ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ӨМІР

Сонау 1978 жылы Қатимолла Ризуанов Индер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып келді, мен ол кезде Индер ауданы орталық ауруханасының қатардағы жас дәрігері болатынмын, ол кісі келісімен ауыл-селоларға жастардан үгіт-насихат бригадаларын ұйымдастырды. Дәрігерлер арасынан дербес үгіт бригадасы құрылып, ауылдарға, алыс мал жайылымдарға шығатынбыз, тұрғындарды, әсіресе тұрмыстары ауыр малшылардың денсаулығын қарап, оларды медициналық байқаудан өткізетінбіз. Кешкісін оларға арнап концерт қоятынбыз. Жылжымалы рентгенфлюро машина, клуб, дүкен – бәрі бізбен бірге жүретін, сол күні сол ауылда кішігірім мереке болады. Келген соң әр ауыл тұрмысы, әр малшы туралы есеп беретінбіз. Осылайша әрбір адам тағдырына үлкен жауапкершілікпен, әр ауылдың қажетіне, әр адамның мұқтажына үлкен ыждағатпен қарайтын, оған өз уақытын аямайтын Қатимолла Ризуанұлы біздерге елдің әкесі сияқты көрінетін.
Аудандағы әлеуметтік салаға ол тікелей басшылық жасады, сол жылдары осы сала зор табыстарға жетіп, облыс деңгейінде ауыспалы Қызыл Туды бірнеше дүркін жеңіп алды. Ауданда жас мамандарға барлық жағдай жасалды, оларға бірінші кезекте үй берілді, балабақшамен қамтылуда ешбір қиындық көргеніміз жоқ.
Барлық сала дамыды, соның ішінде медицина саласы ерекше өрлеуде болды. Аудан тарихында алғаш рет офтальмолог, отолоринголог, невропотолог, дермато-венеролог, эндокринолог, гастроэнтолог, психиатр, неонантолог, реаниматр, анестизиолог мамандары келіп, тұрғындарға медициналық көмектің 22 түрінен маманданған көмек жасалды. Тұрғындар облыс орталығына сабылмай, емді жергілікті жерден-ақ алатын болды. Әлеуметтік көрсеткіштердің барлығы да жақсы деген баға алды, тұрғындардың орташа өмір сүру жасы ұлғайды, жалпы өлім де азайды.
Ал, туберкулез ауруымен күресті ұйымдастыруға республикалық туберкулез институтын шақырдық, аудан үкіметтің қаулысымен олардың практикалық базасы болып енді. Республикалық туберкулез институтымен қатар, Москваның, Ленинградтың туберкулез институтының қызметкерлері және республикамыздың Тағам институты осы іске жұмылдырылды. Аймақта олар бес жыл бойы жұмыс жасады, аудандағы туберкулезге бейім топтағы балаларға жазғы демалыс кезінде жаппай сауықтандыру лагерьлері ашылды, олар екі ай бойына бес мезгіл тамақ ішіп, әрі емін алды. Сол балалардың бірде-біреуі кейіннен туберкулезбен ауырған жоқ, сөйтіп туберкулезбен аурушаңдық әр 100 000 тұрғынға шаққанда 470-тен 77-ге дейін төмендеді. Аудандағы өндіріс, кәсіпорын, совхоздардың қаржысын біріктіріп, 80-жылдардың аяғында облыста жоқ күрделі медициналық диагностикалық емдеу құралдары алынды. Міне, осы істің бәрінің басы-қасында Ризуанов Қатимолла жүрді. Ол елім дегенде ішкен асын жерге қоятын, елге берген уәдесін орындайтын, бірсөзді, өте ұстамды, лауазымын пайдаланып, ешкімге даусын көтермейтін, адамгершілік қасиет, ар-намысты биік ұстаған, нағыз мемлекеттік қызметкерлердің эталоны тәрізді көрінетін.
Еліміздің егемендігін алған алғашқы жылдары бірінші рет шақырылған, тұңғыш облыстық мәслихаттың ұйымдастырушысы, облыстағы 150 округті біріктіріп, оны 27 округ қылып қайта құрып, сайлау өткізіп, оның алғашқы депутаты, сол мәслихаттың алғашқы хатшысы қызметін де атқарды.
Тоқырау жылдары қырда отырған малшыларды электр қуатын тасымалдау шығынын өтей алмауына орай электр қуатынан жаппай ажыратып тастады, олар бір мезетте электр жарығынсыз, тоңазытқыш, теледидарсыз қалды, жұрт бар малын сатып, қырдан ауылдарға көше бастады. Оларға әзір тұрған үй де, жұмыс та жоқ еді, шопандардың кейбірі тіпті ауырып ауруханаға түсті, осы күрделі мәселені тез арада шешу мәселесі тұрды алда. Бірінші кезекте электр қуатын жеткізу керек. Бұл мәселе мәслихатта қаралып, қарсылықтарға қарамастан малшылардың көп шоғырланған қыстақтарының орталығынан фельдшерлік-акушерлік пункттерді тұрғын үйімен салу, ал электр қуатының тасымалдау шығынын жергілікті бюджет есебінен сол фельдшерлік пункттерге төлету шешілді. Осы шешімнің арқасында Сыралы, Ынтымақ, Көктөбе, Қызыл-Жар мен Құрылыста, Кетебайда ФАП-тар салынды, қырда отырған малшылар балалары арасынан медицина колледжіне жолдама беріліп, фельдшерлер даярланды. Осының арқасында малшылардың үдере көшуі тоқтады. Оларда жаңа үкіметке сенім пайда болды. Сол фельдшерлік пункттер Индер ауданында әлі күнге жұмыс жасап тұр.
Қатекең кейіннен облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалып, депутаттық жұмысын кері тапсырды. Облыстық деңгейдегі үлкен лауазым иесі бола тұрып, ол қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін ұмытқан жоқ, оларды ұдайы сұрап, біліп отыратын, ол әдетінен әлі күнге тайған емес. Сонымен қатар, Қатимолла Ризуанұлының жанұясы, жолдасы, балалары, жалпы оның жеке басының тұрмыс-тіршілігі көпке үлгі боларлықтай. Жасы 75-ке келсе де қоғамдық жұмыстан калған емес. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол – Құрмет орденінің және бірнеше медальдың иегері. Облыстың, Индер ауданының Құрметті азаматы.
Халықтың жүгін қайыспай көтерген, қай салада болмасын, еңбегімен көгерген ерен азамат – Қатимолла Ризуановтың өнегелі өмірінің келер ұрпаққа берері мол. «Жақсының жақсысын айтып, нұрын тасытатын» қазақ халқы – асыл ұлдарын ұлықтай білген ел. Облыс жұртшылығы үшін құрметті тұлға, халқының нағыз азаматы бола білген ол 75 жастың белесін еңсеріп отыр. «Өмір – өзен» десек, сол қиындығы мен қызығы қабат келетін дария тасқынында ол адалдық атты адастырмас шамшырағын алға ұстап, еркін жүзе білді.

Ғазиз ЕСҚАЛИ,
Атырау қалалық №7 емхананың бас дәрігері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*