Отандық дәрі-дәрмек үлесі – он бес пайыз

Өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «СК-Фармация» компаниясының қызметін сынға алған болатын. Себебі, фармация – мемлекет берген қаржыны сатып алуларға жұмсайтын бірыңғай дистрибьютер.

Отанды__ д__р¦-д__рмек __лес¦ Ц он бес пайыз

Елбасы фармацияның мафияға айналғанын, олардың фармацевтикалық фабрика салуға да мүмкіншілік бермей отырғанын баса айтты.

«Олар Австралиямен, Америкамен келісім-шарт жасап қояды. Міне, осы келісім-шарттың артында біреулер тұр. Содан пайда алып отырады. Отандық фармацевтика саласын дамытқысы келмейді. Біз осыны өзгерте аламыз ба, жоқ па?»  деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл жағдай көпшіліктің арасында түрлі пікір туғызуда. Дәрі бағасының қымбаттауын да осы жайтпен байланыстырғандар бар. Ал, біз атыраулық тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтып отырған бірқатар фармацевтикалық мекеме өкілдеріне хабарласып, пікірін білген едік.

 

Сара ОРАЗОВА,

медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің

Атырау облысы бойынша

департаменті басшысының орынбасары:

Отандық дәрі импорттан кем емес

– Біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттарды сатып алу және халықты олармен қамтамасыз ету бойынша ғана жауап бере аламыз.  Ал, нарықтағы дәрілердің бағасына бақылау жүргізуге құқымыз жоқ. Өйткені, дәріханалар – жекеменшік мекемелер. Дәрілердің Қазақстанда тіркелгендігін, сапасын, сақталуын, сауатты тағайындалуын бақылау біздің құзырымызға жатады.

Келесі жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жүзеге асқалы отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне орай дәріханалар бөлшек саудадағы әлемдік стандарттарға сай қызмет етуді қолға алуы керек. Оның ішінде препараттар арнайы температурадағы контейнерлерде тасымалданатындығы айтылған. Күні бүгінге дейін кейбір дәріханалардан жәшікке салынған күйде дәрілер қысты күні де, жаздың ыстығында да ауылдарға жіберіліп отырады. Сондықтан, олардың  бұзылуы, ағзаға зияны да тиюі мүмкін. Облыстағы 353 дәріхана келер жылдан бастап, осы секілді талаптарды орындауы керек.

Ал, отандық өнім сапасының шетелдік дәріден төмендігі жөнінде арыз-шағым түскен емес. Сондай-ақ, өткен жылы рецептісіз сатылған дәрі үшін 35 мекемеге әкімшілік айыппұл салынды. Көпшілігі өзге біреуге берілген көздің дәрісін көшірмелеп дәріханаға әкелген. Біреудің дәрісін келесісі сол күйі қабылдауға болмайды. Аурудың үстіне ауру жамайды.

 

Айсана ТӨЛЕШОВА, фармацевт:

Халық өнімді өз бетінше пайдаланады

– Дәрі-дәрмек саласындағы тағы бір түйткілді мәселе – халықтың өз бетінше емделуінде болып отыр. Бүгінде науқас ауыра қалған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емхана дәрігерінің кеңесіне жүгіну үшін оның қабылдауына бір ай, кемі 15 күн бұрын жазылуы қажет. Өйткені, дәл қазіргі таңда емханалардағы кезекті азайтудың бір амалы – дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу жүйесі ұйымдастырылған. Ал, «ауру айтып келмейтінін» ескерсек, дәрігердің қабылдауына күні бұрын жазылып қоюдың мүмкін еместігі де түсінікті. Ауруды асқындырып алмас үшін амал жоқ, ем-дом іздеген сәтте ақылы медициналық орталық дәрігерінің қабылдауына жүгінуге мәжбүр боласыз. Ақылы медициналық орталық дәрігерлерінің дәрігерлік кеңесі, яғни дәрілік рецепт жазуы – 3000-8000 теңге аралығында. Демек, білікті маманның кеңесінен гөрі танысының ақыл-кеңесі немесе теледидардағы жарнаманың көрсетілімі арзанға түсетіндіктен, науқастар өз бетінше ем қабылдауды әдеттеріне айналдырған.

 

Айгүл ҒАБДУАЛИНА, жеке кәсіпкер:

Дәрінің бағасы неге құбылады?

– Жеке дәріханамды ашқаныма биыл бір жыл толады. Байқағаным, дәрінің бағасы сағат сайын құбылып отырады. Өйткені,  валютадағы доллардың өзгеруімен бірге ол да «ойнап» тұрады. Күн ұзаққа компьютердің алдында телміріп бағаны бағамдап отырамын. Қазіргі күні үш компаниядан дәрі-дәрмек сатып аламын. Әрқайсысының бағасы әртүрлі. Сол себепті, әр дәріханадағы өнімнің құны да түрлі болып тұр.

Тұтынушыға барынша арзан дәріні сатуға тырысамыз. Негізінен, жұртшылық тарапынан шетелдік өнімдерге сұраныс жоғары. Бірақ, олар арзанға түсе бермейді. Қала орталығында орналасқандықтан, мекеменің жалға беру құны да қымбат. Өткен жылы  айына 200 мың теңге еді, биыл 270 мың теңге болып отыр. Осының бәрін ескеріп,  дәрінің бағасын шығарамыз. Істі бастағанда қиындықтар да болады. Бәріне байыппен қарап, жеңуге тырысып келемін.

 

Қайрат ҚИМАТОВ,

Атырау қаласының тұрғыны:

90 пайызы – шетелдікі

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық дәрі-дәрмек өндірісін жандандыру қажеттігін айтты. Бұл өте дұрыс, әрі уақытында айтылған мәселе деп есептеймін. Расында, осы кезге дейін дәрі бағасының қымбаттауын жұртшылық өзара әңгіме барысында ғана айтып жүргенімен, жоғарғы билік тарапынан еш қозғалған емес.

Ресми сайттан көріп отырмыз, Қазақстанда дәрінің 7 мың түрі бар екен. Оның көбі Германия, Франция, Ресейден жеткізіледі. Өнімдердің 90 пайызы шет елден әкелінеді. Оның үстіне елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің өзі ойдағыдай емес.

Отандық фармацевтиканың көрсеткіштері кейінгі кезде құлдилай бастағаны да бәрімізге мәлім. Кері кеткені соншалық, анау-мынау емес, бір жылдың ішінде 50 пайыздан 15-ке бір-ақ төмендеген. Дәріні доллармен есептеп жүре берсек, алдағы күндері емделуді де қоятын болармыз. Өйткені, қазір бір дәрінің құны 3000-5000 теңгеден басталады. Тіпті, созылмалы ауруы бар науқастардың дәрісі 20 мың теңгеге  дейін  жетеді.

P.S.  Жалпы,  біз дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейді екенбіз. Соған байланысты осыдан екі-үш жыл бұрын халықтың отандық өнімге сұранысын 2014 жылдың аяғына дейін 50 пайызға қамту межесі қойылған болса, қазір 15 пайызды құрап отыр. Яғни, Қазақстан өзін-өзі отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмауда.  Ал, жалпы ұлттық қауіпсіздіктің шарты бойынша тұтыну нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек.

Әйтпесе, дәрі-дәрмекті өзіміз өндірмегеннен кейін сырттан таситын дәрі қалай болғанда да арзан келмесі анық. Оның үстіне, шетелден  қазір арзанға іздесең, сапасы нашарлау дәріні де жасап беретіндері табылады. Арзан іздеп, «ауру» жамап алмасымызға кім кепіл?!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*