ӨНЕРГЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН…

 

Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Алма Андарбаева есімі елге әйгілі күйші, Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтың жанұясында дүниеге келген. Отбасындағы тұңғыш бала бол-ғандықтан, махаббат пен мейірімге кенде болған жоқ. Өзінен кейінгі іні-сіңлілерін қамқорлап, оларға әр істе тиянақты болуды үйретіп, жауапкершіліктің не екенін ұқтырды.

Өнерлі отбасы болғандықтан, қазақтың біртуар дарындары осы үйге жиі жиналып, қонақ болатын. Ол отырыстардың өзі ерекше еді. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды қазақтың жезтаңдай әншілері өз репертуарындағы әндерді орындап, отырысты көтеретін. Дауылпаз ақын Хамит Ерғалиев, абыз ақын Әбу Сәрсенбаевтар өздерінің тәрбиелік сөздерімен өнеге беретін.

Жастайынан өнерге жақын болып, өнер корифейлерінің жанында жүрген Алма мектепте белсенді оқушы болды. Кездесу кештерін жиі ұйымдастырып, онда өзі танитын әншілерді шақырып, сыныптас құрбылары мен ұстаздарын тәнті етуден жалықпайтын. Бірде тіпті атақты Бауыржан Момышұлын да кездесуге әкелгені есінде.  Өнердің жүктейтін қиындығы мен өнер жолына түсу үшін белгілі бір құрбандықтарға бару керек екенін білетін ол домбырада жақсы ойнап, басқа да аспаптарды тым тәуір тартқанымен, басқа мамандыққа баруға тәуекел етті. «Сахнаға шығу үшін көрерменді таңғалдыратындай өнер болуы қажет. Әйтпесе, екі қазақтың бірі үйінде домбыра шертпей ме?» дейді өз сөзінде. Осының астарында да үлкен жауапкершілікті сезіну, өнерге деген шынайы құрмет жатыр емес пе?! Әйтпесе, бүгіндері атағы әйгілі ата-анасының беделі мен абыройын пайдаланып, өнер жолына түскендерді жиі көріп те жүргеніміз рас.

Кәмелеттік аттестатын   қолға алған жас қыз ойланбастан Алматы халық шаруашылығы институтының экономистік факультетіне құжатын тапсырды. Бұл  1977 жыл еді. Көп ұзамай есепші-экономист мамандығы бөлімінің студенті атанды. «Думаны мол студенттік кездер-ай, Таң атқанша ұйықтамайтын, ұйықтамайтын таласып» дегендей, бұл күндердің қызығы мен қуанышы ерекше жылдар ғой, шіркін! Дүркіреген киіктей, жосылып қашқан күндер-ай десеңізші!

Жастық шақ – жүректегі ыстық жалын,

Шығарар түк қалдырмай сырдың бәрін.

Кім ойлап, кім сағынбас, көрмей жүрсе,

Бірге оқып, бірге жүрген жолдастарын,- деген ақын өлеңіндегі жолдар адам баласының көктеміндей жас дәуренге деген қимастықтан туған емес пе?!

Құдай-ау, қайда сол жылдар,          

Махаббат, қызық мол жылдар.

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау, құрғырлар, – деп ұлы Абай айтқандай, Алма да сол кезеңінде өмірлік жарын тауып, махаббат бесігінде тербелді.

Қазақстан Республикасы Орталық статистика басқармасында 1977 жылдан 1993 жылға дейін жұмыс жасады. Қолына алған нәрсенің ұқыптылықпен аяқталуына аса мән беретін ол қызметтестері мен әріптестерінің арасында абырой, бедел иеленді.

Ата салты мен дәстүрін қатты ардақтайтын Алма құда түсіріп, ата-баба жолымен ұзатылды. Қайын жұрты өнерімен елге әйгілі   Андарбаевтар жанұясы еді. Қайын атасы Самиғолла Андарбаев – Құрманғазы оркестрінің негізін салушылардың бірі.

