ҚОС БАТЫРДЫ ҚҰТҚАРҒАН

 

Өлкеміздегі талай тарихи оқиғалар ақ Жайықпен байланысты өрбиді ғой. Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс хан мен патшаның біріккен жасағынан жеңілгеннен кейін, жан сақтап ығысқан олардың шағын тобы 1837 жылдың 13 желтоқсанында енді-енді бетін мұз торлап жатқан өзеннен жылқы мен түйенің аяғын буып байлап, мұзға киіз төсеп өткен екен. Кезінде Исатай-Махамбеттің «көпірі жоқ Ақ Жайық, атын жалдап өткен жеріне» (Мұрат Мөңкеұлы) ескерткіш белгі қойылған.
Оларды Жайықтан өткізген біздің әңгімемізге басты арқау болып отырған осы Құрақ еді. Ол өте жершіл, із кескіш адам болған. Оның жершілдігі сондай, түнде жол-жөнекей кетіп бара жатып түсіп қалған тұсауын қайтып келе жатып аттан түспей еңкейіп алып жүре беретін деседі. Құрақ Маябасұлы 1837 жылы шамамен 34-35 жаста болса керек. Оған дәлел – Махамбеттің «Бала күннен бірге ойнаған құрдас едің, сыйласып өткен сырлас едің, арнайы саған ат басын тіредім, жолды білесің, ебін тауып Жайықтан өткізіп жібер» деп қолқа салуы.
Құрақ та пенде баласы. Алғашқыда құрдасының қолқасына жанұясының барын айтып, одан қалды ханның жарлығынан сескеніп, біраз ойланады. Бірақ, батырдың сөзін жерге тастай алмаған жершіл ол 12 желтоқсанның көз түрткісіз қарасуық ала боран түнінде Бақсай бекінісі мен Жаманқала арасындағы Сарытоғай жырасын бойлай отырып, Жайық өзенінің тік жар қабағы арқылы киіз, төсеніштер төсеп, Исатай бастаған топты өткізіп жібереді. Бұл туралы Орал казак әскерінің атаманы В.О.Покатиловтың Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовскийге 18 желтоқсан күні жазған рапортында «Қарақшы Тайманов 12 желтоқсаннан 13-ші желтоқсанға қараған түні сағат 4-те 30 шақты еркек-әйелі бар топпен Жайықтан өтіп, қашып кетті. Жауыздарға қатты сақылдаған суық пен ақ боран да жәрдемдесті»,-деп жазды (ҚРОММ, 4 қор, 1 тізім,1963 іс, 550 п.).
Рапорт батырлар Жайықтан өткеннен бес күн кейін жазылғанымен, оларды өткізуші Құрақ Маябасұлы туралы бірауыз сөз жоқ. Ал, төменгі Орал линиясының басшысы ротмистр Акутин қолға түскен Нұрмағамбет Сүйінұлының айтқанына сүйеніп, «Исатай тобын Жаманқала бекінісінен сәл жоғарылау тұстан Құрақ Маябасов өткізген. Ол осыған қарсы бетте 80 шақырымдай жерде орналасқан» деп мәлімдеді. Исатай-Махамбетті Жайықтың бұқар бетіне өткізген Құрақтың да, батырлардың да бұл бір-бірін соңғы рет көруі болатын.
Патша үкіметі көтеріліс барысында қолға түсірген, кінәлі деп танылған адамдарды екі топқа жатқызды. Бірінші топтағыларға, яғни қолдарына қару алып, көтеріліске белсене қатынасқандарға әскери соттың шешімі бойынша 1000 дүре соғылып, Сібірге жер аудару, солдатқа айдау, қамал салу жұмысына жіберу жазалары қолданылды. Екінші топтағыларға, Исатай тобына қатысы бола тұрса да, «кінәлары» жеңілдерге дойыр қамшымен 25-тен 50-ге дейін дүре соғу белгіленген.
Құрақ Маябасовты дүние-мүлкін кәмпескелеп, итжеккенге айдауына қарағанда, оның бірінші топтың тізіміне енгізілгендігін көруге болады. Қымбат анамыздың айтуы бойынша, Құрақ батырларды өткізіп салып үйіне келіп, атын суытып қойып, таңғы шайын ішіп бола келгенде соңынан қуғыншылар да жеткен екен дейді.
Жазушы Әнес Сарай «Екі тарлан» атты зерттеу еңбегінде Құрақты хорунжий Жигин мен Қойыс Қалдыбайұлы ұстап, Орал қаласына айдатады. Ісі әскери сотқа беріліп, итжеккенге айдалып, сонда өлді делінеді. «Атырау» газетінің қосымшасы «Атамекен» газетінің 1997 жылғы №12 санында «Аухат ақын» атты мақаласында балықшылық ардагер Дауылбай Сарманов Құрақты старшина Қойыс Қалдыбаев деген итаршы сот үкімімен Сібірге айдатты деген пікір білдіреді. Алайда, авторлар бұл деректі қайдан алғаны туралы жазбаған.
2008 жылы «Сахара» газетінің 24 қаңтар күнгі санында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Аташұлы «Аухат ақын туралы ақиқат» деген мақаласында бұл пікірді былайша өрбітеді. «Құрақты Қалдыбаев Қойыс деген итаршы Сібірге айдатады» деп жазады. Біз білетін Қойыс – белгілі ақын Хамит Ерғалиевтың арғы атасы. Оның басына кейін Хамаң тас қойған. Ол кісінің бейіті Бақсай селолық округінің «Тасоба» деген жерінде, білмейтін адам таба алмайтын тасалау жерде. Ол да орыстармен үйлесе алмай, өлерінде: «Молам «Тасобада» болсын, өзім тасада болайын» депті деген сөз бар. Қойыс бай әрі старшина болған деседі, қолы ұзын, патша жендеттері Құрақты Қойыссыз да айдатпай ма?!
Азаттық үшін арыстандай арпалысып өткен қос арысқа туған жердің топырағы бұйырса, басын бәйгіге тіккен есіл ер, итжеккенге айдалған Құрақ Маябасовтың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Бұл аз болғандай, ол туралы Атырау облысы, Махамбет, Исатай, Индер аудандары энциклопедияларында мүлдем дерек жоқ.
Бүгінгі таңда облыс көлемінде көптеген игі іс-шаралар жүзеге асуда, соның бірі – Махамбет селосы тұсынан көпір салу мәселесі. Болашақта салынатын көпірді елі мен жерінің азаттығы үшін күрескен, Жайық үшін жандасқан (Махамбет) ерлердің рухына бағыштап Құрақ көпірі деп атаса деген ұсынымыз бар.

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің
проректоры, тарих
ғылымдарының докторы.

Суретте: солдан оңға қарай түрегеліп тұрғандар: екінші тұрған Сембай Бердімұратов, алтыншы тұрған жазушы, махамбеттанушы Берқайыр Аманшин, отырғандар: оң жақтан шеткі Қырым Қаныкомов, қасында баласы Құмар.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*