Орынғали БАЛТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор: «ДҮНИЕДЕ БАЛАЛАР АУЫРМАСЫНШЫ!..»

– Орынғали Балтайұлы, жаңа туған сәбиге ана сүтінен артық қорек жоқ екені белгілі.  Алдымен жас аналарға керек кеңестен бастайық әңгімені. Өйткені, қазір «дене сымбатымды бұзып аламын» немесе «жұмысқа шыға алмай қаламын» деп баласын жасанды сүтпен қоректендіретін аналар қатары көбейіп келеді.  

– Ешқашан да ешқандай жасанды қоспа ана сүтін алмастыра алмайды. Әр ана бала емізу ережесін қатаң сақтауы керек. Емізер алдында қолды таза сумен жуып алған дұрыс. Омыраудағы ауру жұқтыратын микробтар нәрестенің аузына түспес үшін сүттің бір-екі тамшысын сауып жіберу керек. Баланы емізіп болған соң омырауда сүт қалса, оны сауып тастау қажет. Олай етпеген жағдайда омырау сүті біртіндеп азая береді де, кейін мүлде суалып кетеді. Дені сау бала өзіне керек сүтті 15 минут ішінде еміп болады. Кейбір аналар баланың жылау себебін біле алмай, үсті-үстіне  емізе береді, бұл дұрыс емес. Бала тек қарны ашқаннан ғана жыламайды, жаялығы су болуы, ыңғайсыз құндақталуы, ішіне жел кіруі немесе бір жері ауруы себепті жылауы мүмкін. Баланы мезгілсіз емізе бергеннің салдарынан сүт асқазанда толық қорытыла алмайтын да кездер болады. Осыдан келіп бала мазасызданады, іші өтеді, құсады.

– Шыны керек, менің балалығым өткен 1980-90 жылдары сәбилер арасында сырқат аз кездесетін еді. Тіпті, бала болып қанша тәтті жесек те, тісіміз ауырып көрмеді. Ал қазіргі кезді ол уақытпен салыстыруға мүлде келмейді. Алтыдағы ұлымның аузында сау тіс жоқ. Жалпы, бүгінгі балалар арасында ауру неге көп? Бұл экологияның салдары ма, әлде біз тұтынып жүрген азық-түліктің сапасына байланысты ма? 

– Балалар ауруының көбейіп кеткені рас. Қазір жаңа туған нәрестелердің өзінде туабітті жүрек ақауы, ерін, таңдай жырықтары, асқазан-ішек жүйелерінің аурулары белең алып тұр. Қаназдық, тыныс алу жолдарының сырқаты да жиі кездеседі. Академиктер Т.Шарманов, К.Ормантаевтар айтқандай, балалар ауруына сыртқы орта факторлары, атап айтсақ, әке-шешесінің маскүнемдігі, вирустар, дәрі-дәрмектер мен радиация және экологияның әсері себеп болып отыр. Сондықтан да, дәл қазір Атыраудағы экологиялық ахуалды, басқа да факторларды нақты анықтау үшін біріккен ғылыми-зерттеу зертханасын тәжірибеге енгізу керектігі жөніндегі мәселені әр жерде көтеріп жүргенімізбен, нәтиже болмай келеді.

– Жасөспірімдер денсаулығы қандай деңгейде?  

– Қазір ересек балалар арасында анемия, семіздік, аллергия ауруларының өсуі байқалады. Бұған негізгі себеп – дұрыс тамақтанбау. Тәтті тағамдарға, түрлі газдалған сусындар мен шырындарға әуестік, дәрілерді оңды-солды қолданудың да ақыры ауруға алып келеді. Соңғы кездері тағамдық аллергия көп орын алып отыр. Асқазан мен он екі елі ішек аурулары (гастрит, дуоденит, ойық жара) түрлі аллергендер (сүт, жұмыртқа, балық, бал, цитрустар, шоколад, банан, ананас, т.б.) қабылдау барысындағы өзгерістермен байқалады. Сегіз жастағы баланың асқазанында ойық жара болғаны жақсы емес. Қазір балалардың барлығы дерлік чипсы деген нәрсеге құмар.

– Сол чипсының денсаулыққа пайда-зияны жайлы айта кетіңізші.

