ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАҒАН ӨМІРШЕҢ ИДЕЯ


КӨРЕГЕНДІЛІК 
КӨКЖИЕГІ

Уақыттың өзі Еуразиялық одақ идеясының өміршеңдігі мен қажеттілігін дәлелдеп берді. Әу баста бұл идеяны да әлемдік қауымдастыққа ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
1994 жылдың 29 наурызы. Дәл осы күні М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің академиялық аудиториясында өткен тарихи кездесу барысында Елбасының батыл интеграциялық жобасы Ресей ғалымдарын таң қалдырған болатын. Себебі, бұрынғы посткеңестік аумақта дезинтеграция үдерісі жүріп жатқан жағдайда, бұл болашаққа арналған көзқарас болатын. ҚР Президенті үшін еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асыру өмірлік мәні бар мәселеге айналды. Сол кездегі қиындықтарға қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалдастық бастамалары біртіндеп жүзеге аса бастады. Тіпті, 1996 жылы тұңғыш рет «еуразиялық ықпалдастық» термині қолданыста пайда болды. Арада жылдар өте келе, Мемлекет басшысының бастамасы теориялық қағида болып қана қоймай, толық жүзеге асты.
2000 жылғы қазанда бес мемлекет басшыларының бірігіп, Еуразиялық экономикалық қауымдастық халықаралық ұйымын құруы маңызды кезең болды. Соның шеңберінде 2010 жылдан Кедендік одақ жұмыс істеп, ал 2012 жылдан біртұтас экономикалық кеңістік қалыптаса бастады.
Өткен 20 жыл қазіргі еуразиялық интеграция жолындағы қиын, бірақ табысты кезеңдер болды. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің зор жеңісі мен табысы. Осылайша 20 жыл бұрын дүниеге келген геосаяси және геоэкономикалық дамудың ерекшеліктерін ескеретін еуразиялық ықпалдастық идеясы бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің стратегиялық мүдделерін көрсетуге қабілетті болып шықты.
Бұл күнде КСРО ыдыраған соң құрылған мемлекеттердің жақындасу процесін еуразиялық интеграция деп атау дағдыға енді. Осынау ұғымды сарапшылар кеңінен пайдаланса, ең маңыздысы, ол таяу және алыс шетелдердегі саяси элитаның табиғи сөз саптауына айналып отыр.
Қазіргі таңда Еуразиялық одақ құру идеясы кері итеру сезімін туғызбайды және ешкімді де таңдандырмайды. Керісінше, ол туралы ең жоғары деңгейдегі жарқын болашақ және нақты интеграциялық жоба ретінде айтылады. Сайып келгенде, мұның барлығы – Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының, кемел келешекке деген байыпты бағамының жемісі. Өйткені, Одақ құру туралы идеяны ұсынған шақта-ақ, ол ТМД-ның уақыттың объективті талаптарына жауап бермейтінін және мүше мемлекеттер халықтарының аса мұқтаж болып отырған интеграциясын қамтамасыз ете алмайтынын ашық айтқан болатын. Сондықтан, неғұрлым нақты принциптерге сүйеніп, іс-қимылдар жасайтын жаңа мемлекетаралық бірлестік құру қажеттігін мәселе қылып көтерді.
«Халық пен елдің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция – өркендеудің ең қысқа жолы да осы. Еуразиялық одақты әу бастан-ақ мемлекеттердің теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпаушылық, егемендік пен мемлекеттік шекаралардың қол сұғылмастығын құрметтеу қағидаттары негізіндегі бірлестік ретінде көрдім. Мен Еуразиялық одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ, бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл – аксиома. Негізіне интеграция бойынша әріптестердің теңдігі алынған Еуразиялық одақ құрудың табысты тәжірибесі дәл осындай болатын». Бұл – Елбасының өз сөзі. Одақ құруда ұсынған әр идеясы мен қадамы – ел мүддесі, халық қамы. Осы пікірімізге жоғарыдағы Президент сөзі – айқын дәлел.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОЛЫНДА

