ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ЖАЛҒАҒАН АТЫРАУ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕЛБЕТТІ ҚАЛАСЫНА АЙНАЛМАҚ

 

Тарих тереңіне сәл шолу жасасақ, бастапқыда балығы тайдай тулаған Жайықтың жомарттығын байқап, одан өзіне мол пайда түсерін аңдаған орыс көпесі Гурий осында келіп қоныстаныпты. Кейін балық кәсіпшілігінің төңірегіне халық көптеп топтасқан. Тіпті қыр төсінде төрт түлігін өргізіп, алаңсыз жүрген қазақтар да жаңа кәсіпті игере бастаған. Құрылыстар салынып, жаңа нысандар қатарға қосылған. Тұрғындар саны да еселеп арта түскен. Ал, Жайық жағасындағы жаңа қалашық оны бастап тұрғызған орыс көпесі Гурийдің атымен Гурьев атанған. Рас, жергілікті тұрғындар өзіне бейімдеп Үйшік деген. Сірә, о баста балшықтан соғылған қыр қазақтарының шағын үйшіктері көп болса керек.
Еліміз егемендік алып, өз түтінін түтете бастаған соң жер-су атауларының дені халықтың көңіліне жақын, ұғымына жағымды етіп ауыстырылды. Солардың бірі – осы Гурьев қаласын Атырау атауымен алмастыру. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, сол кезде облыстық мәслихат хатшысы болған Хисмет Табылдиевтің кітабында жан-жақты жазылған. Сондықтан, оны қайталаудың қажеті жоқ. Тек айтарымыз – қазір қаламыздың оның тұрғындарының көңілінен шығатын атаумен аталуы.
Енді, шаһардың бүгінгі тіршілігі қандай? Өз мерекесін нендей жетістіктермен қарсы алып отыр?
Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі ұсынған мәліметке қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта барлық меншік түрі бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындармен 83,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Демек, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25,6 пайызға артық. Шыны керек, бір жыл ішінде ширек есе өсім – ауыз толтырып айтарлық жетістік.
Осы уақытта өңдеу өнеркәсібінде 39,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен бағамдағанда 93 пайызға асып түскен. Зор табыс емес пе? Елбасы үнемі шикізатқа иек артудан арылып, дайын тауар шығаруды тапсырғанда оған атыраулықтар осылай жауап беріп отыр.
Қалада ауыл шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен 1162,6 тонна ет пен 2106,7 тонна сүт өндірілген. Сонымен қатар, 70,3 мың дана жұмыртқа алынған. Мұның бәрі былтырғы алты айдың көрсеткіштерінен кем емес.
Қала халқын қысы-жазы осы өніммен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бірнеше жылыжай салынып, жалпы сыйымдылығы 13200 тонналық қоймалар қатарға қосылды.
Балық шаруашылығы да қала маңындағы шаруашылықтарда қарқынды дамуда. Бүгінде Жайық пен іргедегі Каспий теңізіне ау салып жүрген балық кооперативтерінің бәрі де жергілікті құрылымдар. Соның нәтижесінде жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешіліп қана қоймай, шаһар тұрғындары балық өнімдерімен де қамтамасыз етіліп отыр.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 87,9 млрд. теңгені құрады. Демек, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 95,1 пайызға артық. Ал, жалпы облыс бойынша қаланың бұл бағыттағы үлесі 77,7 пайызды құрайды. Соның ішінде барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдар есебінен жалпы ауданы 167913 шаршы метр болатын 1281 жаңа пәтер пайдалануға берілді. Әсіресе, азаматтардың жеке баспана салып алуға деген құлшынысы одан әрі артуда.
Әрине, әлі де кәдеге жарайтын ескі үйлер де назардан тыс қалмай, бұларда терможаңғырту жүріп жатыр. Биыл бұл бағытта 1,62 млн. теңгеге 46 көп пәтерлі үйді жөндеу жоспарланған. Демек, көне үйлер өздерінің екінші өмірлерін бастайды.
Міне, Атырау қаласы дамуының бүгінгі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері осылай өріледі. Мұның сыртында білім беру мен денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет, т.б. салалар бойынша толымды табыстар баршылық. Қарттарды қамқорлау, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, зейнеткерлерге жағдай жасау секілді шаралар да – жергілікті атқарушы биліктің күнделікті ісі. Оның үстіне, бұлардың бәрі ілгергі жылдармен салыстырғанда едәуір өсімді көрсетеді.
Қалалықтар өз шаһарының кезекті мейрамын тойлауда. Еуропа мен Азияны екіге бөліп ағып жатқан ерке Жайықтың бойында орналасқан, қос құрылықтың тең перзенті алтын арайлы Атыраудың келешегі бұдан да көркем болмақ. Бұл – тұрғындардың үкілі үміті ғана емес, нық сенімі де.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*