ӨРКЕНИЕТ ЖОЛДАРДАН БАСТАЛАДЫ

 

«Атырау – Индер» тас жолы  биыл аяқталады

Ауқымды шаруаны атқаруды мойнына алған мердігер компания «Атырауинждорстрой» ЖШС-нің директоры Бөлек Әлменбаевтың мәлімдеуінше, қазірде облыстың барлық өңірлерінде (Жылыой мен Мақат аудандарынан басқасында) дерлік жоспарлы жұмыстар қарқын алған. Басты жаңалықтардың бірі, биыл облыстық маңыздылықтағы «Атырау-Индер» тас жолының (ұзындығы 170 шақырым) құрылысыаяқталады. Бұған дейін де айтқанымыздай, жобада инфрақұрылымдар да қарастырылған. Трассаның бойынан сегіз аялдамалық  павильон салынса, автотұрақпен бірге шағын демалыс алаңшалары, автокөліктерді техникалық байқаудан немесе ақаулы тұстарын тексеруден өткізуге мүмкіндік беретін эстакадалар, өзге де қажеттіліктер қамтылған. Ерекше айтуға тұрарлық жайт, осы жолға жақын орналасқан Индер мен Махамбет ауданына қарасты ірі елді мекендерге селоішілік асфальт жолдар төселіп, қайсыбірінде жаяу жүргінші жолдарын  салу да жобаға енгізілген. Қазіргі уақытта Махамбет ауданының орталығында ұзындығы 3,3 шақырым жол күрделі жөндеумен қамтылса, осындай жұмыстар Индер мен Мақат аудандарында да атқарылмақ.

Жол құрылысшылары қолға алған аса маңызды да игілікті істің бірі ретінде Махамбет селосының тұсынан тұрғызылып жатқан, Жайық өзені арқылы өтетін автокөлік көпірін айтқанымыз ләзім. Ұзындығы 660, ені 12,8 метрді, сол жақ жағалаудан «Атырау-Индер» тас жолына дейінгі қашықтығы 5,9 және оң жақ беттен «Атырау-Орал» магистраліне дейінгі аралығы 2,1 шақырымды, асфальт жабындысының ені 8 шақырымды құрайтын бұл нысан бойынша да құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Іргетасы мен тіреуіш бағандары орнатылған. Сайып келгенде, көпір құрылысы «Атырау-Орал» және «Атырау-Индер» магистральді жолдарын бір-бірімен байланыстырып, күретамырдың бойындағы көлік тасқынын азайтуға, сөйтіп, жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осынау маңызды стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстары 2016 жылы толығымен аяқталады деп күтілуде. 

Қала да,  ауыл да назардан тыс қалмайды

Білгеніміздей, бұдан бөлек Қызылқоға ауданындағы Сағыз темір жол стансасында ұзындығы 110, биіктігі сегіз метрді құрайтын жаяу жүргінші көпірінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанды биылғы тамыз айының соңында пайдалануға беру межеленген.

Құрманғазы ауданында, Дружный каналы арқылы ұзындығы 7,5 шақырымдық  Дәулеткерей мен Алға ауылдарын жалғастыратын асфальт жол тартылса, Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосы мен Жанбай ауылдарында ондаған көшеге жаңа жол төселіп, тротуарлар салу жұмыстары басталған. Және бір мәлім болғаны, кәсіпорын құрылысшылары бұған дейін Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасына апаратын кірме жолдар мен алаңдарды салған болса, қазіргі мезгілде осы ауданның аумағында орналасатын «Мекен-Чиккен» бройлерлік құс фабрикасында да осындай жұмыстарды атқаруға кіріскен.

Облыс орталығына келсек, «Меркур-Авто» автоорталығынан Атырау халықаралық әуежайына дейінгі жолдың (ұзындығы 4,6 шақырым) жиегінен велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған жол салу, Балықшы кентіне қарасты Ақ Жайық елді мекенінің (бұрынғы Холодильник ауылы) көше жолдарын жөнге келтіру жоспарға енгізілген. Сонымен қатар, Атырау қаласында 120 млн. теңге  көлемінде көшелердің ойылып қалған жерлері жөнделмек.  «Атырау-Доссор» тас жолының бойындағы темір жол көпірінің тұсындағы асфальт жабындысы жаңғыртылып, шектеу белгілері қойылған габаритті қақпаларды тиісті талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру көзделген. 

«Қазақстандық мазмұнға» –  айрықша маңыз

Әңгімеміздің басында айтқанымыздай, «Атырауинждорстрой» ЖШС-інің күшімен 2014 жылы жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын жол салынып, 22 млрд. теңгенің үстінде қаржы игерілген. 2015 жылы да  қаржыландырумен байланысты орын алған қиындық-кедергілерге қарамастан, қарқынды мейлінше бәсеңдетпей,12,627 млрд. теңгенің жұмыс көлемін атқаруға бел буған. Оған қоса, құрылысқа қажетті материалдардың басқа аймақтардан тасымалданып, жеткізілуі себепті құнының да біраз қымбатқа түсетінін, әрі қиынға соғатынын ескерген кәсіпорын басшылығы «Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық бастамаға үн қосуды да ойластырған. Соның айқын дәлеліндей, осыған дейін кеңінен қолданылып келген Ресей битумын Ақтау қаласындағы зауытта өндіріліп шығарылатын өзіміздің отандық өніммен алмастыруға көшкен. Нәтижесінде, атыраулық жол құрылысшылары ҚР Энергетика министрлігі талап етіп отырғанындай, әлемдік стандарттарға сай келетін жергілікті өнімді көбірек пайдалану жөніндегі тапсырманың да ойдағыдай орындалуына қол жеткізген. 

Адам  факторы – алғы  кезекте

Баспасөз туры барысында байқағанымыздай, қай ұжымда болмасын, негізгі күш саналатын адам факторын алғы кезекке қойған компанияда кадрларды тұрақтандыру, мамандардың шеберлігін арттырып, біліктілігін көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жағына ерекше мән берілген. Осы мақсатта инженер-техник құрамнан бастап, әрбір учаскеде еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлер қажеттігіне қарай мамандықтарын жетілдіру, қайта даярлау курстарынан өтеді. Өндіріс пен оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатылған. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысып, керек деген мамандарды іріктеп алу да игі дәстүрге айналған. Егер, осыдан 16 жыл бұрын өзінің жұмысын бастаған кезде, кәсіпорынға жұмысқа тартылғандардың 40 пайызы ғана жергілікті адамдар болса, бүгінгі таңда олардың үлес салмағы еселеп артып,  бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жеткен. Жолшылардың орташа еңбекақысы 120-250 мың теңгені құрайды және әр айдың 10-ынан кешіктірілмей беріліп отырады.

Дәулетқали АРУЕВ.      

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*