ОРТАҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДА ОЛҚЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

 Бұл іске бел шеше, білек сыбана кіріскен министрлер кабинеті араға 7-8 ай салып, еліміздің Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорын Үкіметтің арнайы қаулысымен  Бірыңғай  жинақтаушы зейнетақы қоры ретінде қайта құрған еді. Осылайша, Қазақстанның қаржы институттары қатарын толықтырған  Бірыңғай   жинақтаушы   зейнетақы қоры аз уақыттың ішінде жұмыстарын жолға қойып, бүгінде еліміздегі алты қордың ағымдық есепшоттары мен зейнетақы активтерін өзіне толығымен қосып алу жұмыстарын аяқтады. Алда әлі де үш қордың активтерін қосу міндеті тұр.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев атқарған жұмыстары жайында кеңінен ақпарат берді. «Халықты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қолжетімділігімен қамтамасыз етудегі біздің басты мақсатымыз филиалдар желісін дамыту, сондай-ақ ақпарат алмасу арналарының барлық мүмкіншіліктерін пайдалану болып отыр. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы қоры республика бойынша қызмет көрсететін 243 бекетін, яғни 18 филиалды, 24 филиал бөлімшесін және 201 қызмет көрсету орталығын қамтитын кең ауқымды өңірлік желіге ие», – деді ол.

Сондай-ақ, оның атап өтуінше, қор басшылығы мұнымен де тоқтамай өңірлік желілерді одан әрі кеңейту бағытындағы мүмкіншіліктерді қосымша зерделеуді қолға алуда.  Бұған қоса азаматтар зейнетақы жинағының жай-күйіне қатысты кез келген ақпаратты тегін әрі қалаған күнінде ала алатын болады. Салымшыларға ыңғайлы болуы үшін олардың қалауы бойынша ақпарат алуының сан түрлі мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Яғни,  қордан салымшының электронды мекен-жайына ақпарат жіберу, БЗЖҚ-ның ресми сайты, не болмаса халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы салымшының жеке кабинетін ашу тетіктері де пысықталу үстінде. Бұдан бөлек, таяу аралықта 1414 бірыңғай байланыс орталығының және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау орталығының 1411 байланыс орталығының техникалық мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, халыққа кеңес беру жұмыстары қолға алынады.

«Сонымен бірге қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Көлік және коммуникация министрліктері бірлесіп, Үкіметтің электронды шлюзі арқылы инвестициялық кірісі көрсетілген жеке зейнетақы есепшотының электронды түбіртегін беру мүмкіншілігін қарастырып жатыр», – деді ол.

Қор басшысы орынбасарының атап өтуінше, БЖЗҚ қызметтерімен халықты толық қамту мақсатында Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығымен бірлесіп, зейнетақы қорына аударымдардың толықтығы мен тұрақтылығына мониторинг жүргізу қолға алынады. Бұл орайда салымшыға оның зейнетақы жарнасының түспегендігі жайында міндетті түрде ақпарат жіберу мүмкіншілігі де қарастырылуда.

Ал, енді талай адамның көңілін күпті еткен жеке зейнетақы қорларынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымдардың аударылуына келер болсақ, қоғамның алаңдауына еш себеп жоқ. Өйткені, талай жылғы еңбегімен жиған, яғни, қартайғанда қажетіне жарар тиын-тебенінің шашауы шықпай қорға аударылады. Қазіргі уақытта салымшылардың жеке зейнетақы есепшоттары мен олардың басқа жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жинақтарын ортақ қорғау аудару бекітілген кесте бойынша қатаң жүзеге асырылуда. Бұл ретте салымшылардың өздеріне қандай да бір әрекет жасап, алаңдауының еш қажеті жоқ. Олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына автоматты режимде аударылады. «Сондай-ақ, қоғамда жекелеген азаматтардың  арасында өз жинақтарының сақталуына қатысты алаңдаушылық бар. Бірден атап өтейін, қор салымшылардың зейнетақы жинақтарының сақталуына әрі толық көлемде аударылуына қатысты барлық шараларды қолға алуда», – деді ол.

Р.Ерденаевтың атап өтуінше, қазіргі таңда алты зейнетақы қорының ағымдық есепшоттары мен зейнетақы активтерінің БЖЗҚ-ға қосылуы толығымен жүзеге асырылған. Олар – «Республика», «Отан», «Капитал», «Атамекен», «Астана», «НефтеГаз-Дем» жинақтаушы зейнетақы қорлары. Ал, қазіргі таңда «Грантум» қорының есепшоттары мен активтерін қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек тағы екі ірі жинақтаушы зейнетақы қоры қалып отыр. Олар – «Ұлар Үміт» пен «Халық банкінің» жинақтаушы зейнетақы қоры. «Осылайша, 2014 жылдың 1 сәуірінде барлық жеке салымшылар есепшоттары мен олардың зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға берілетін болады. Ал, зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады», – деді Р.Ерденаев.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 1 ақпанында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барлық зейнетақы активтерінің 46,5 пайызы немесе 1,7 трлн. теңгесі шоғырланған. Ал, келісім-шарт жасалған салымшылардың жеке зейнетақы есепшоттарының саны 4,5 млн. бірлікке жетіп отыр.

Айтпақшы, Р.Ерденаев биыл зейнеткерлікке шығатын азаматтардың талай жылғы жинаған салымдарының қалай берілетіндігін де түсіндіріп өтті. «Егер зейнетақы жинағы 30 ең төменгі зейнетақыдан төмен болған жағдайда, ал ол ағымдағы жылы 623,5 мың теңгені құрайды, оны бірден алуға болады», – деді ол.

Оның атап өтуінше, жиналған ақша аталған сомадан көп болса, онда ай сайын немесе тоқсан айын кесте бойынша бөліп алу құқығы қарастырылған. Ол үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша БЖЗҚ бөлімшесіне бару қажет. «Біздің қызметкерлер зейнетақыны есептейді. Бұл ретте салымшы төлем тәсілі мен жеткізу жолын өзі таңдап алады. Ал, егер жинаған қаржыңыз тым көп болса, онда оны бұған дейін белгіленген зейнет жасында, яғни әйелдер 50, еркектер 55 жасында зейнет аннуитеті арқылы алу мүмкіндігіне ие», – деді Р.Ерденаев.

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*