ОРАЛЫМДЫ ОЙЛАР ТОҒЫСЫ

Іс-шараға Президенттікке кандидат Ә.Құсайыновтың барлық аймақтық сайлауалды штабтарының жетекшілері мен қызметкерлері, сенімді өкілдері қатысты. Шараны Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың Республикалық сайлауалды штабы аймақтарда жүргізілген насихат жұмыстарының алдын ала қорытындысын шығару үшін ұйымдастырған болатын.

Слет барысында Ә.Құсайынов шара қатысушыларына өңірлерде жүргізген жұмыстары жайлы және одан арғы жоспары туралы баяндап берді. Әбілғазы Құсайынов белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылармен жоғары деңгейде кездесулер ұйымдастырғаны үшін аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері мен сенімді өкілдеріне алғысын білдірді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында бекітілген уақыт аралығында сіздердің қолдауларыңызбен өз кандидатурамның үлесіне 132 мың дауыс жинап, тіркеуден сәтті өттім. Осы уақыттан бері ұйымдастырушылық жұмыстар қызу басталып, демалысқа да, мерекеге де қарамастан,  бірде-бір тоқтаған емес. Жолдың жартысынан көп бөлігін артқа тастадық, енді «сағаттарымызды теңестіріп», үгіт-насихат науқанының қалған уақытында атқарар жұмысымызды одан әрі жетілдіру үшін ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдасам деймін», – деді Ә.Құсайынов.

Іс-шара барысында республикалық және аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері баяндама жасады. Осы орайда республикалық штаб жетекшісі Р.Жоламан ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сенімді тұлғаларының белсенді жұмысына өз бағасын берді. «Есептік кезеңде мақсаты бір адамдардың берік командасы құрылып, соның күшімен сайлау науқанының бірінші айналымынан – ҚР Президенттігіне кандидатты тіркеу кезеңінен сәтті өттік. Аймақтарда сайлауалды штабтарды ашу мәселелерін де Сіздердің қолдауларыңызбен орынды шеше алдық. Насихат жұмыстарына қажетті көрнекі материалдар жоғары деңгейде әзірленіп, тиісті орындарға уақытылы жеткізілді», – деп атап өтті Р.Жоламан.

Сондай-ақ, Р.Жоламан аймақтардағы штабтардың жұмыс нәтижесін көрсететін кейбір сандарды мысалға келтіріп өтті. Р.Жоламанның айтуынша, үгіт-насихат науқаны кезінде республика бойынша кандидаттың 36 билборды орнатылып, 25 мың плакаты ілінді, 10 мың бағдарламасы таратылды. Телеарналарда екі насихат ролигі көрсетіліп, 7 аймақтағы сайлаушылармен 18 кездесу ұйымдастырылды, оған 540-тан аса адам қатысты. Сонымен қатар, 214 адамнан құралған сенімді өкілдер командасы құрылды. Сөзін қорытындылай келе, Р.Жоламан алдағы уақытқа жоспарланған міндеттерді де айқындап берді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*