– Ұлыбританияда Бристоль университетінің ғалымдары егер бала үш жасқа дейін құрамында  май мен қант мөлшері көп тағамдармен шектен тыс қоректенсе, оның интеллектуалдық деңгейі төмендейтінін анықтаған. Бұл ретте тамақтану  рационын өзгертудің пайдасы жоқ. Тез дайын болатын тағамдарға әуестік арқылы ми жұмысына қажетті глюкозамен қамтамасыз ете алмаймыз. Соның салдарынан интеллектуалдық қабілет нашарлайды. Бүгінде батыс елдерінің бірқатарында чипсы, газды сусындарды мектеп жанында сатуға тыйым салынды. Бұл үрдісті біз де құптауымыз керек. Ертеңгі күні балаларымыз ақылсыз, санасы тайыз болып өспесін десек…

– Бұл, мүмкін, тұрмыстың түзелгені шығар. Қазір әр үйде дерлік компьютер бар. Балаларымыз күндіз-түні сол компьютер ішіндегі ойындарға құмар…  

– Мектеп жасындағы балалардың, жасөспірімдердің компьютерден бас алмай, кем дегенде 4-5 сағат қатарынан үзіліссіз отыруы денсаулықтарына, әсіресе ми жүйесіне кері әсер етеді. Осының салдарынан балалардың шаршауы, басының жиі ауыруы, тамаққа тәбет нашарлауы байқалады, қаназдық болуы мүмкін. Компьютер алдында үзіліссіз ұзақ отыру гиподинамияға әкеліп соқтырады да, баланың дене шымырлығын әлсіретеді.

– Сіз балаларда кездесетін бүйрек аурулары жөнінде докторлық диссертация қорғадыңыз. Біздің аймақта бұл ауру көп кездесе ме? 

– Дисметаболикалық нефропатиялар – зат алмасуының бұзылуына байланысты болатын аурулар. Тағамда қою сүт, қою ет сорпасы, сардина, сельд, какао, кофе, шоколад, қою шай, көк жуа шектелмесе, ағзада өт және зәр жолдарында тас ауруларының пайда болуы ықтимал. Егер мезгілінде емделмесе, бұл тастардың кристалдары зәр жолдарының кілегей қабықтарын зақымдап, микробтардың ену салдарынан зәр инфекциясы дамиды. Осы аталған инфекция бізде қазір өте көп кездесіп отыр.

– Балалар ауруы көп. Соған қарамастан, медициналық білім беретін жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттері жабылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс жасаған маман ретінде сіздің бұл жаңалыққа көзқарасыңыз қалай? 

– Менің осыған жүрегім ауырды. Бұл – ойланбай істелген нәрсе. Мысалы, көршілес Ресейде, Өзбекстанда педиатрия факультеттері әлі жұмыс жасап тұр. Біз жаптық та тастадық. «Отбасылық дәрігер» – ересектер үшін керек шығар, бірақ балалар дәрігерінің орны бөлек, сол үшін педиатрия факультеттерін қайтадан ашу керек деп ойлаймын.

– Орынғали Балтайұлы, біздің бұл әңгімемізден «Атыраудың» оқырмандары біраз мәлімет алды деп ойлаймын. Сөз соңында тағы бір құнды кеңесіңізбен бөліссеңіз. 

– Мен қазір Алмагүл ықшамауданында орналасқан №7 қалалық ауруханада педиатр-кеңесші болып жұмыс жасап жатырмын. Аптаның бес күнінде сол жерде балаларды қараймын, сауығып кетулеріне жолбасшы болуды өзімнің мақсатым деп білемін. Ата-ана үшін бұл өмірде баласының денсаулығынан асқан байлық жоқ. Балалар ауырмасын. Ол үшін күнделікті тамақтануға ерекше көңіл бөлу керек. «Атыраудың» оқырмандарына мынадай салаттың рецептісін айтайын. Егер осы салатты дайындап, балаларға берсе, дәріханаларда тұрған аты әдемі дәрумендерді ақша шығарып сатып алудың қажеті болмайды. Өйткені, салат құрамындағы көкөністерде керек дәрумендердің бәрі бар: 2 дана баклажан, 1 сәбіз, 2 болгар бұрышы, 1 пияз, сарымсақ, аскөк, 1 дана қызанақты жуып, арнайы пакетке салып, аузын орап, духовкада өз сөліне 20 минут пісіру керек. Піскен соң ғана көкөністерді турап, зәйтүн майымен араластырады. Салат дайын. Денсаулықтарыңыз зор болсын!

Әңгімелескен

Бақытгүл БАБАШ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*