ОТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАҢА ТҰҒЫРНАМА

 

– Әңгіме мынада, елдің 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыздығына енуі, көпұлысты мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі көп ретте жаһандану жағдайында ұлттық идеяның ықпалдастыру  рөліне  байланысты. Жаһанданып келе жатқан әлемге ұлттық идея өте қажет, нақ сол ғана ұлыстарды, елді топтастыра алады.

– Біздің елімізде ұлттық идеяны қалыптастыру үдерісі қалай басталды?

– Бұл үдеріс Қазақстанда тәуелсіздік алған сәттен басталды. Жаңадан пайда болған азаматтық қоғам мемлекетпен қатар пікірсайыстарға  белсене  араласты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан дамудың ағылшын-саксон моделіне бет бұрып, шұғыл өзгерістер мақсатын алға қойды. Республикада қысқа мерзімде нарық  реформалары жүргізілді, тиісті заңнамалар жасалды. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, Қазақстан тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде кірісі ортадан жоғары елге айналды.  Ішкі  жалпы  өнім  елдің  1 тұрғынына шаққанда 700 доллардан 12 мың долларға дейін өсті. Тіпті, «азиялық жолбарыстар» атанған елдердің бірде-бірі 20 жыл ішінде мұндай нәтижеге жете алған жоқ. Бүгінде республика экономиканың және қоғамдағы өзгерістер үдерісінің дамуы бойынша ТМД елдері арасында көш бастап келеді.

Мемлекеттік идеологияның негізі Конституция болып табылады. 1995 жылғы ҚР Конституциясына сәйкес Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып табылады, оның басты құндылығы – адам, оның құқықтары мен бостандықтары. ҚР-ның негізгі қызмет принципі: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу болып табылады.

Соңғы жылдардың стратегиялық құжаттары мемлекеттік идеология үшін қажетті Қазақстанның болашақ құрылысы мен құндылықтары моделінің мүмкін болатын нұсқаларын қарастырады. Айталық, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясында «Біз – өз тарихы және өз болашағы бар еуразиялық елміз. Сондықтан,  біздің моделіміз басқаға ұқсамайды. Ол әртүрлі өркениеттердің жетістіктерінен нәр алады», – деп атап көрсетілген.

Жаңа саяси жағдайда 2010 жылы қабылданған «Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасы» маңызды құжат болды. Доктринада көтерілген ұлттық бірлік принциптері де мемлекетіміздің ұлттық идеясын қалыптастыру негізіне алынды.  Бұл  принциптер:  «Бір  ел – бір тағдыр»;  «Түбі  басқа  болғанмен – тең мүмкіндіктер», «Ұлттық рухты дамыту».

Ұлттық идеяны жасау үшін қоғам ұлыстық белгісімен емес, ұлт  ұлыс ретінде түсіндірілмеуі қажет болды. Біз халықтың қалыптасу ерекшелігіне байланысты басқа бірде-бір елдің тәжірибесін көшірмеуіміз қажет. Қазақстандық ұлттық идея көпұлыстықты ескере отырып, соған сүйенуі, бірақ, ұлыстық фактордың маңызды рөл атқаратынын ұмытпауымыз қажет. Уақыт ең қолайлы жол-ұлыстық тегіне қарамастан елдің барлық азаматтарының мүдделерін біріктірудің дұрыстығын көрсетті. Қоғамның азаматтық жағдайына көшуі, Қазақстанда біртұтас халықты қалыптастыру ұлттық идеяның өзегі болды. 

– Мемлекет басшысы айтқан біздің «жалпықазақстандық үйіміздің» ұлттық идеясы неге арқа сүйейді?

– Бұл туралы Президент Жолдауда өте жақсы айтты: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы».

Кез келген ұлттық идея мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың ұзақ мерзімді перспективада өмірін белгілейтін көп нәрсені бір ауыз сөзбен түйіндейтін базалық идеологиялық тұжырымдамадан тұрады. Тарихта ұлтты біріктіретін белгілі идеялар бар, мәселен,  «Аспанасты  империясы – әлемнің кіндігі», «Жапондықтар – бір отбасы», «Еврейлерді құдай таңдаған», «Дін, патша және Отан үшін», «Британия – теңіздер иесі», «Американдық арман», «Тең мүмкіндіктер қоғамы», «Бостандық. Теңдік. Туысқандық».

Жалпыға бірдей танылған ұлттық идеялардың мынадай белгілері бар. Оның көзге көрінетін образ-символы болуы және идеологияға сүйенуі; тарих, аңыздар, әпсаналар арқылы  ата-баба жолына  жүгіну;  адамға, қоғамға, билікке пайдалы болу; көрінеу жүзеге асырылмайтын және  өтірікке құрылған болмауы; қысқа да нұсқа, балаға дейін түсінікті болуы.

Міне, осының бәрі «Мәңгілік Ел» идеясында көрініс тапқан. Қазақстанның ұлттық идеясы –  шындықты бейнелеген мемлекеттің, қоғамдастықтың және азаматтық қоғамның ұжымдық күш-жігерінің жемісі. Ол қазіргі заманғы қазақстандықтардың мінез-құлқын, этникалық және діни сенімдерінің ұштасуын білдіретін симбиоз, либералдық-демократиялық ұстанымдарды қамтиды. Елдің өзіндік ерекшелігін, оның күшті жақтарын және қазақстандықтардың үздік сапаларын бойына жинады. Сонымен қатар, ол нақты құндылықтарға, ұлттық мұраға негізделген. Бұл идея ұлтты және оның бөлек алғанда әрбір өкілін ортақ іске жұмылдырады, белгілі бір «әлем картинасын» жасайды, психологиялық жайлылық пен қорғану сезімін береді. 

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*