ҚОШ КЕЛДІҢ, АРУ КӨКТЕМ, ТӨРЛЕТ!

Ғажап әсерге бөленесіз. Көктем – ана, көктем – қыз, көктем – келін, көктем – арман, көктем – жыр, көктем – ару, барлық болмыс-бітімімен, іс-қимыл әрекетімен, бояу-нақышымен сылаңдап алдыңнан көлбеңдейді. Масатыдай құлпырған жерді, ата-анадай елжіреген күннің көзін, қырдағы ел мен ойдағы елдің араласқанын, түйе боздап, қой қоздап қорада у-шу болып жатқанын, жақсы киінген, бұрала басып майысқан қыз-келіншектерді, жерге өң берер гүл-бәйшешектерді көзге елестетіп, ойға батасың. Осындай көріністер талай картиналарға сұранып тұр. Қазақ даласының бәрінде де осы сурет. Сағыз селолық округінің сонау Дүзгенді, Қоңырсай, Таскешу жайлауынан бастап, Қарамұрын, Қайрақты, Темірбай, Саралжын-Маңғыттан көрші аудандармен шектесетін Дайымбай, Ахмет ағашы, Ботагөз, Ұрыға дейінгі алқап бусанып, иіп жатады. Көздің жауын алатын қызғалдақтар ше? Иісі қандай әйбат! Мектепке дейінгі және оқушылардың оған деген ықыласы ерекше. Әсемге, әдеміге, сұлулыққа деген іңкәрлік солғын тартқызуы мүмкін емес. Құшақтарын гүлге толтырып, банкіге су құйып, батырып қойғандары жарасымды көрінеді. Кейде жол сапарға шыққанда қызғалдаққа оранған сайын далаға көзіңді салғанда ойға шомасың, көктемнің жанға жайлы самалына мас боласың. «Көктем, көктем, нұрын төккен!» деп марқаясың. Қазақ радиосы барлық үйде сампылдап тұр ғой. Ертеңгілік Гүлмира Әділханқызы және басқалары «Қайырлы таң, Қазақ елі, қайырлы таң, алаш жұрты» деп жан-жүрегіңді елжіретіп, жүйкеңді босатып амандық-саулық тілеп жатады да, артынан ән әлеміне кезек береді ғой. Сондай бірде ақын Шөмішбай Сариевтің «Көк көйлек киген көктем-ай!» деген сөзіне арнап жазған өлеңді Ақбота Керімбекова әуелете шырқағанда керемет бір сезімге бөленесің. Жан-жануарлардың, құрт-құмырсқалардың бәрі де қыбырлап, жыбырлай бастайды, тіршілік қамына кіріседі. Қара жер қалың қар, мұз құрсауынан босап, түлей бастайды.
Сосын ғой, дана, дара Абайдың «Күн – күйеу, Жер – қалыңдық» деуі. Көктемнің басы – Наурыз, ол – халықтың сүйікті айы. Осы айда, әсіресе, еліміздің батыс аймағында 14-інен бастап жұрт бір-бірімен айқара құшақ ашысып, құшақтасып көріседі, игі тілектерін білдіреді, жасы кішілер ізеттілік сақтап, үлкендерге барып көріседі, еш ерсілігі, сөкеттігі жоқ. Қалыпқа сіңген дағды. Ал, 22-індегі Наурыз мерекесі – айтулы мейрам. Төрт түлік мал төлдей бастайды. Ел аққа жари бастайды, сосын ғой «Ақ мол болсынды» білдіретініміз. Жылы жаққа паналауға кеткен құс атаулы тізбектеліп еліне оралады. «Сәуірде көтерілер рахмет туы, көрінер көк жүзінде қаз бен қуы» (Ыбырай Алтынсарин).
Соңғы жылдардағыдай емес, биыл аудан аумағына қар мол түсті, аязды күндері де, бүрсең қаққандар да көп болды, жүру қиындығы да кездесті. Аз-мұз қиындық ештеңе етпейді, ең бастысы, қалың, нөпір қар – ырыздық, сай-сала, жыралар, өзен-көлдер суға толады. «Абай жолы» романындағы «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз, көктем келмеуші ме еді» деген Абайдың сөзі ойыма оралып отыр. Ел назары Ақтөбе облысының Ойыл ауданы жағына, Мұғалжар тауына қарай ауады. Ойыл өзені суының аяғындағы Қаракөл ауылының тұрғындары Аманғали, Қабдол, Тұрсын, Берікқали, Орынбасарлардың ауыз жаппай айтатыны – су. «Бесқала мен Тіксайдың ортасындағы үш көлді айтпағанның өзінде, Жалтыр мен Айбикені суға қандырар ма еді» деп армандайды. Аллаға да сыйынады, Жасағанға да жалбарынады.