Тұтастай алғанда, Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін ауқымды бастама, мегажоба. Сол үшін де ол әуел бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылғаны жөн. Өйткені, қазір Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолын бетке алды. Сондықтан, біртұтас экономикалық кеңістіктің инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің аумағы болуының маңызы зор.
Осы тұста тағы бір назар аудара кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ құру тек халықтың кең қолдауы негізінде ғана толыққанды жүзеге аспақ. Қазақстан-Беларусь-Ресей үштігінің Экономикалық одақ құрамыз деген талпынысы талай мәрте талқыланды. Бірі зиян десе, енді бірі пайдалы деп қолдау танытты. Әрине, ашық көзқарас, еркін пікір, талқылау мен саралау болған жерде ақ-қараны айыруға мүмкіндік мол. Десек те, «Интеграция кедендік кедергілерді жоюға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сондықтан, біздікі таза прагматикалық мүдде – елді дамыту, экономиканы көтеру және ІЖӨ-ді ұлғайту. Ал, біздің саяси тәуелсіздігімізге келсек, ол мызғымайды, Қазақстан ешкімге егемендігін бермейді» деген Елбасының тұжырымды осынау пікірі күпті еткен көңілдердің күдігін сейілтіп, алаңдаушылықтың орынсыз екендігін нақты айғақтағандай.
Негізі, менің ойымша, Одақтың саяси ұйым емес екенін түйсінуіміз қажет. Ол – біздің еліміз үшін аса қажетті болып табылатын таза экономикалық ынтымақтастық. Сарапшылардың пайымына сай, 2030 жылға дейін бұл ықпалдастық үш елдің жалпы ішкі өнімін 25 пайызға өсіреді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушылар тек өзара шектелмейді, олар басқа әріптестермен белсенді ынтымақтастығын да жалғастыра бермек. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев болашақта Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың арасында еркін сауда аумағын құру туралы Ресей Президентінің ұсынысына қолдау білдіргендігін де айта кеткеніміз жөн болар.
Ұлт көшбасшысының әр бастамасының астарында әлеуметтің әлеуетін арттыру, халықтың өмір сапасын жақсарту сынды негізгі ұстанымдар жатқандығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Экономикалық одақтың да көздегені – осы принциптер. Себебі, қазақстандық, белоруссиялық және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері – Қазақстан бизнесінің табысты өсуінің кепілі. Одақ құру арқылы қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалмақ. Ортақ еңбек ресурстары қалыптасады, еңбек өнімділігін арттырып, кәсіби деңгейді көтереді.

АСТАНА – ЕУРАЗИЯ КІНДІГІ

Өз кезегінде өзге ел басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ идеясының бастауында тұрғандығын ерекше атап өтуде. Ал, біртұтас бірлестік құрудағы алғашқы қадам, яғни, шартқа қол қою рәсімінің Астана төрінде өткізілуі – ел тарихындағы елеулі саяси оқиғалардың бірі әрі Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының маңызды оқиғаға мұрындық болғандығының шынайы белгісі ретінде тарих қойнауына енгізілмек.
Тұтастай алғанда, жиырма жыл сынаптай сырғыған уақыттың өлшемімен бағамдағанда, аса көп уақыт емес. Десек те, Еуразиялық одақ құру туралы Қазақстан Президентінің ұсынысынан соң, бірнеше маңызды іс-шаралар жүзеге асты.
Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылып, интеграциялық үдерістердің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Ал, ару Астана Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі болды.
Осынау интеграциялану ғасырында бөлініп өмір сүру, даму мүмкін емес. Оның үстіне, бұл одақтың құрылуының өзі осы идеяның отаны болып отырған Қазақстан жерінде, оның жаңа елордасы – Астана қаласында жүзеге асуы да әділеттіліктің бір көрінісі іспетті.
Қорыта айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені – әрбір қазақстандық үшін мерей. Өйткені, осыдан 20 жыл бұрын Президентіміз осы идеяны алғаш айтып, содан бері оны жетілдіріп, бұған қазіргі заманда бірден-бір дұрыс халықаралық қарым-қатынас түрі екеніне өзге елдердің де көзін жеткізді. Әлемдік өркениет дамуы осы идеяның өміршеңдігін көрсетті. Бұл халқымыздың да, Одаққа енген елдердің де жаңа бірлестікке сенімін күшейтіп, қолдауға ие болғанына бүгінгі күні куә болып отырмыз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*