Он сегізде от кешкен…

Ер етігімен су кешкен соғыста атаның аманатын, ананың арын жау аяғына таптатпаған майдангердің бірі – Нәси Өткелов.

тұлға

Гурьев облысы Мақат ауданында 1924 жылы дүниеге келген ол, 1942 жылы тамыз айында қалалық әскери комиссариаттың шақыртуымен майдан даласына аттанды. Алдымен, Оңтүстік-Урал әскери округіне, Чкалов қаласында (қазіргі Оренбург қаласы) артиллериялық зеңбіріктерді игеруде қысқаша оқу-жаттығу курсынан өтеді. Сонан соң сержант Нәсиді Калинин майданына жібереді.

Сол уақыт Великие Луки қаласын азат ету және Невельді басып алу операцияларын іске асыруда ауыр шайқас-тар өтіп жатқан кез болатын.

Майдан даласында жан-жақтан қарша бораған жау оғынан аман қалуың екіталай. Осындай аласапыран сәттің бірінде 1943 жылдың 22 маусымында Совакино елді мекені маңында болған шайқаста Нәси жарақат алады. Әйтсе де, туған елдің тағдырына алаңдаған жауынгер  майдан даласына қайта оралады.

1945 жылы 25 ақпанында 2-ші Балтық майданының 5 батарея зеңбірік нысаналаушысы сержант Н.Өткелов «Ерен ерлігі үшін» медальімен марапатталады. Ол соғыс аяқталар жылы 17-19 ақпан аралығындағы шабуылдау операциясын жүргізу кезін-де жаудың бақылау бекетін бұзған. Сонымен қатар, кеңес жаяу әскерлерінің шабуылдауын отпен қолдай отыра неміс взводын талқандаған. Осы шеберлігі үшін оған екінші мәрте «Ерен ерлігі үшін» медалі беріледі. 1945 жылдың алғашқы айларында фашисттердің Курляндия тобын қоршауын жүзеге асыруына қатысып,  Жеңіс күнін Кенисберг қаласы маңында қарсы алады.

Нәсиге 1945 жылдың соңында кіші лейтенант шені беріліп, зеңбірек взвод командирі ретінде №19120 әскери бөліміне жіберіледі. Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен Кеңес үкіметі елдегі тұрақтылықты нығайту мақсатында әскердің кейбір құрамдары жауынгерлік қатарда болған еді. Осыған байланысты, Нәси 1948 жылға дейін Украинаның Луцк қаласында Кеңес армиясының құрамында болады. Осылайша елге алты жылдан кейін оралады. Кенбай ауылындағы ата-анасының жанына келген соң, өмірлік серігі Қалампырмен отбасын құрады. Кейін Мақат станциясының Бәйгетөбе елді мекеніне қоныс аударған майдангер Мақат станциясындағы Мақат локомотив депосының жүргізушісі болып еңбек етті.

Мәлике МӘЛІК

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*