ОТАНДЫ СҮЮДІҢ ӨШПЕС ӨНЕГЕСІ

 

Бұл атақты төртінші болып иеленген  батырымыздың ерекше ерлігіКерчь-Эльтиген десанттық  операциясы барысында еленген болатын. Барлығы 129 жауынгерге мұндай жоғары атақтың берілуі Керчь-Эльтиген операциясының маңыздылығын көрсетеді. 1418 күнге созылған соғыс кезінде ерекше сипатқа ие болған теңіздік десанттық операцияларына Керчь-Феодосия, Керчь-Эльтиген, Новороссийск, Моонзунд аралдар құрамасы, Оңтүстік Сахалинге және Курил аралдарына түсірілген десанттар қатысты. Керчь-Эльтиген десанттық операциясы 1943 жылдың 31 қазаны мен 12 желтоқсаны аралығында өтті. Оның басты мақсаты неміс басқыншыларының иелігінде қалған Керчь түбегін азат ету еді.

Курск иініндегі шешуші жеңістен соң майдандағы жағдай кеңестіктердің пайдасына шешіле бастаса да, аумақтың әлі де болса жартысына жуығы немістердің қол астында жатты. Осы сәтте Керчь түбегін жаудың  85 мың адамы бар үшінші армиялық корпусы қорғап тұрған-ды, оның қорғаныс жағдайы өте мықты болған. Танкпен, зеңбірекпен және әскери ұшақтармен толық жабдықталған. Фашистердің бұлайша қымтануында өзіндік сыр болса керек. Дәлірек айтқанда, 1943 жылдың 9-шы қыркүйегі мен 10 қазаны  аралығында өткен  Новороссийск-Тамань операциясының нәтижесінде Кеңес әскерлері аталған екі елді мекенді азат етіп, Керчьке жақындап келген болатын. Сондықтан да жау бұл түбектің қорғанысына көп күш салды.Мұндай аса маңызды операцияны басқару Солтүстік Кавказ майданының  қолбасшысы И.Е.Петров  пен оның теңіз мәселесі жөніндегі көмекшісі, Қара теңіз флотының қолбасшысы, атыраулық жерлесіміз, Қазақстанның тұңғыш адмиралы, сол кездегі вице-адмирал Л.А.Владимирскийге жүктелді. Десантты түсіру ісіне басты бағытта Новороссийск әскери-теңіз базасының қолбасшысы, контр-адмирал Г.Н.Холостяков жауапты болды.

Сөйтіп, айтулы шайқас 31 қазандағы кеште десанттық әскерлерді қайықтар мен кемелердің көмегімен түбекке түсіруден басталды. Алайда, күшті дауылдың салдарынан 56-шы армия діттеген жерге жете алмай қалды. Ал, 18-ші армияның десанты бірінші қарашада жасырын келіп Эльтиген жеріне түсті де, плацдармды басып алды.          Осы сәтте жаудың бұлармен шайқастан мұршасы болмай жатқанын жақсы пайдаланған Азов әскери флотилиясы Керчьтің солтүстік-шығысына 56-шы армияның десантын түсірді. Бұлар Азов теңізінен  Керчь мекеніне дейінгі жерді тазартып, берік орнықты. Мұндай табанды қарсылықты  көріп, қатты шошынған жау жаңа күштерді Перекоптан шұғыл алдырып, күшті шабуылдар ұйымдастырды, десантты құртуға тырысты. Әсіресе, кескілескен өте ауыр шайқастар Эльтиген жерінде жүрді. Аталған десанттық операцияға атақты жерлесіміз Қайырғали  Смағұлов 318-ші Новороссийск атқыштар дивизиясындағы  1339-шы атқыштар полкінің құрамында сержант шенінде қатынасты. Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылған даңқты шайқастың бірі осылай өткен болатын. Біз оған қатынасып, үлкен батырлық көрсеткен Қайрекең ағамызды да зор мақтаныш тұтамыз. Оның бұл ерлігі – нағыз отаншылдық өнеге.

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,

тарихшы-өлкетанушы,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*