ОРТАҚ ОЙ, ОРАЙЛЫ ШЕШІМ

Студенттердің ғылыми-шығармашылық көрмесінде стенділік баяндамалар презентациясы жасалды. «Жастар, білім, ғылым, өнер» тақырыбында магистрант Еркебұлан Тумин мен студент Ким Анджела дайындаған баяндамалары көптің көңілінен шықты. «Кітап – мәңгі құндылық» атты кітап көрмесі таныстырылды. «Тірі манекендер» студенттік театр қойылымы да ерекшелігімен тәнті етті.

«Қазіргі жастардың рухани құндылықтары» гуманитарлық ғылымдардың жаңа көкейкесті мәселелеріне арналған өңірлік семинар-кеңесті университет ректоры Бейбіт Мамраев жүргізді. Осы шараға арнайы келген Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті ғылыми-техникалық саясат басқармасы басшысы Н.Машанова тәуелсіз Қазақстан жастарын патриоттық рухта тәрбиелеудегі ұлттық тарихтың рөлі жайында толғақты әңгіме қозғады.

Ұлттық құндылықтарды қазіргі жастардың арасында насихаттау мемлекеттік жастар саясатының басты бағыты екенін облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім Қалауи айрықша атап өтті. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда студент жастардың әлеуметтік-саяси көзқарасы төңірегінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Түймеш Дәрішева баяндама жасады. Дінмен астасқан ұлттық тарих құндылықтары жайлы Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің аға оқытушысы Гүлмира Хайруллина әңгімеледі.

Семинар  барысында,  сондай-ақ, университет  студенттері  де  өз  ойларын ортаға  салды. «Жастар және тәуелсіздік» тақырыбында сөйлеген Ерқанат Жолдығұлов пен ғылым, білім төңірегіндегі пікірімен бөліскен Айдана Тілепбергеновалар өзіндік көзқарастары бар, парасатты жастар екендерін танытты. Полина Қабдулкаримова, Алексей Ишин, Мөлдір Көжекбаева, Сайрагүл Тұржанова, Нұрлан Бақтыгереев сынды студенттер де отбасы, мансап, бизнес, дін, тіл мәдениеті жайлы әңгімеледі.

Университеттің белсенді студенттерінің бірі Усила Арманқызы Атырау студенттерінің Қазақстан жастарына Үндеуі мәтінімен таныстырды. «Біз, жастар, тәуелсіз еліміздің әлемдік аренадағы өркені өскен рөліне, Елбасының халықаралық дәрежедегі биік беделіне куәміз, – деді ол. – Біз Отанымыздың болашағы алдындағы жауапкершілігімізді терең түсініп, рухани құндылықтарымыздың бағасын сезініп, бірлікте болуымыз керек. Біздің ұранымыз және ұстанар қағидамыз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр». Елбасымен бірге жаңа табыс, жаңа жетістіктерге жете берейік!».

Семинардан соң қонақтар назарына университет студенттері  дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Осы күні және «Арман» дебат клубы «Қазіргі жастардың рухани құндылықтары: қалай түсінеміз?» тақырыбында пікірталас  ұйымдастырды.  Философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан «Жаһандану жағдайында құндылықтардың өзгеріске ұшырауы және жастар» жайлы дәріс оқыды. «Ұлттық тарихты зерделеу мәселелеріндегі жастардың  орны»  тақырыбында тарих факультетінің студенттері де пікірталас өткізді. Шара «Жастар жырлайды» атты поэзия кешімен қорытындыланды.

Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің тапсырмасын негізге ала отырып өткен бұл шара қоғамның  қозғаушы  күші – жастардың ой-өрелерін биіктетіп, өз пікірлерін ашық айта алатын, парасат-пайымы жоғары  болуы жолында үлкен маңызға ие болды.

Бақытгүл  ӘМІРЖАН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*