ҚОРҚОР ТАРТЫП, ҚОР БОЛМА, ҚҰРБЫМ!

ТҮНГІ КЛУБТЫҢ ТҮТІНІНДЕ НЕ СИҚЫР?..

Деректерде қорқордың (кальянның) отаны Үндістан деп көрсетіледі. Одан кейін Түркияға келген де, бұдан әрі саудагерлер араб елдеріне тарат- қан. Сонау ерте замандарда адам санасын жаулап алған қорқорды бүгінгі күні білмейтіндер жоқ десек, артық айтқандық болмас. Танымалдылығы сондайлық, кез келген түнгі клубтар мен мейрамханаларда, барларда жоғары сұранысқа ие болып, әсіресе, жастар арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр. Арнайы ұйымдастырылған қорқор клубтары да бар.
Бұл көрініс өзіміздің туған қаламыз Атырауға да тән. Қаладағы ресторан, клуб, бар біткеннің барлығы да қорқор тартушыларға толықтай қызмет көрсетеді. «Қорқор біздің қаламызға шамамен бес-алты жыл шамасында келді. Менің ойымша, алғаш әкелген түріктер болу керек. Ең бірінші рет «Аспава» мейрамханасында болғанын білемін. Қазір әбден етек алып кетті ғой. Оған ешкім де таң қалмайды. Қорқоршылардың барлығы да – жергілікті жігіттер. Сұраныс өте көп. Үйлеріне, демалып отырған жерлеріне де алдырып жатады» деді бізбен сөйлескен қаладағы ірі мейрамханалардың бірінің басшысы, аты-жөнін атамауды өтініп. Осы мейрамхананың бірінші қабатына келіп шеткері тұрған елеусіздеу жерге орналастық. Қара көлеңке залдың ішінде жаныңды жайбарақат күйге бөлейтін шығыстың сазды әуені ойнап тұр. Беймарал қалып, ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Будақтаған көк түтін қолқаны қауып барады. Жүрістері сезілмейтін даяшылар қызмет көрсетіп жүр.
Айқара ашылған есіктен кіріп келе жатқан бес-алты бойжеткен көрінді. Көрерге көз керек, үріп ауызға салғандай жап-жас қыздар. Отыра сала бір қорқорды асығыс иемденді. Қорқоршы жігіт ұқыпты қызмет көрсете бастады. Лезде айналаны қарбыздың жұпар иісі алып кетті. Бірінен кейін бірі сорғыштап, қыздарымыз да бір ғажайып күйге енгендей, барлығы да үнсіз отыр. Қыз-жігіті аралас-қан тағы бір топ келіп, бізге таяу орналасты. Олар да солай.
Суыртпақтап білгеніміз, қорқоршылардың көбі мейрамханалардан орынды жалға алады екен. Тек қорқормен ғана қызмет көрсететін барлар да жетіп жатыр. Стол үстіндегі қатырма қағазда қорқор тартудың ережесі мен нұсқаулығы жазылыпты.
«Қорқорды асықпай, тамақ ішкеннен кейін жақсы көңіл-күйде отырып пайдалану керек, – қорқор жерде, болмаса арнаулы столда тұру керек», тағы сол сияқтылар. Тіркелген ас мәзіріне де көз жүгірттік. Шарап, коньяк қосылғанының бағасы – алты мыңнан жоғары, сүт қосқаны бес мыңнан, алма, шабдалы, т.с.с төрт мыңнан, ал, ассортидің бағасы бес мың жарымнан жоғары екен.
Демалушы қыздардың бірімен тілдесудің реті келді. «Менің атым Айдана. Жиырмаға енді толамын. Қорқорды тартқаныма екі жылдай болды. Еш зиянын көріп жатқан жоқпын. Өзіме ұнайды. Иісі жақсы, достарымызбен осында жиі келеміз» деді ол. «Қорқордың зияны жөнінде, тартып жатқан нәрселеріңнің құрамында не бар екендігін білесіңдер ме? Өмірге ұрпақ әкелер болашақ ана ретінде алдағы өміріңізге қауіп бар деп ойламайсыз ба?» деген сауалдарымызға: «шынымды айтсам, құрамында не бар екендігін ойламаппын. Темекіден жақсы дейді ғой. Ал, басқасын ана болатын кезде көрерміз» деді бізбен жымия қоштасқан бойжеткен. «Қорқор жасауды Алматыдан үйреніп келдім. Ал, құрамы, сапасы туралы ештеңе айта алмаймын. Менің міндетім – дайындау. Шынымды айтсам, бұл жөнінде сертификат, болмаса басқа құжаттарды көрген жоқпын» деп қорқоршы жігіт те асығыс сөйлесіп, жөніне кетті.

