ОНЫҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

– Биыл – мен үшін ғана емес, өзіммен бірге жұмыс жасайтын осындағы ондаған өзге ұлттың өкілдері үшін де ерекше жыл, айтулы белес. Өйткені, дәл осы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толды. Тұтастай алғанда үстіміздегі жылдың Елбасының Жарлығымен «Ассамблея жылы» ретінде жарияланып, оған айрықша мән берілуі де сондықтан. Қазақ жерін Отаным, туған елім деп санайтын, Қазақ халқын бауырым деп білетін көп ұлтты республика халқының бір өкілі болып есептелетін мен үшін де зор мерей, биік мәртебе, – дейді жүздесіп, тілдескенімізде Александр замандасымыз. – Өйткені, өзім  де осынау киелі мекенде, қасиетті топырақта дүниеге келгенмін, кіндік қаным да осында тамған. Ата-бабаларымның қонысы Ақ Жайықтың бойын жайлаған Махамбет ауданының аумағы болса, өзімнің тұсауым мұнайлы Мақат өңірінде кесілген…

1984 жылдың күзінде,  кәмелет жасына енді ғана толған балаң жігіт қабырғасы қатпастан жұмысқа араласты. Арнаулы білімі болмаса да, «Эмбанефтьстрой» тресінде жөндеуші-слесарь болып еңбек жолын бастады. Артынша, аудандық әскери комиссариат арқылы қаладағы ДОСААФ біріккен мектебіне оқуға жіберіліп, осыннан электромеханик мамандығын меңгерді.  Соңынан трестің №1 арнаулы жылжымалы механикаландырылған колоннасының электрмонтаждаушылар бригадасына ауысты. Осында жүргенінде-ақ, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен еңбектегі жоғары жетістіктері ескеріліп, Құрмет грамотасымен марапатталады.

1985 жылдың маусым айында Кеңес Әскері қатарына мерзімді қызметке шақырылған жас жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын Мәскеу әскери округіне қарасты жабық қалашықтардың бірінде өтейді. Комендатура мен бақылау-өткізу бекетіндегі өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарған Александр мұнда да әскери бөлім басшылығының Алғыс хатына ие болады.1987 жылдың шілде айында, кіші сержант шенінде аман-есен елге оралады. Келісімен Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Келер жылы сырттайғы бөлімге ауысып, жұмыстан қол  үзбей жүріп оқуын жалғастырады. Төрт-бес жылдай облыс орталығындағы №12 орта мектепте тарих пен құқықтану пәнінен ұстаздық етіп, шәкірттерге дәріс береді.

Кейіннен кейбір қиындықтарға байланысты мұғалімдік қызметті қоюына тура келді. Сөйтіп, ұстаздық мамандықты өзінше бір шағын кәсіпкерлікке алмастырды. Күнкөріс қамымен ұсақ-түйек сауда-саттықпен шұғылданды. Одан бертінде, 1994-2008 жылдары тағы да басқа мамандықтарға машықтығын байқатты. Із кесушілер пайдаланатын қызметтік иттерді үйретуші, күзет бөлімінде бақылаушы, құбырларды орамдаушы, т.с.с. толып жатқан кәсіптерді бірінен кейін бірін меңгеріп, сеніп тапсырылған қай жұмысты да тиянақты атқарды.

Соңынан алғаш меңгерген электромонтаждаушы мамандығына қайта оралды. Осылайша, «Элмо» ЖШС-нің №2 учаскесінде еңбек жолын жалғастыра жүріп Атырау қаласындағы, қала берді облыстағы ірі құрылыс нысандарында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «КТК-К» компаниясына қарасты, Құрманғазы ауданы мен Теңіз кенішінің аралығына тартылған   электр қуатын тасымалдаушы магистральды желілерді күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты. Халық батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуымен байланысты жоспарланған шаралар шеңберінде Махамбет ауданының елді мекендерінде  көше жарығын жүргізуге көп үлесін қосты. Жүздесіп, тілдескенімізде, ол мұны өзіне мақтаныш тұтатынын алға тартты. Өйткені, бұл өңір Александрдың ата-бабаларының туған, кіндік қаны тамған жер екен. Сондай қасиетті де киелі топыраққа табаны тиіп, ізі қалғанын қастерлейтіні де сондықтан болса керек.

