ӨМІРШЕҢ ҚҰЖАТТЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында өркениеттің шыңына жетуді мақсат ететін және оның жолдарын нақты белгілейтін кешенді бағдарлама ұсынды. Қоғамдық өмірдің түрлі саласын қамтыған аталмыш құжатта ғылым, білім және жастар мәселесі ерекше орынға қойылған. Сондай-ақ, мемлекеттің қуаттылығы еліміздің әр аймағында тұрып жатқан халықтың әлеуметтік тұрмысымен өлшенетінін атап айтқан Елбасы Үкіметке өңірлерді дамыту ісімен шұғылдану керектігін жүктеді. 

Осы бағытта Атырау облысында да игілікті істер атқарылуда. Атап айтқанда, қала мен аудандарда балабақшалар салынып, жаңа мектептердің құрылысы аяқталуда. Жолдардың күрделі жөндеуден өтуі айрықша қуантады. Болашағымыз – жастарға да көңіл бөлініп, олардың  әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Облыс әкімдігінің бастамасымен жастардың баспана мәселесін шешудің тиімді жолдары белгіленіп, «Жас отау» бағдарламасы жүзеге асып отыр. Студенттердің жолақысы жеңілдіктері қарастырылып, бұл мәселе де өз шешімін тапты. 

Стратегиялық құжаттың алтыншы бағытында Елбасы «біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» деген сауал тастай келіп, 2020 жылға қарай, Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен 100 пайыз қамтуды, оларға білікті мамандар мен заман талабына сай әдістемелерді ұсынуды, жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізуді міндеттеді.

Біздің алдымызда ғылымды қолданысқа, отандық өндіріске енгізу міндеті де тұр. Сол себепті бүгінгі таңда білім сапасын көтере отырып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру маңызды. Зияткер ұлт қалай қалыптасады? Біз мұны оқушыларды тәрбиелеуден бастауға тиіспіз. Осы орайда мынаны айтқым келеді. Соңғы екі жылда жүздеген студенттер мен магистранттар, оқытушылар «Болашақ» бағдарламасы арқылы өз білімдерін Еуропаның ірі университеттерінде жетілдірді. Бұл үрдіс Болон декларациясына сәйкес тұрақты жүргізіледі.

Университетімізде жастар тәрбиесі саласында да тындырылған істер аз емес. Жастарға патриоттық тәрбие беру және жемқорлықпен күрес жөнінде жасалған арнайы бағдарламаларға  сәйкес, әрбір факультет пен кафедра ұжымы қыз-жігіттердің ой-өрісін кеңейту, отансүйгіштік сезімін күшейту, парақорлықтың алдын алу жолында жүйелі жұмыс істеп келеді. Жолдауға сәйкес бұл бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жұмысымыздың мазмұнын жаңа шаралармен байыта түспекпіз. 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын университет ұжымы, студенттер білім, ғылым және тәрбие салаларына жасалған үлкен қамқорлық ретінде қарсы алды. Ендігі басты міндет – Президент алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру болып табылады.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік 

университетінің доценті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*