ӨШПЕС РУХ ӨНЕГЕСІ

Гурьев облысы, Бақсай ауданында дүниеге келген ол осы ауылда төрт сыныптық мектепте оқып, сауатын ашты. Кейін Талғайраң ауылындағы Молотов атындағы жетіжылдық мектепте білімін жалғастырды. 1938-1940 жылдары Гурьев қаласындағы консерві комбинаты жанындағы ФЗУ-де (фабрика-зауыт училищесі) кеме моторисі мамандығына оқып, бітіреді. 1941 жылдың қыркүйек айына дейін Орал Каспий тресіне қарасты  балық аулау стансасында кеме моторисі болып жұмыс жасайды.

Еңбекке енді ғана араласа бастаған жас жігіт 1941 жылдың қыркүйегінде Гурьев қалалық біріккен әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылып, Петропавл қаласындағы ұшқыштар дайындайтын механикалық училищеге жіберіледі. Алайда, медициналық тексеру талаптарына байланысты әскер қатарына ілікпей, 1942 жылдың 22 қаңтарында Оңтүстік Орал әскери округіне қарасты Орынбор облысының Бузулук қаласында екінші мәрте жасақталып жатқан 200-ші атқыштар дивизиясының қатарына алынады. Осы дивизияның 650-ші артиллерия полкінің 1-ші дивизионы, 76 мм зеңбіректердің бірінші батареясының зеңбірек көздеушісі болып жауынгерлік жолын бастайды.

1942 жылдың сәуіріне дейін Жоғарғы Бас Қолбасшының резервінде болады. Содан соң Солтүстік Батыс майданға, 11-ші армияның құрамына жіберіліп, Старая Русса қаласының түбінде алғашқы ұрыстарға кіріседі. Атқыштар дивизиясы Ленинград бағытын қорғап, Новгород, Псков облыстарының қиылысқан жерінде, Сучан атты орманды, батпақты өлкеде қиын жағдайларда соғыс жүргізеді. Сол 1942 жылдың сәуірінен бастап 1943 жылдың қаңтарына дейін әкем құрамында болған 200-ші атқыштар дивизиясы жаудың жүз мыңдық Демянск тобын және «Рамушев коридоры» атты плацдармын жоюға қатысқан. Осы шайқастардағы ерлік істері үшін Нұралин Нәубет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Полк командирінің наградаға ұсынған бұйрығында: «Кіші сержант Нұралин Нәубет неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарда  өзін батыл жауынгер ретінде көрсетті. Ұрыста зеңбірек көздеушісінің міндетін атқарып, ол жаудың:

1. Екі қол пулеметін,

2. Солдаттармен бірге үш блиндажын,

3. Жүгімен екі арбасын

4. 32 жау солдатын жойды» деген жолдар бар.

«Ерлігі үшін» медалі екінші мәрте оған ұрыстарда артиллерияны  бораған оқ астында жүріп  байланыспен үздіксіз қамтамасыз еткені үшін берілген.

Әкемді «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградтау туралы бұйрықта: «1944 жылдың 9-12 шілдесі аралығындағы шабуылдау ұрыстары кезінде, 650-ші артиллериялық полктің 1-ші дивизионының 1-ші батареясының радисті, кіші сержант Нұралин Нәубет өзін батыл, ержүрек жауынгер ретінде көрсетті. Ол өз рациясымен, біздің жаяу әскермен бірге, Дрисса өзенінің оң жағалауына өтіп, жаяу әскердің алға жылжуына кедергі келтірген, жау бекіністерін, біздің зеңбірекшілерге хабарлап, осының нәтижесінде жаудың бекіністері жойылып, жаяу әскердің алға жылжуына жол ашылды.

Майдандағы ерлігі үшін әкеме III дәрежелі «Даңқ» ордені де берілді. Латвияның Двинск қаласын азат етудегі ерлік қимылы үшін 200-ші атқыштар дивизиясы «200-ші Қызыл Тулы Двинск атқыштар дивизиясы» деген құрметті атаққа ие болады. Ол екінші Беларусь, Балтық маңы, Шығыс Пруссияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Польшаның астанасы Варшаваны, Гданьск (Данциг), Гдыняны жаудан босатып, сол үшін «Варшаваны азат еткені үшін» медаліне  ие болды.

Соғыс аяқталған соң әкем «Германияны жеңгені үшін» медалімен және зеңбірек атудан жақсы көрсеткіштері үшін полк командирінің бұйрығымен «Үздік артиллерист» белгісімен марапатталды.

Қан майдан аяқталғаннан кейін 1947 жылдың басында  туған жеріне аман-есен оралды. Ел экономикасын бейбіт заманға лайықтау жылдары Гурьев қаласындағы «Заготзерно» мекемесінде қойма меңгерушісі болып еңбек етеді. Кейін партия ұйымының хатшысы болды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде анам Салиха Күсеповамен отау тігіп, «Гурьев» жеміс-жидек совхозында зейнеткерлік жасына жеткенше жүргізуші, жұмысшы болып еңбек етті.

Отбасында бес ұл, екі қыз тәрбиеледі. Соғыс зардабының әсерінен ауруға шалдығып, ұзаққа созылған науқастан 60 жасқа қараған шағында дүние салды. Асқар таудай әкеміз арамызда болмаса да, оның ерен ерлік істері ұрпақтарына мәңгілікке мақтаныш болып қала бермек.

Бекет НҰРАЛИН,

майдангердің ұлы,

Атырау қаласы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*