Жары Кенжебай Андарбаев өнер адамы болғандықтан, ол әрдайым қасы мен қабағына қарайтын. Жаны нәзік, жүрегі сезімтал Алма өз өмірін, қызметін ұмытып, үй ішінің көңілінен шығуға тырысты. Сүттей ұйыған отбасында Құралайы дүниеге келіп, қызығы молая түскен. Әттең… Қуанышы келте болды. Аяғына жетпей үзілген әндей болған сол бір кезең – оның жүрегіндегі ең қымбатты қазынасы. Жары бақилық болғаннан кейін соңында қалған жалғыз тұяғы қарлығашын әке аманатына сай өсіру міндеті тұрды алдында. Өмір жолы осындай күйбең күндер тасасымен ақырын жылжи берер ме еді?! Алайда, 1999 жыл оның өміріне төңкеріс жасайтындай, шұғыл бетбұрыс кезеңі болды. Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиевті, академик Зейнолла Қабдоловты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, жазушы, композитор Илья Жақановты Атырауға шақырды. Сол лекпен бірге келген ол 2000 жылдан бері  Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы қызметін ат-қарып келеді.

Осы мекемеге басшылық еткен 15 жылдан астам уақыт ішінде облыс мәдениеті мен өнерінің өркендеп, еліміздің мәдени және рухани дамуына игі әсер еткені кәміл. Өңірімізде тек соңғы жылдардың өзінде бірнеше халықаралық, республикалық, аймақтық және облыстық дәрежедегі фестивальдер, сайыстар, көрмелер өткізіліп, олар ауыл мәдениетін көтеруге, ауыл өнерпаздарын сахнаға шығаруға мүмкіндік берді.  Ол басқаратын орталық ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелерді жоғары дәрежеде ұйымдастырып, көрермен көңілінен шығуда. 

Өнер саласында басшылық қызметте жүргеннен кейін кәсіби біліктілігін шыңдауды да ұмытқан емес. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін қоюшы режиссер мамандығы бойынша 2005 жылы бітірді. Оқу ешқашан да кеш болмайтыны сөзсіз. Шығармашылығын шыңдап, білімін көтеріп отыру нағыз іскер де тәжірибелі адамға тән. Үйренуден жалықпай, ерінбей еңбектенгенде ғана жылдар өз жемісін берері анық.         

Республикалық «Нұр Отан» партиясының мүшесі.  Жасөспірімдер мен жастардың өнер талантын ұштау жұмыстарымен айналысатын «Азикен» қоғамдық ұйымының тете президенті. Мәдениет пен өнер саласының сан түрлі жұмыстарындағы ауыр жүктерді қажымай көтергені рас. Соның нәтижесінде Атырау облысы өнеріне сіңірген еңбегі үшін 2005 жылы Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.  Ал, 2011 жылы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер атағына ие болды.

Қазіргі таңда Құралайы тұрмыс құрған. Күйеу баласы Әлібек – тәрбиелі, текті адамдардың ұрпағы. Әмірхан мен Жәңгірхан атты екі жиенін қызықтап отырған бақытты әже.  Адам өзін бақытты сезіну үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Тек, өмірдің мәнін біліп, өзіне қымбат адамдардың көңіліне қаяу түсірмесе болғаны.  Адамның ғұмырынан, денсаулығынан асқан бақыт, байлық жоқ екенін айтады Алма Әзидоллақызы. Ол талай өнерге құлаш ұрған жастың жолын ашты.

Ағын бермей зулаған өмір-мұхиттың ақжал толқынымен алысып, арман ақжелкеніңнің жағалауға жақындап қалғанын сезінбейтін сәттер болады. Өйткені, дауыл қақпақылымен әрлі-берлі қақшыған толқынның жетегінде кетпей, өз бағытын табуға ұмтылу оңай емес. Ол адамнан қырандай тегеурінділікті, алысты болжағыш көрегендікті талап етеді.  Өмір – тәжірибесіз шәкірттен ғұлама дананы тәрбиелеп шығаратын ең ұлы мектеп.  Біздің кейіпкеріміздің биікке ғана аңсары ауатын арманшылдығы мен жасымаған жігері осы ұлы мектептің дарынды шәкіртіне айналуына мүмкіндік бергені кәміл.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*