ЗЫМИЯН ЗИЯНЫН ЗЕРДЕЛЕЙСІЗ БЕ?

Көңіл көтерудің бір жолы деп түсінетін адамдар қорқордың адам өміріне қаншалықты қауіпті екеніне аса көңіл бөле бермейтін секілді. Мамандардың деректеріне сүйенсек, бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқаннан 100-200 есе артық түтін жұтады екен. Өкпеге тұншықтырғыш газ өте көп мөлшерде түсетін көрінеді, яғни, 45 минут қорқор шеккен адам осындай газды бір қорап шылым тартқан адамға қарағанда көп жұтады екен. Бұған қоса, тарту кезінде көп күш жұмсағандықтан, түтін өкпенің тереңіне дейін кіріп кетеді. Гигиеналық тұрғыдан алғандағы зияны адам жиіркенерліктей. Қорқордың мундштук деп аталатын сору түтігін бірнеше адам кезек-кезек пайдаланады. Бұл сілекей арқылы таралатын гепатит, туберкулез, герпес, тағы басқа қауіпті аурулардың таралуына бірден-бір себепші. Айналасындағы адамдарға тигізер зияны өте көп. Қасында отырғандар тартқандарға қарағанда көбірек уланады. Айта берсек, бұл заттың адам өміріне тигізер залалды зияны адам шошырлықтай. Бірақ, оған жете мән бермей, арбауға елітіп кеткен өрімдей ұлдарымыз бен қырмызы қыздарымызды былай қойғанда ақыл тоқтатқан азаматтарға жол болсын. «Қорқор тартып тұрамын. Бұрын құрамындағы шөптерді Мысырдан алатын болыпты, қазір Түркиядан, Қытайдан алатын сияқты. Қорқоршылар – өз қаламыздың жігіттері. Меніңше, олар түріктерден үйренген сияқты. Жасыратыны жоқ, жастар, соның ішінде қыз балалар көп келеді. Менің жасымдағылар сиректеу» деді бізбен ой бөліскен жасы елуді еңсерген жігіт ағасы, өзін Қабыл деп таныстырып. Кімді сөзге тартсақ та, аса зияны жоқ деген сенімде. Бірақ, оны зерттеген мамандар қорқор шикізатының құрамында адам өміріне аса қауіпті JWH-018, JWH -027, JWH -073, JWH -200 деген есірткіге ұқсас синтетикалық қосындылардың бар екендігін дәлелдеген. Бұл заттар психотропты заттарға жатпағандықтан, біздің елімізде емін-еркін пайдаланылады екен.
Рас, мейрамханалар мен тойханаларда темекі тартуға тыйым салынған. Бірақ, қорқор тартып «кайф» алуға әзірге еш кедергі жоқ. Қорқордың екінші отаны саналатын Түркияда барлық мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарында қорқор тартып, оны жарнамалауды болдырмау жөнінде арнайы заң қабылданған. Сондай-ақ, Англия, Франция, Эстония мен Финляндия, Біріккен Араб Әмірлігі, Украина сияқты мемлекеттерде де қорқор қолданыстан шыққан. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мамандар бас қосқан кездесуде: «Кальянның ішіндегі шыныдағы суды зерттедік. Зерттеген кезде стофилокок, ішек таяқшасын, саңырауқұлақты анықтадық. Олар өкпеге өте-мөте қауіпті және емделуі қиын» деп атап көрсетті. Ал, «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» АҚ респираторлық медицина бөлімінің жетекшісі Алексей Пак: «Мейрамханаға кіріп, кальянды тартып отырған адамның жанынан өтіңізші. Мүгедек болып шығуға сізге осы да жетіп жатыр» депті. Осылайша, ұрпағымыздың болашағына балта шабатын аса қауіпті зат жастарымыздың бойларын улап, қанға сіңіп бара жатқан сыңайлы. Бұл дерттен айығудың бір-ақ жолы бар. Ол – заң талаптары. Бүгінгі күні елімізде қорқорды қоғамдық орындарда пайдалануды болдырмау жөнінде заң қаралу үстінде. Ендігі үмітіміз – осы құжаттың тез қабылдануында.

***
Кең даланың саф ауасымен тыныстап, қымыз бен шұбатты азық қылған, кесек тұлғалы, сымбаты келіскен бабаларымыз соңдарына көрсе көз тоятындай келбетті ұрпақ қалдырды. Олардың бойларына тек қазаққа ғана тән кеңпейілділік пен қонақжайлықты, еңбекқорлықты мұра етті. Атадан балаға қалған осындай асыл қасиеттерді мирас еткен ұлтымыздың ертеңі, кеудесінде ұлттық намысы бар әр адамның есінен шықпаса игі.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*