«ӨНЕРДЕН ҚУАТ АЛМАСА, ТІРШІЛІК ШЫРАҒЫ ӨШЕДІ…»

Қаршадайынан-ақ қолөнерге әуес болып өскен ол 1935 жылы Атырау облысы, Исатай ауданына қарасты Забурын селосының «Қарақұдық» деген ауылында дүниеге келген. Алғаш рет ауыл мектебінің табалдырығын аттап, кішкене күнінен суретшілік, әншілік, күйшілік өнеріне мойын бұрып, зергерлік өнерді меңгеруге талаптанады. Мыс пен күміс ақшалардан сақина жасау, сырға, білезік соғу, қазан шегелеу сияқты қолөнермен айналысып, ел арасында «шебер бала» атанған.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл іске деген сүйіспеншілігі әкесі Молдаштан көрген өнегесі болса керек. Ол атақты шебер ұста болмағанымен, өміріне керекті тұрмыстық бұйымдарды өз қолымен жасап алатын болған. Ал, анасы Күлсім сөзге шешен, ән салатын, домбыра тартқанды ұнататын көпшіл адам-ды. Ағасы Әнуарбектің де күй орындауда алдына жан салмайтын шеберлігі болғанын ескерсек, Арыстанбек Молдаш-ұлының өнерге деген құлшынысы өскен ортасы, ұшқан ұясынан десек, артық болмас.

1953 жылы мектепті тәмамдаған соң біржылдық есепшілер дайындайтын оқу орнына түсіп, оны 1954 жылы бітіреді де, еңбек жолынОрал-Балық жүзбелі зауытыныңесепші бөлімінде бастайды. Ал, 1957 жылы әскерден оралған соң мамандығы бойынша еңбек ете жүріп, балық комбинатының көркемөнерпаздар ұйымдарын құрауға негіз болады. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын ол өзі басы-қасында жүріп, ұжым мүшелеріне әдемі өрнектелген киім тіктіріп, 60 адамнан құралған хор, 40 адамнан тұратын домбыра оркестрін жасақтап, 20 мүшесі бар ән-би ансамбліне жетекшілік етті. Жаңа нөмір дайындау, репертуар әзірлеу сынды қым-қуат тірліктермен қоса, арнайы Алматыға барып, үш айлық, Мәскеуден бір айлық қысқа мерзімдегі курстарды оқып, Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов сынды саңлақтардан дәріс алып, білігін молайтты.

Бұдан соң, аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор, 1964-1969 жылдары Балықшылар мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарды. Сол кездерде облыстық мәдениет басқармасының мәдени-үгіт бригадасының құрамында Хаттар Дүйсемалиев, Тельман Мұсағалиев, Шайдолла Құспановтармен бірге концертке шығып, облыс балықшылары мен малшыларының ортасында жүріп, алғысқа бөленді. 1967-1968 жылдары Бакуде екі рет, 1969 жылы Астраханда өткен халықаралық форумда балықшылар ұжымы атынан концерт қойып, облыстың, республиканың мерейін тасытты.

Өз ісіне аса бір талғампаздықпен қарайтын Арыстанбек Молдашұлының қолынан шыққан дүниелер жоғары сұраныста болатын. Бұл орайда Гурьев (Атырау) облысынан республика съезіне баратын делегаттардың өңіріне тағатын төсбелгіні, Гурьев облысының алғашқы эмблемасын жасап, осы еңбегі үшін БЛКЖО Орталық комитетінің  «Юбилейный» төсбелгісімен марапатталғанын айта кеткен артық болмас.

1969 жылы Гурьев педагогика институтын бітіріп, Балықшы аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, кейін Балықшылар мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған.

Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры болған кезде қолөнер шеберлерінің орталығын ашып, әртүрлі бұйымдар шығаруға басшылық етті.

Ұлы жеңіске 40 жыл мерекесінде қоюшы режиссер, бас суретші-декоратор ретінде театрландырылған көріністер ұйымдастырып, жауға қасқая қарсы тұрған жауынгерлер ерлігін шынайы суреттегені үшін Бүкілодақтық фестивальдың лауреаты атағын алып, төсбелгімен марапатталды.

Бұдан соң да Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында басшының орынбасары, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметін атқарып жүргенде Абай мен Жамбылдың – 150, Құрманғазының – 175, Махамбеттің 200 жылдық тойларында көрмелерге қатынасып, қолөнер шебері ретінде жеңімпаз атанған. Республикалық «Үкілі домбыра» сайысында және басқа да қолөнер шеберлерінің республикалық байқауларында жүлделі орынға ие болып, дипломдармен марапатталған. 

2000 жылы ақын, жазушы Ф.Оңғарсынованың 60 жылдық мерейтойына арнап облыс әкімі және облыстық білім беру департаментінің тапсырмасы бойынша Қорқыттың «Қыл қобызы» атты кәдесыйды қорапшасымен дайындады. Осы жылы ІІ республикалық «Ертеңім елім – Елбасым» патриоттық ән және ұлттық өнер фестивалінде «Әбіш баба» атындағы бас жүлдені жеңіп алып, «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Осындай ірі көлемді облыстық, республикалық байқауларға қатынасып, көрмелер ұйымдастыруға ұйытқы болған шеберге «Халқымыздың ұлттық өнерін түгел меңгерген әмбебап табиғи дарын иесі»деген халық тағайындаған атақ оның өнерге деген құлшынысын арттыра түсті. Ал, ресми түрде берілген «ҚР Мәдениет қайраткері» атағы –оның еңбегі бағалануының шынайы көрінісі. 

Өмірінің соңына дейін «өнерім – менің өмірім» деп қолөнерді жанына серік еткен Арыстанбек Молдашұлы жары Мәрия Бозбалақызымен бірге ұрпақтарына өз ісі мен өмірлері арқылы үлгі бола білді. Қарапайымдылық сынды қанға сіңген қасиеті арқылы үлкен өмір мектебін қалыптастырып, ғұмырының соңына дейін М.Әуезовтің «Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деген қағидатын айқын бағдарына балап өтті.

Былтырғы жылы, 79 жасқа қараған шағында көз жұмған кәсіби өнер иесінің қолынан туындаған ұлттық нақыштағы дүниелер ұрпақ бойындағы ұлттық намысты жанитын, болмысымызды баянды қылатын жәдігерлер ретінде мәңгі жадыларда сақтала бермек…

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*