ОТАНҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚАСТЕРЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

 

–  Мемлекеттік рәміздердің насихатталу деңгейі туралы пікіріңіз?

– Мемлекеттік атрибуттарды патриоттық тәрбиеде пайдалануда нендей тетіктерді іске қосқан жөн? 

Осыдан жиырма үш жыл бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіздігіміздің айқын айғағы саналатын мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Осынау айрықша датадан кейін бізді күллі әлем тәуелсіз мемлекет ретінде тани бастады.

Алаш азаматы Талғат Мұсабаев қазақтың көк байрағын ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, жеті қабат көктің биігіне көтерсе, альпинистеріміз әлемнің ең әйдік шыңдарына алып шықты. Дүлдүл спортшыларымыз қазақтың көк Туын Әнұранымызбен бірге әлем елдерінің алдында абырой биігіне көтеруде. Мұның барлығы елдігіміз бен бірлігіміздің тірегін сақтаушы рәміз-деріміздің  өзіндік айбынын айқын паш етіп тұр.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Рәміздер – еліміздің мәнін ашып, мәртебесін танытатын бірден-бір маңызды фактор. Тәуелсіздіктің алғашқы кездері Парламент Мәжілісінде үлкен пікірталас болды. Оған себеп, Конституцияда «рәміз» сөзінің болмауы еді. Оның орнына «нышан» деген ұғым жазылып тұрды. Нышан жеңілдеу белгі сияқты болса, рәміз – елдің дүниетанымын, ақыл-ойын, парасатын, басқа елден айырмашылығын көрсететін философиялық дүние.

Содан бері де біраз уақыт өтcе де еліміздің мемлекеттік рәміздерін насихаттау өз деңгейінде болмай келеді. Сол себепті, мемлекеттік рәміздерді барлық мектеп, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізу керек деп ойлаймын. Қазақстан тарихында рәміздің маңызын, қазақ философиясында рәміздің мазмұнын айтып, жастарға белгілі бір деңгейде бағыт беріліп отырса, нәтиже болады.

Дінде «тотем» деген ұғым бар.  Ол – белгілі бір дүниенің шығу тегі дегенді білдіреді. Міне, біздің тегімізді білдіретін мәселелер осы рәмізде бейнеленген. Осындай дүниелер де мектеп, өзге де оқу орындары пәндерінде көрініс тауып отырса, бұл рәміздердің мән-маңызын тереңінен аша түсер еді.

– «Тәрбие» дегеннен шығады, қоғамда рәміздерге байланысты түрлі жағдайлардың орын алып жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде, жалпы интернет кеңістігінде, тұтас қоғамда дау тудырған мына бір оқиға, яғни бір азаматтың туды балконға іліп қойып, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылуға дейін ушыққан жағдай қоғамдық санада рәміздерге байланысты ортақ ұстанымның қалыптаспағанын көрсетті. Сондықтан, рәміздерді қолдану тәртібі қатаң сақталуы тиіс деп ойлаймын.

Швеция елінде әр уақытта әр үйдің балконында мемлекеттің туы ілініп тұратын жағдайлар болады. Анықтап сұрағанымда, тудың ілінуі – «әлгі үйде маңызды іс-шара өтеді» немесе «сәби дүниеге келді» дегенді білдіреді екен. Бұл, әрине, жақсы үрдіс. Мүмкін, патриоттық тәрбиеде біз үшін мұндай тәжірибе де керек шығар.

Осы жерде айта кетер жайт, бір кездері Астананың жоғары оқу орындары дәрісті Әнұранмен бастайтын дәстүр қалыптастырды. Таңғы сағат 8.00-де Әнұран ойнап, студенттер тиісінше құрмет көрсетеді, кейін сабақ басталады. Бұл жақсы, әрине. Бірақ, студенттің аты студент қой. Біреуі ерте келеді, біреуі кеш келеді. Әнұран ойнап жатқанда кешіккендері аудиторияға ентіге кіріп жатады. Өкінішке орай, осы мысалдың өзі Әнұранның қадірін төмендетуге әкеліп тұр. Сондықтан, рәміздерге деген құрметті әр адам жүрегімен түйсінуі тиіс деп ойлаймын.

 

Насихат әлі де жетпей  жатыр…

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Рәміздерге байланысты көптеген мемлекетте түрлі жағдайлар болып жатыр. Тіпті, бір мемлекеттің екіге жарылып, бөлініп, өзара қырқысуына дейін орын алып жатқан жағдайлар бар. Мұның түп тамырында рәміздердің қадір-қасиетін жете ұғынбау жатыр-ау деп те ойлаймын. Насихат жағы да жетіспейді. Сондықтан, рәміздерді насихаттауды мектеп оқулықтарынан бастау керек деп ойлаймын.

– Рәміздерге байланысты қоғамымызда кеше де, бүгін де түрлі жайттардың орын алып жатқанын білеміз. Бір кездері Тумен қоқыс тасығандар да, жырым-жырым жалауларды мемлекеттік мекеменің маңдайшасына ілгендер де болды. Кейбіреулер Ресейдің Георгий лентасын көліктеріне тағып алып жатады. Осының барлығын кейде халыққа жеткілікті деңгейде насихаттың жүрмеуімен байланыстырамын. Сондықтан, елді айыптағаннан бұрын, халықтың көзін ашып, содан кейін ғана олардан жауапкершілікті талап ету керек сияқты.

 

Қазақстан  Республикасының Мемлекеттiк Туы

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастығын білдіретін басты рәміздердің бірі.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Әнұраны

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік Әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әнге Әнұран жоғары мәртебесін беру үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.

 

 

Жазып алған

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

(Арнайы «Атырау»  газеті үшін).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*