Әңгімеміздің желісін әрмен қарай өрбітсек, кейіпкеріміздің біздің ұжымымызға келіп, еңбек еткеніне де биыл, міне, алты жылдан асып, жетіншісіне аяқ басып барады. Айрықшалап айтарымыз, алғашында осында түрлі жұмыстарды атқарып жүрген еңбекқор жігіт бертінде мекеменің атшаптырым аумағындағы тал-теректі күтіп, бақты баптайтын бағбан болып шыға келді. Бұл міндетін де ешкімнен кем қылмай атқарып, абырой тапты. Елгезектігімен үлкен-кіші әріптестерінің көңілінен шығып, жүрген ортасына жағымды азамат атанды. Бәрімізге де сол қырларымен танылып, қолынан келмейтін шаруаның жоқтығын, қандай жұмысқа да  ебінің барын тәжірибеде  дәлелдеді. Сөйтіп, өзіне дейін бағбандық қызметті атқарып келген Насенков Владимир Павловичтің жұмысын лайықты жалғастыра білді.

– Осы іске мені марқұм әкем Николай Александрович машықтандырып, баулыған-ды. Оның үстіне, маған дейін бағбандық қызметті атқарған адам менімен туыстас емес, бірақ тегі бір (Насенков Владимир Павлович) болып шықты. Қатар қызмет істеп жүргенімде ағалығын білдіріп, тәжірибесімен бөлісетін. Өз басым ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Барған сайын бұл кәсібіме де әбден машықтанып, қыр-сырын меңгеріп алдым. Көп жылдан бері  қаладағы «Энергетик-5» бау-бақша өсірушілер қоғамының мүшесімін. Өзімнің шағын учаскем бар. Жұмыстан қолым босаған мезгілде, демалыс күндері саяжайға барып, ондағы көкөніс-бақша дақылдары мен жеміс-жидек ағаштарының бағым-күтімімен айналысамын.

Иә, қашан көрсең де, қай жерге жұмсаса да сертіне берік, ісіне мығым, сөзге сараңдау, бойына жеті өнерді дарытқан Александр замандасымыз қақында айтар әңгімеміз, әрине, мұнымен шектеліп, тәмамдалмақ емес. Қандай кәсіп, жұмысты, жаңалықты да жатсынбаған Саша-Сәкеңнің (арасында әзілдеп осылай деп те қоятыны бар әріптестерінің) қолынан келмейтін, ыңғайын бермейтін шаруа кемде-кем шығар. Бірінде таңмен ертелетіп келіп, өзі қолымен баптап өсірген тал-теректері мен гүлдерін суарып жатса, енді бірінде электр жүйелеріндегі ақаулықтарды жөнге келтіреді. Әлдекімдердің гүлзарлардың үстімен таптап өтпесі үшін айналасын аласалау темір шарбақпен қоршап жатқанын көресің. Оны да соған ыңғайлап кесіп, дәнекерлеп өз қолымен жасағанын көзімізбен көрдік. Кейде баспаханаға үлкен орам қағаздар, басқа да жаңа құрал-жабдықтар кеп қалғанда, оларды көлікпен тасымалдап жеткізіп, түсіріп алуға да қол ұшын беріп, көмектескеніне  куә болдық. Александрдың көпшілігімізге үлгі-өнеге боларлықтай тамаша бір қыры, тәуір қасиеті – еш уақытта ешкімге қабақ шытып, ренжімейтіндігі, орынды-орынсыз дауыс көтеріп даурықпайтындығы, жоқ жерде байбалам салмайтындығы. Қашан көрсең де сабырлы қалпын сақтай білетіндігі,. Осындай «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматпен бір ұжымда еңбек етудің өзі түсіне білген кісіге үлкен бақыт, зор ғанибет емес пе?!

 

Дәулетқали АРУЕВ,

Суретті түсірген Амандық АБДОЛОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*