ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Өмірден тым ерте өткенімен, артына өшпес, өлмес мол мұра қалдырды. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Абдошпен таныстығым 1958 жылдан басталады. Осы уақыттан бастап, аудан, облыс, тіпті республика көлеміндегі күллі шараларға бірге барып жүрдік. Әсіресе, үгіт  бригадамен араламаған жеріміз жоқ, біресе қырман басы, біресе малшылар ауылына концерт беретінбіз. Өміріміздің көп бөлігін, жастық жігер-жалынымызды осындай шараларға арнаппыз. Ол заманда партияның рөлі күшті, жұмыстан сұрану, қызметті тастап кету деген атымен болмайды. Сондай сәттерде шалғай ауыл-мекендерге Абдолла, мен, механик Петро Литвинов, жүргізуші, төртеуміз барып, неше адам болса да сол концерттік бағдарламамызды соңына дейін қойып, думандатып қайтатынбыз.

Абдолланың жүрген жері ән-күй, ойын-күлкіге толы болатын. Мінезі өте тамаша жан болғанын сол сәттерде бірге жүргендердің барлығы да аса бір жылылықпен еске алушы еді. Адамның бабын тауып, дегеніне көндіретін де ерекше қасиеті болды. Мінезі шәлкес, атағы  дардай өнер адамының қай-қайсысы келсе де, Абдошпен арадағы әңгімеден соң, әлгі жұлдыз біздің сахна төрінде ән сап тұратын.

Қазіргі кезде «Индерде оркестр болмаған» деген пікірлерді естіп, жаным жараланады. Болғанда қандай! Академик А.Жұбанов: «мынадай шағын ауылда тамаша оркестр, дүлдүл әншілер бар деп мүлде ойламап едім, ұялмай үлкен сахнада өнер көрсетулеріңе әбден болады» деп ақ батасын да беріп, сахнаға көтеріліп, оркестрге дирижерлік жасағанын көрген топтың өкілдері әлі де арамызда бар емес пе?

Абдолла – нағыз өнер иесі еді. Ол күміс көмей әнші, дарабоз күйші, талғамы жоғары сазгер болуымен қатар, сатирик болды. Қай жерде жүрсе де, ойына оралған ұйқас-әуендерді жалма-жан шағын блокнотына түртіп қоятын. Бірнеше әннің және «Салтанат» күйінің авторы. Сол күйдің екінші сағасы біздің үйде жазылғаны да тарихқа айналып бара жатыр-ау. Жаңа шығарманы орындап, бәрімізге таныстырып отырған Абдоштың күйі кілт тоқтап, соңына жетті дегенде бәріміз демімізді ішімізге алып, ары қарай жалғасы болуын күтіп ентелей түстік. «Абдош, мынаның жалғасын жазуың керек». Бәріміз шулап қоя бердік. Қолына нота дәптерін алып, сәл ойланып отырды да, «Салтанатты» жалғастырып кете барды. Сол секілді «Шопан әні» деген туындысы да жол үстінде жазылғанына біз куәміз. Нағыз дарын деген осы емес пе?! Кейін осы әнді Алматы сахнасында алғаш рет орындап, ыстық ықыласқа мен де бөленген  едім. Абдош өмірден өткен соң, бұл туындыларды «оныкі емес» деп дау айтушыларды естігенде, бармағымызды тістегеніміз жасырын емес, әттең!

Бірде алыстағы малшы ауылдарды аралағанда «ертең барармыз» деген Абдоштың сөзіне болмай, менің айтуыммен ақыры сол күні түнделетіп жолға шыққанбыз. Сақманшыларға концерт қойып болып, қайтар жолда қатты дауылдан Каспий тасып, жолды су шайып кетіпті. Бәріне кінәлі – мен. Сол жерде басқа адам болса, мені жерден алып, жерге салар еді. Абдош олай етпеді. «Саған наказание – таңға дейін ән саласың» демесі бар ма?!

Оның тағы бір таңғаларлық қасиеті «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, ел ішінен, ауыл-аймақ арасынан талантты жандарды іздеумен жүретін. Бірде Индердің поштасына бас сұғып, телефонмен тілдесіп отырған қыздың дауысын естіп, «кешке клубқа келіңізші, дауысыңызды тыңдап көрейін» депті. Ол ат-тонын ала қашып, «маған қайдағы әншілік» десе керек. Бұл болса қадалып тұрып алады. Сөйтіп, ерінбей еңбектенудің арқасында сол қызды сахнаға шығарып, облыстық байқаулардан жүлделі орын алатын жағдайға жеткізді. Сол әнші қыз – қазір зейнеткер Марал Диярова.

Шыны керек, кей сәттерде маған Абдолла кеткесін өнер жетімсіреп қалғандай көрінді. Сондай бір қысылған шақта 1973 жылы Мирас Қибашев деген азамат саланы оңалтуға бар күшін салды, Абдоштың ізін басып, ісін жалғастырды.

Ал, Абдош өз өнерінің арқасында аудан бойынша бірінші болып «ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағын алды. Қылшылдаған қырығына да жетпестен, өмірден тым ерте өткен азаматтың артындағы мұрасын жаңғыртып, дәріптеу – кейінгілердің ісі. Бұл ретте оның «Салтанатын» әуелетіп, концерттерге қосып тұрсақ жақсы болар еді. Туған күнінде еске алып, арнайы байқау ұйымдастырсақ та артық етпес еді-ау? Өзі тұрған үйіне тақтайша қондырсақ та сауабы мол іс болар еді деген тілек-ұсынысымыз да жоқ емес. Қалай болғанда да Абдолла Мусағалиев сынды тума дарын, өнерсүйер қауымға есімі етене таныс ізгі жанның рухы разы болар тірлік қылсақ жөн болар еді…

Ұлдай АМАНҒАЛИЕВА,

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, республикалық дәрежедегі зейнеткер,

Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*