қажеттілік.

Айжан САДЫҚОВА, «Ұлттық медициналық қауымдастық» РҚБ президенті:

Аудандарға кадрлар жетпей жатыр

– «Халықтың денсаулығы неге жақсармайды? Мемлекет денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлінеді, алайда ересектердің де, балалардың да денсаулығы көңіл көншітерлік емес» деген сауалдар жиі қойылады. Мұның себебін көптеген өңірлерде, әсіресе, аудандық ауруханаларда жағдайдың сол күйінде қала беретіндігімен байланыстырғым келеді.

Әлі де болса кадрлар жеткіліксіз, шұғыл талдау жасайтын аппараттар жоқ. Дегенмен, бүгінгі күннің талабына сай, медициналық жәрдемнің сапасы мен заңнамалық жауапкершілігі арта түскенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі халықтың саулығын жақсартудағы жұмыстарды басты назарда ұстап келеді. Медицина мамандарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Әр съезде өзекті тақырыпты талқылаймыз. Бұл жолғы ортақ мәселенің тақырыбы – тамыр ауруларын емдеуге арналды.

Қоғамға дендеп еніп кеткен атеросклероз, аутоимунды аурулар, қант диабеті, туа біткен себептер, қоршаған ортаның кері әсері сайып келгенде жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтырады. Шарада дәрігерлерге тәжірибе алмасуға, кейін белгілі ғалымдармен байланысып, кеңес алуына жағдай туады деп сенемін.

Анатолий ПОКРОВСКИЙ, Ресейдің ангиология және тамыр хирургиясы қоғамының президенті, академик:

Бізге керегі – техникалық прогресс

– Съезд жұмысы өзекті мәселеге арналды. Жүрек-тамыр аурулары хирург үшін емес, бүкіл кардиолог, терапевт, невролог мамандардың біліктілігін қажет етеді. Біздің жұмысымыз – науқасты емдеп қана қою емес, оның сау адамдардың ортасына қосылғанын көру. Кейін оны бақылап, қадағалау. Ал, егер науқастың инсультке шалдығуына жол бермей, ауруын анықтасақ, дерттің алдын алған боламыз. Бұл – негізгі бағыт.
Алдын-ала анықтауда, диагноз қоюда дәрігерлеріміздің кешігіп қалатыны өкінішті.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*