Қос майданның жауынгері

Ержүрек жауынгер, іскер басшы, ел қамқоршысы, білікті маман, тамаша ұйымдастырушы, есімі халқының есінде мәңгі сақталып қалған азамат. Осылайша әңгіме бастағалы отырған біздің кейіпкеріміз – екі майданның жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрманғазы топырағының талантты перзенті Зейнетолла Мұфтахов.

Қос майданның жауынгері-2

Ол 1923 жылы Теңіз ауданы, Зормата ауылында  шаруа отбасында дүниеге келген. Онжылдық мектепті бітіріп, 1940 жылы облыс орталығындағы қысқаша курста оқып, зоотехник мамандығын меңгереді. Зеректігін байқатқан 17 жастағы жас маман аудандық мал шаруашылығы бөліміне жұмысқа орналасады.

Алайда, жалынды жастың алдағы армандары мен үміттерін 1941 жылы басталған алапат соғыс бұзды. 1942 жылы өз өтінішімен қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанды. Алғашқыда Украина әскери округінің 61-ші батыс атқыштар полкінде неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа түсті. Талай өмір мен өлім айқасқан, қан құсып, мұз жастанған шайқастарды бастан өткізді. 1942 жылы қыркүйек айында болған үлкен ұрыста ол ауыр жараланып, әскери емханаға түседі. Емделіп шыққаннан кейін майданға кері сұранады. Сөйтіп, ержүрек жауынгер 1 және 4-ші Украина әскери майданы округтері құрамында кіші сержант, барлаушы, автоматшы және әуе десантшы қатарында талай кескілескен ұрысты бастан өткізіп, батылдығы және шеберлігімен көзге түседі. Соғыс жылдары арнаулы курстардан өтіп, лейтенант атағына ие болады. 1944 жылы мамыр айында №852 артериялық полктің взвод командирі лауазымына жоғарлатылады. Ол басқарған жауынгерлер бірнеше рет жаудың шебін бұзды.

Лейтенант З.Мұфтахов «Ерлігі үшін» медалі, үшінші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Айбынды жауынгер Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния мемлекеттерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, Ұлы Жеңіс күнін Германияда қарсылады.

1945-1947 жылдар аралығында Иваново қаласындағы артериялық-гвардиялық полкінің взвод командирі қызметінде болып, 1947 жылдың орта шенінде туған еліне оралады. Өз мамандығы бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде зоотехник болып жұмысын жалғастырады. Білімін жетілдіру мақсатында ауыр жарақаты әлі жазылып бітпесе де Орал қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі.

Білімді маманды аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындайды. Одан кейін Теңіз машина жасау станциясы директорының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Өз ісіне ұқыпты, өте жинақы, асып-тасып, артық айтуды білмейтін Зейнекең осы бір жауапты жұмыстарды атқаруда іскерлігімен танылды. Сондықтан  аудан басшылығы отыз жастағы албырт азаматты Зормата ауылындағы ұжымдық шаруашылыққа басқарма төрағасына  тағайындайды.

Осылайша, кіндік қаны тамып, балалықтың балдәурен кезі өткен туған жеріне қуанышпен оралады. Бірақ, ауылдағы жағдай онша емес-ті. Шаруаның қиюы қашып, тұралап қалған. Тұрғындардың  тұрмыс жағдайы төмен. Осындай келеңсіз сәттер Зейнекеңе оңайға соқпады. Ат үстінен түспей, әрбір үйді аралады, азды да, көпті де бірге бөлісті. Бәрімен пікірлесті, ой түйді. Өтірік уәде бермеді, айтқанын орындады. Аптап жазда да, ызғарлы күз бен қаһарлы қыста да ел ішінде, жол үстінде жүрді. Осылайша күні-түні дамылсыз маңдай терін төкті. Іскерлік пен адамдық қасиетті қатар сіңірген ол көп мәселені шешіп, ауылының ырысын молайтты.

Қос майданның жауынгері

Жылдар жылжып өткен сайын зорматалықтардың табысы молайды. Төрт-түлік мал өріске толды, өнім көбейді, мемлекеттік жоспар мен міндеттеме артығымен орындалды. Колхозшылардың көңіл-күйлері көтеріліп, еңбекақы өсті, тұрмыстары түзелді. Сөйтіп, Зейнекең 7 жыл үзбестен осы шаруашылықты басқарып, елінің ерекше сеніміне ие болды. Алғыр басшы атанып, абыройға бөленді.

1960 жылы Зейнетолла Мұфтахов аудандық партия комитетінің жұмсауымен Морской ауылдық кеңесіне қарасты Калинин атындағы колхозға  бас зоотехник қызметіне жіберіледі. Екі жылдан кейін бұл ұжым ірілендірілген үлкен кеңес шаруашылығына айналып, Зейнекең мал шаруашылығы саласының басшысы – бас зоотехник лауазымына тағайындалады. Әр малшының қыры мен сырын, отбасының әл-ауқатын мұқият зерделеді. Турашылдығы, әділеттен аттамайтын адалдығымен, өтірік-өсекке ермейтін шыншылдығымен құрметке бөленді. Ал, 1974 жылы желтоқсан айында кәрі Каспий қаһарына мініп, су тасқыны малшылардың қыстауына қауіп төндірді. Осы орайда  айбынды жауынгер ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Өз айналасына мықты жолдастарын жинап, аласапыран шақпен алыса жүріп, мыңғырған малды да, малшыларды да бала-шағасымен аман алып қалған еді. Оның қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. «Республиканың ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Сондай-ақ, аудандық, батыс өлкелік партия комитетінің мүшелігіне сайланды.

З.Мұфтахов зейнет жасына  шыққаннан кейін де ауыл өміріне белсене араласып, бірқатар қоғамдық  шараларды  атқарып, жастар тәрбиесіне лайықты үлес қосты. Жұбайы Гүлшырын  екеуі ұзақ жыл ғибратты да мәнді өмір сүрді. Бүгінде ұрпақтары да – сан түрлі мамандықтың иесі, елдің елеулі азаматтары. Мұның өзі – әке аманатының ақталғаны. Үлкен қызы Нұрзада – белгілі ұстаз, бүгінде зейнеткер. Ұлдары Болат – инженер-құрылысшы болса, Асқары – инженер-механик. Екеуі де әкелері еңбек еткен Мақаш, Орлы округтерін басқарып, халыққа абыройлы қызмет етуде. Қыздары Нұрзия, Шолпан – жоғары білімді мамандар. Ортаншы ұлы Серік – Ауған соғысының ардагері. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендер де жетіліп, шаңырақтың өркенін жайқалта түсуде.

Екі майданның ері атанған, қандай қызмет атқарса да қырандай қалғымай еңбек еткен, адалдық пен парасаттылықтың биік үлгісі болған Зейнетолла Мұфтаховтың шежірелі өмір жолы  – кейінгі буынға үлгі-өнеге.

Жұмақай  Ғұмаров,

Қазақстан Журналистер  Одағының мүшесі,

Құрманғазы  ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*