ОТ ПЕН ОҚТЫҢ ОРТАСЫНДА…

Қарт майдангер 1925 жылдың 25 наурызында Есбол ауданының Құрылыс ауылында дүниеге келді. Оның сауат ашу кезеңі де қазақ халқын қынадай қырған аштық жылдарымен тұспа-тұс келді. 1933 жылы бірінші сыныптың есігін ашып, жетінші сыныпқа келген кезінде, яғни 1941 жылы тұтқиылдан  соғыс өрті тұтанып, қайғы бұлты үйіріледі.

«Мектепті тәмамдай сала еңбекке араластым. «Бірлестік» колхозында түрлі жұмыстар атқарып жүргенімде, 1943 жылдың 7-ші қаңтарында Есбол әскери комиссариаты Қызыл Армия қатарына шақырды. Бұғанам қатпаған бала болғаным рас. Бірақ, сол кезде қалыптасқан ахуал бізді ерте есейткен еді. Сөйтіп, Чкалов облысында жасақталған 42-інші бригаданың 65-інші полкінің құрамында әскери жаттығудан өттім. Мен үшін алғашқы шайқас 1943 жылдың қыркүйек айында Харьков жерінде басталды. Бұл жерде бірінші Украина майданындағы 65-інші атқыштар полкінің құрамында шайқастым. Осы құраммен бүкіл Украина жерін жаудан азат етуге қатыстым», – деп еске алады майдангер қарттың өзі.

Қарт жауынгер Украинаның соғыс жылдарында стратегиялық аймақ болғанын айтады. «Күтпеген жерден тұтанған майдан өртіне байланысты, ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу ісі қолға алынды. Соғыс жылдары майдан жүріп жатқан аймақтардан Қазақстанға барлығы 220 зауыт, фабрика, кәсіпорындар көшірілген екен» дейді ол.

  Расымен де, Украина майданына ерекше маңыз берілгені тарихи деректерден айқын көрінеді. Бірінші Украина майданының жауынгерлері тым ұзаққа созылған операция нәтижесінде жау гарнизонын қоршауға алып, жойып жіберді. Сөйтіп, Глогау қаласын азат етті. Екінші Украина майданында неміс қорғанысы үшін стратегиялық маңызы зор болған Трнава, Глоговец, Сенец қалалары азат етілді. «Біздің әскерилердің жарты бөлігі осы кезде Дунай өзенінің оң жағалауымен жүріп отырып, Венгрия территориясындағы Ашвань, Липот, Дунаремете елді мекендерін жаудан тазартты. Үшінші Украина майданы кезінде ұзын-саны тоқсан елді  мекен жау қолынан азат етілді. Бұл айтып отырғаным сізге құрғақ цифрлар мен бұрын естімеген қала, ауыл аттары болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бір кездері біздер қан сасыған сол жерлерді жау қолынан азат ету үшін жанталаса күрестік. Талай жауынгердің жаны қиылды. Талай солдат туған ауылына, ата-анасына, бауырына, әйел-баласына орала алмады. Соғыс ешкімді аяған жоқ»  деген жауынгер денсаулық жағдайына байланысты майдан даласынан 1945 жылы елге оралғанын айтты.

Елге келген соң бейбіт өмірге араласып, өңір шаруашылығын өркендетуге атсалысады.

Жұмабай Жұмашев зайыбы Үміт Таласпаевамен құрған шаңырағында сегіз ұл-қызды дүниеге әкелді. Бауыр еті балаларынан тараған немере-жиен, шөберелерінің ортасында шалқып отырған майдангердің кеудесінде сұрапыл жылдар куәсіндей болған медальдары жарқырап тұр…

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

Соғыс және еңбек ардагері Жұмабай Жұмашев әр жылдары Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен марапатталды. Есімі республикалық тұтынушылар қоғамының Құрмет кітабына енгізіліп, арнайы куәлік табыс етілді. Бірнеше рет Социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде облыс, аудан басшылығының Құрмет грамоталарын иеленді.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*