Отандық киім өндірісінің дамуына не кедергі?

Адам көркі – шүберек. Ол – рас. Қазір қалтаңның қалыңдығы мен талғамыңның таңдауына сай киінуге мүмкіндік мол. Аты әлемге әйгілі брендтік киім дейсіз бе, мұхит асқан Еуропа, Италия, Франция дейсіз бе, қыр астындағы Қытайдан қажет пе, әлде бағасы қолжетімді айырқалпақты ағайындардың өнімін таңдайсыз ба – өз еркіңізде.

Костюм – көршіден, шәркей – шетелден

Аталған тізімді «немесе отандық киім таңдағыңыз келе ме?» деп толықтыруға болатын шығар. Бірақ… Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының мардымсыз дамуы мен аталған мәселеге қатысты өзекті проблемалардың орын алуы отандық өнімді таңдаңыз деп жар салуға әлі де жеткізбей тұр…

Кейінгі кезде елімізде киім шығару көрсеткіші төмендеп кеткен. Мамандар бұл саладағы дерек 2,5 пайызға құлдырады дейді. Жыл басынан бері 19 млрд. теңгенің өнімі шығарыл-ған. Тұтастай алғанда Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі киім мен сырт киімге деген халық сұранысының 1-2%-ын ғана қамтып отыр. Тек, шұлық өндірісі ғана бұл нарықтың 20 пайызын жабуға қауқарлы.

Аталған саладағы өндірістің ең үлкен көлемі, яғни, 51 пайызы Алматы облысына тиесілі болып отыр. Киім өндірісі бойынша екінші орында Қарағанды облысы тұр. Аталған өңірдегі киім өнеркәсібі жалпы көрсеткіштің 16,1 пайызын құрайды. Үшінші орында – Алматы қаласы, көрсеткіші 14,6 пайызға тең. Бұл кәсіпорындар негізінен бас киімдер, ерлер киімі мен шұлық шығаруда. Ілгері жылжу жүннен жасалған киімдерде байқалады. Мұнда өткен жылмен салыстырғанда 43,5 пайыз өсім бар.

Бұл – еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының бүгінгі бейнесі. Ал, бұрын ше? Кезінде қазақстандық алпауыт кәсіпорындардың Кеңес Одағын өніммен қамтамасыз еткендігін қалай  естен шығарамыз? Көптеген қалаларымызда киім, аяқкиім тігетін фабрикалар жұмыс істеп, осы тауар түрлеріне деген халықтың сұранысы қанағаттандырылды. Бағасы да қолжетімді, сапасы да жоғары болатын. «Жетісу» аяқкиім фабрикасы, Қызылжардағы тері кәсіпорны, «Алматы мақта-мата» комбинаты, Шымкенттегі «Восход», «1-Май» фабрикалары, Қызылордада аяқкиім фабрикасы жұмыс жасап тұрған сәтте ішкі өнімнің 15 пайыздан астамы жеңіл өнеркәсіп саласынан құралғаны біраз мәселені аңғартары анық. Алайда, 90 жылдардағы дағдарыс жеңіл өнеркәсіпке ауыр мұң арқалатып, адымын тұсаулады. Осылайша, бұл сала жаңа заманның талабы мен талғамына жауап бере алмай, уақыт көшінен қалып қойды.  Сарапшылар сөзіне сүйенсек, жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы Қазақстанның мол мүмкіндігін ескере отырып, аталған сала өнімдерін ішкі нарықта 30 пайыздан асыруға болады. Ал, тікелей инвестиция көлемін 70 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндігіміз жетерлік. Қазіргі таңда Түркия мен Қытайда жеңіл өнеркәсіптен түсетін пайда көлемі 30 пайыздан асса, Италияда – 12, Германия, Франция, АҚШ-та – 4 пайызды құрайды. Бұл бюджеттің 20 пайызын толтырып, елдегі өз өнімдерінің үлес-салмағын 75-85 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз етуде.

Любовь Худова, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:

– Қазақстанда шикізат мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүшкіл халге ұшырауы – ақылға қонбайтын дүние. Қазақстан әлемде шикізатқа аса бай мемлекеттердің қатарында аталады. Тері, жүн, мақта дейсіз бе, бәрі бар бізде. Соған қарамастан, импортқа тәуелдіміз. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі болып отырған факторларды атап айтсақ, біріншіден, Үкімет тарапынан жеткілікті қолдау болмай отыр. Екіншіден, нарықты шетелдік арзанқол дүниелер жаулап алды. Үшіншіден, Қазақстанда шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Жұмыс істеп тұрған тігін цехтары матаны сырттан тасымалдайды. Теріге қатысты мәселе де өзекті болып тұр.

Көршілес Қырғызстанның экономикасы бізбен бәсекелес бола алмайды деп санаймыз ғой. Ал, бұл елде жеңіл өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі қазір 30 пайыздың шамасын құрайды. Мұнда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді. Олар жылына құны 190 миллион доллардың өнімін өндіріп, оның барлығын дерлік Қазақстан мен Ресейге жіберіп отыр. Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, Қырғызстандағы жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақстандықтардың иелігінде екен.

Әлемдік тәжірибеде сырттан келетін экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл саланы тұншықтырып отырған тағы бір мәселе – контрабандалық тауар тасымалы. Қырғызстанда жасалды деп сатылып жатқан өнімдердің тең жартысы бізге астыртын жолмен жеткізіледі. Маркасы өзгертіліп, жалған этикетка жапсырылған өнімдер қазір қара базарда да, халыққа танымал сауда орталықтарында да сатылып жатыр.

Төмен сапа, арзан баға. Кезінде Қытай да, Корея да осы принциппен дамыған. Иә, халыққа арзан киім керек. Қазақстанның «төмен сапа, арзан баға» принципін «жоғары сапа, арзан баға» етіп өзгертуге, менің ойымша, мүмкіндігі мол. Біздің отандық өнімдер — экоөнімдер. Шетелдік мамандардың өздері бізде шығарылатын жеңіл өнеркәсіп тауарларына тәнті болып жатады.

Аталған мәселеге нақты сараптама жасау үшін қазақстандық мамандар Жапония, Корея елдерінде болып қайттық. Дамушы елдер қатарына жататын олардың ішкі нарықтағы өз өнімдері шамамен 80 пайыздан астам, яғни бұл сала машина жасау өндірісінен кейін екінші орында тұр. Елдің әлеуметтік, экономикалық әлеуетін арттыруда жеңіл өнеркәсіп саласының рөлі орасан. Ал, сол елдерде шикізат мүлде жоқ. Соған қарамастан, олардың жеңіл өнеркәсібі күшті дамып кеткен. Көпшілік елдердің мемлекеттік бюджетінің шамамен 50 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіп үлесінен.

Жалғасы бар.

Гүлжан ӘМІРОВА

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*