Қашанда сулы жер – нулы жер. Сағыз өзені де – ырыстың көзі. «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайданы» еске түсіріңізші, қиялың шарықтайды, қозғалақтап бір орынға отыра алмайсың! Осы өзен тасыса «күркіреп өзен мен сай, секіріп ойын салар құлын мен тай» дегендей (Ыбырай А.), Сағыз бен Мұқыр (тіпті Жылыой ауданының да) округтерінің ел-халқы ырысқа белшесінен батар еді. Кенбай ауылына бару үшін 1989 жылы өзеннің ұзындығы жүздеген шақырымға созылатынын байқап едік. Құр Ойыл бола ма, Ащы Ойыл бола ма, Топырақшашты бола ма, бәрібір сай-саламыз, өзен-көлдеріміз қаңсып, шөліркеп жатыр. Осыған көк Тәңірім мейірімін төксе ғой, шіркін!
Кеңестік дәуірде төл алу науқаны қызу жүруші еді, айнала жарыс, қозы алу бәсеке, кім қаншадан алып жатыр, тірі қозы қанша пайыз, Егеубай қаншадан алып жатыр, Қалыбайдікі қалай? Осы қарқын өте жарасымды болушы еді, мал шаруашылығы саласындағы ауданның атағы талай аспандады, бүкілодақтық жарыстың талай жеңімпазы атанып, сый-сияпатқа, атақ-даңққа бөленді. Ауданымызда оған куә болғандар өте көп. Мен мұны мақтанға салынып, қалпағымды қылтитып отырғаным жоқ. Биылғы көктемнен бастап төл алуды ұйымшылдықпен өткізіп, малды көбейтіп, өнімін арттырып, облыста бірінші орынға шығайық дегім келеді. Малды жайып семірту, бордақылау деген ұғым қалыптасқан, өткен жылы қазан айында ардагерлердің аудандық жиналысында осы пікірімді білдіргенмін. Мал семірту алаңдарына сұранып тұрған өңірлерді де атап, Атырау қаласын Қызылқоғаның семіз етімен қамту мәселесін көтергенмін. Тек бас изесумен ғана тындық. Қайда да ақылды адам көп те, іскер адам аз ғой. Орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстой: «Көктем – ой-пікірлер арқылы болашақты жоспарлаудың мезгілі» деген ғой. Болашақта ет өндіруді молайту мақсатында қандай межелер белгіленгенін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев талай рет қадап-қадап айтты да ғой. «Дала төсінде мыңғырған қой мен қозы қаптап, төлбасылар жамырасып жатпаса, көктем менен көк өрістің сәні не?» (Бекен Әбдіразақов).
Көктемнің бір күні – жылға азықтың да мағынасы терең. Әсіресе, диқандар жақсы түсінеді. 1980 жылдардың орта тұсында сағыздық егіншілер Наршөккен өңірінен мол арпа өндіріп, тек аудан емес, облыстың жемге деген сұранысын бірсыпыра өтеді. Соның басы-қасында жүрген мамандар мен механизаторлар, олардың үрім-бұтақтары сол үрдістен жаңылған жоқ. Ағыл-тегіл мол өнім алғанын, бұқаралық-ақпарат құралдарында мадақталып жазылғанын да білеміз. Аудан орталығында өткізілетін жәрмеңкелерде Сағыздың малға уатылған жемдерін халық әп-сәтте жоқ қылады. Себебі, кебек емес, дән, әрі арзан.
«Сағыздың жемі қашан келеді, енді жәрмеңке қашан?» дегендерді талай естідік те. Шығыс халықтары жылан жылын жайма-шуақ, момын, жайлы жәндік санайды. «Елімізге татулық пен бірлік әкелсін, ажырамай ағайынның арасы, малға толсын қазағымның даласы!» деп тілейік жаңа жылдың көктемінен!

Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
 Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы,
Халел Досмұхамедұлы атындағы сыйлықтың иегері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*